19.09.2013
«Сапалы өнім – 2013» жеңімпаздарын анықтады

Қыркүйектің он төртінде Д.Нұрпейісова көшесінде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Сапалы өнім – 2013» азық-түлік тауарларын өндірушілерінің YII қалалық көрмесі оздырылды. Қала күні мерекесіне орайлас ұйымдастырылған көрмеге өңірімізден 30-ға жуық кәсіпорын өкілдері қатысып, нарықтық бәсекеде бақ сынасты.

Жыл сайын ұйымдастырылатын  байқау-көрменің басты мақсаты – кәсіпорындар мен зауыттардың қызмет белсенділігін, отандық тауарлардың сапасын арттыру,  сондай-ақ тұрғындарды сапалы әрі тиімді өніммен қамтамасыз ету  болатын. Бұл күні көрмені облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, қала әкімі Алтай Көлгінов және қала күні мерекесіне арнайы келген қонақтар тамашалады. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Ринат Шауенов бәсекелестікте бақ сынаған кәсіпкерлер өніміне баға берді.

Осы орайда кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Ринат Шауенов: – Өнім сапасы – өнімнің жарамдылығын сипаттайтын сапалық қасиеттердің жиынтығы. Өнімнің тұтынушылық қасиеттері тұтынушылардың нақты сұранымын қанағаттандыруға бағытталған. Қолданыстағы стандарттар талаптарына сай келетін өнім тұтынуға жарамды деп есептеледі. Ал талаптарға сай келмейтін өнім сапасыз өнімнің қатарына жатады. Жоғары сапалы өнімде жақсартылған немесе жаңа тұтынушылық қасиеттер болуға тиіс. Ал өнім сапасына қойылатын талаптарды тұтынушылар, сарапшылар, дайындаушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар қалыптастырады. Өнім сапасын жақсарту – өндірістің тиімділігін арттырудың  маңызды шарты. Ал оны арттыруға еңбектің саналы түрде ұйымдастырылуы, технологиялық үдерістердің ойдағыдай жүргізілуі,   шикізаттың сапасы әсер етпек. Аталмыш шара азық-түлік өндірушілерінің сапалы өнімдерін тек облыс, республика шеңберінде ғана емес, яғни сыртқы нарыққа, экспортқа шығаруға қолдау көрсету бағытында өткізіліп отыр, – деді. Айтулы шара барысында өңірдің үздік тауар өндіруші кәсіпорындарының көрмесіне қатысушылар санының артып келе жатқанының куәсі болдық. Бұлардың қатарында өз тауарларын шетелге шығарып, отандық тауар өнімдерінің беделін асқақтатып жүргендері де бар.

– Облысымызда ұйымдастырылатын бұл көрменің біз үшін маңызы зор. Өңірде өндірілетін өнімдерге қолдау жасау негізінде өткен байқауда әрбір зауыт, кәсіпорын өздері шығаратын тауардың бағасы мен сапасын жұртшылық назарына ұсынуда. Байқауға қатысатын үміткерлерге қойылатын талап та жоғары. Бүгінгі көрмедегі өнімдердің барлығы жоғары деңгейде. Көбісі ұн, макарон, күнбағыс майы, шұжық өндіретін ірі-ірі кәсіпорындар болса, оның сыртында кондитерлік өнімдердің өзі алыс-жақын шетелге, көршілес Ресей қалаларына тікелей өткізіліп жатыр, – дейді көрмені ұйымдастырушы Айгүл Мұқанова.

Шағын және орта бизнес нысандарының өзара әріптестігін нығайтып, отандық тауар өндірушілердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мақсатында өткізілген көрмеге қатысушылар да тауарларының үздіктер қатарынан табыларына сенімді. – Біз өндіретін ет өнімдерінің сапасына ешкім шүбә келтіре алмайды. Өйткені, біз ешқандай зиянды қоспаларды пайдаланбаймыз. Қалбырдағы ет және ет өнімдері өндірісі үшін заманауи технологиялар қолданылады. Бүгінде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  кәсібіміз алға басты, – дейді кублейліктер. Қазір ет, балық өнімдерін консервілеуде алдыңғы қатардан орын алып отырған бұл өндіріс орны сапасы мен саны жағынан Қазақстанның барлық аймағын қамтып отыр. Жаңа технологиямен жабдықталған өндіріс орнында жоғары білікті мамандар жұмыс жасап тұтынушыларға сапалы және табиғи өнім ұсыну жолында жұмыстанып келеді. Серіктестіктің инвестициялық стратегиясы өз өнімдерін әрдайым сапалы түрде өндіруді және өнім түрлерін арттыруды көздейді. Осының арқасында кәсіпорын түрлі халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып, өз өнімдерін тек республика көлемінде емес, әлемдік деңгейде тұтынушыларға таныстырып келеді.  Байқағанымыздай, «Кублей» ЖШС-ның ет консервілерінің сапасына жұрт риза. Жапа-тармағай кезекке тұрып, сатып алуда.

Байқауда бақ сынаған кәсіпорындардың бәрінің дерлік нарықта өз орны бар.  Мысалы, «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ өндіретін өнім тек елімізде ғана емес, өзге аймақтарда да үлкен сұранысқа ие. Комбинат мемлекеттік бағдарлама аясында былтыр №2 макарон фабрикасын ашып, өндіріс көлемін кеңейткен. Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директоры Мұрат Жаңатауовтың айтуынша, бастапқыда қысқа макарон өнімдерін шығарған кәсіпорын жұмысын одан әрі дамыту үшін екінші макарон фабрикасын ашуды қолға алған. Бұған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 2,5 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылыпты. Бұл қаржы жаңа өндіріс орнын жабдықтауға жұмсалған. Цех түгелдей италияндық құрал-жабдықтармен өнім шығаруда екен.

 – Мұндай байқау-көрменің жыл сайын ұйымдастырылуын құптаймын. Себебі, өнім өндірушілер тауарының сапасын сынатып, жаңа әріптестер табады және тапсырыстар алады. Серіктестіктің құрылғанына екі жыл болды, бірақ өнімімізді экспортқа шығарып жүрміз. Нәтиже жақсы, сұраныс басым. Аз уақыт ішінде фабрика жоғары жетістікке қол жеткізді, – дейді көрмеге қатысушы жергілікті «Казкон» кондитерлік фабрикасының директоры Марат Қаженов. Айта кету керек, соңғы жылдары ғана өз өнімдерін жұртшылыққа ұсына бастаған фабриканың өнімі сапалы әрі бағасы да тиімді. Байқау қорытындысында төрешілердің шешімімен «Сапалы өнім - 2013» азық-түлік тауарларын өндірушілерінің VІI қалалық көрмесінде ет өнімдері бағытында жүлделерді «Сапалы өнім» номинациясы бойынша «Кублей» ЖШС( I орын), тәтті тоқаштар бағытында «KAZKON» кондитерлік фабрикасы (II орын), нан өнімдері бағытында «Белес» АҚ (III орын) иеленді.  «Сапа дәстүрі» номинациясында тәтті тоқаштар бағытында «Исаев» ЖК (ІІ орын), ет өнімдері бағытында  «Валиев Г.Ш.» ЖК (IIорын), «Агропродукт ЛТД» ЖШС (III орын),  «Желаев АӨК» АҚ (І орын) жеңімпаз деп танылды. Ал макарон өнімдері бағытында «Сапа дәстүрі» номинациясы бойынша  «Чиров В.И.» ЖК екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ таза ауыз суы бағытында І орынға «Эпсилон» ЖШС лайық деп танылды. ІI орын «Фирма Родник» ЖШС-ға, ІІI орын «ОралИнвестКом» ЖШС-ға тиесілі болды. Торттар бағытында «Балзия» ЖШС өнімдеріне ешкім тең келмеді. ІІ-III орындарды «Исаев Х.Х.» ЖК мен «Королева Е.А.» ЖК бөлісті. «Прогресс» ЖК «Тұтынушылар сүйіспеншілігі», «Талап» АҚ «Көрменің үздік экспозициясы»,   «Орал құс фабрикасы» ЖШС, «Жастық» агрокешен ЖШС, «Нұржанар» АҚ  «Орал маркасы» аталымдарымен марапатталды. Байқау жеңімпаздарына арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Өңірде осындай жоғары сапалы, халықаралық стандарттарға жауап беретін өндіріс ошақтарының молаюы – аталмыш көрменің негізгі міндеттерінің бірі.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
Ардақтың суреттері