12.06.2013
Партиялық бақылау бекеті жол полициясында

Маусымның 7-сі күні «Нұр Отан» партиясының облыстағы бақылау бекеттерінің саны тағы біреуге толықты. Ол қаладағы жол полициясы басқармасында ашылды. Енді тұрғындар жол сақшыларының қызметіне қатысты арыз-өтініштерін осы қосынға тапсыра алады.

    Қалалық жол полициясы бөлімінде ашылған "Нұр Отан"партиясының бақылау бекеті облыстың құқық қорғау органдарындағы алғашқы қосын. Партиялық бекет көліктерді техникалық бақылаудан өткізу сияқты  жол полициясы бөліміндегі жұмыстарды қадағалайтын болады. Аталмыш қосын екі жақтың өзара келісімдері арқылы жүзеге асырылып отыр.

  – Кез-келген жұмыста кедергілер кездеседі. Біздің мақсатымыз соларды бақылап, алдын алуға жағдай жасау. Бұл партиялық бақылау бекеті екі жаққа да қолайлы болады деп ойлаймын, – дейді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров. Бекет құрамы үш адамнан тұрады. Бақылау бекетінің жетекшілігіне М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, облыстық мәслихат депутаты Асхат Иманғалиев  бекітіліп, арыз-шағымдар жәшігінің кілті тапсырылды. Ал облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және облыстық партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Әліби Сүндетов партиялық бақылау бекеті жетекшісінің көмекшісі болып сайланды.   – Партиялық бақылау бекетінің негізгі мақсаты жол полициясы қызметкерлерімен бірге қоғамдық бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңбұзушылыққа жол бермеуге атсалысу. Әрине, партиялық бекет болашақта жол сақшыларының жұмысының жандануына ықпал етеді деп білемін. Ол үшін осы басқарманың мәселесін облыстық мәслихаттың сессиясында қарап, шешімін табуға атсалысуымыз керек, – дейді Асхат Сәлімұлы.  

Облыстағы партиялық бақылау бекеттерінің жалпы саны  101 болса, оның 13-і қалада орналасқан.  Жол полициясы бөлімінде ашылған қосында  тұрғындардың талап-тілектерін қабылдайтын арнайы жәшік қойылған. Ол айына екі рет қаралып, әр арыз иесіне нақты жауап қайтарылмақ.

Облыстық ІІБ бастығының орынбасары  Берік Өтеулин:  – Енді "Нұр Отан" партиясы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Бұл тұрғындардан түскен өтініштерді бірлесіп қарап, ортақ шешім шығаруға септігін тигізеді, – дейді.

Жаңа ашылған партиялық бақылау бекетіне кез-келген тұрғын жол полициясы қызметкерлеріне қатысты мәселелер бойынша келе алады. Ол күнде  таңғы  сағат 9-дан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ онда сенім телефондары да бар.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА