12.09.2013
ЖОБА «НЎР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫЅ САЯСИ ДОКТРИНАСЫ «НЎР ОТАН. НЎРЛЫ БОЛАШАЌ ЖОЛЫНДА!»

Мазмұны:

1.«Нұр Отан» партиясының ХХІ ғасырдағы миссиясы

2.Біздің құндылықтарымыз 

3.Азамат және мемлекет: өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттары

-  Азаматтарға қызмет ететін мемлекет  
-  Жауапты азаматтық қоғам  
-  Әлеуетті әрі белсенді азаматтар бірлестігі 

4.Жаңа бағыттың мақсаттары: табысты дамудың жеті факторы

-  Бірлік пен келісім
- Төл мәдениет және руханият
-  Қуатты экономика
-  Әділ әлеуметтік саясат
-  Зияткер ұлт
-  Тиімді мемлекеттік басқару
-  Әлемге ашық Қазақстан

5. Партияның тарихи жауапкершілігі 

1. «НҰР  ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ  ХХІ  ҒАСЫРДАҒЫ МИССИЯСЫ

«Нұр Отан» –  бүкілхалықтық партия. Бізге  ел тағдыры үшін жауапкершілік жүктелген. Партия құрылған күннен бастап экономика мен саясатта  ауқымды  реформаларды тұрақты  түрде  жүзеге асырып, адамның, қоғамның  және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдайлар жасап келеді.

Біздің күш-қуатымыздың басты нәтижесі – Елбасы басшылығы арқасында  Қазақстан  халқымен  бірге  «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын жүзеге асырылуы болды.

   Біз бүгінде мемлекеттілікті құру жөніндегі тарихи міндетіміздің орындалғанын мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан – экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтік жүйесі  тиімді қуатты мемлекетке айналды.

Бірақ  бұл  жетістіктерге қарамастан,  біз  одан  әрі  дамуға ниеттіміз. Әлемдегі  ғаламдық  құбылыстар  жаңа  бір қатерлерді қалыптастырады.  Бәсекелестікті  сақтау,  елді  дамыту  ісінде  жаңа нәтижелерге  қол  жеткізу  үшін  Елбасы  «Қазақстан-2050» Стратегиясын іс-қимылдың болашаққа бағытталған жоспары ретінде ұсынды.

«Нұр  Отан»  партиясы –  Елбасының  барлық  стратегиялық бастамаларын  іске  асыру  жолындағы  тірегі,  басты  көмекшісі.

Еліміздің ХХІ ғасырдағы даму мүмкіндігін айқындайтын «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді  іске асыру  жолындағы  партияның  рөлі осы Доктринада айқын көрініс тапты.

Біздің  миссиямыз  –  дамудың  эволюциялық  жолын қамтамасыз ету,  сондай-ақ,  өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі  әлеуметтік  бағдарлы  мемлекетті құру.  Мұнда  әрбір мақсаткер, еңбекқор және заң тәртібін сақтайтын азамат табысқа жетіп, өзіне де, қоғамға да пайда келтіреді.

2.  БІЗДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ

Біздің идеямыз – Қазақстанды өркендету

Елбасы  және ол  жетекшілік  ететін «Нұр  Отан»  партиясы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап экономикалық либерализм мен  әлеуметтік  конверватизм  тоғысқан  центризм  саясатын іске асырып келеді.

Біз алдағы кезеңде де осы идеологияға жүгініп, экономикалық және саяси өзгерістерге, қоғамның топтасуына, сондай-ақ, қуатты әрі өркендеуші мемлекеттің  қалыптасуына  жан-жақты  ықпал  ететін боламыз.  Осы  орайда,  біз  қоғам  мен  елдің  дамуына арналған балама әрі сындарлы идеяларды ескеретін боламыз. Әртүрлі саяси партиялар  мен  қоғамдық  ұйымдар  ұсынған  игі  бастамалардың жүзеге  асырылуын  көздейтін  өзара  іс-қимылдың  осындай стратегиясы  ғана  біздің  мемлекеттілігімізді  нығайта  түседі  деп санаймыз.

Біз  әділ  қоғам  құруға  ұмтыламыз.  Мұндай  қоғамда азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, олардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріледі. Әр адамның жеке әлеуетін іске асыруға тең мүмкіндіктер жасалады. Адамдар өмір сүру сапасының жоғары стандартына сай өмір сүретін болады.

Біздің басты жетістігіміз – еліміздің Тәуелсіздігі

Тәуелсіздік  –  еліміздің  басты  құндылығы.  Біз  бүгінгі жетістіктеріміздің қай-қайсысына  да Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Тәуелсіздік біз үшін - баға жетпес байлық!

Мемлекет пен қоғамның бар күш-жігері Тәуелсіздікті нығайтуға арналуы тиіс. Осы мақсат үшін қызмет ету және мемлекетті қорғау тарихтың,  сондай-ақ, келешек  ұрпақ  алдындағы  әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Мұны жас ұрпақ әрқашан жадында тұтқаны абзал.

Тәуелсіз Қазақстан – біздің Отанымыз, біздің мақтанышымыз. Отанға деген сүйіспеншілігіміз туған елімізді өркениетті, дамыған ел ретінде  қалыптастыруға  деген  мақсатымыздан  байқалады. Сондықтан,  әр азамат өз  елінің  өркендеуі  үшін  қолдан келгенше үлесін қосуы тиіс.

Елбасы – біздің саяси идеалымыз

Қазақстан  Республикасының  Тұңғыш  Президенті,  Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев –  қоғамды  топтастырушы  бас-ты тұлға.  Елбасының  есімі  ғана  емес,  оның  саясаты да  тарихи жетістіктерімізбен  қатар,  қоғам  мен  мемлекеттің  болашағын айқындайды.

Елбасы болашақтың өзекті  мәселесі мен өркендеудің  нақты жоспарын жасақтап,  сол  мақсаттарға  қол  жеткізу  үшін  жағдай туғызды.  Елбасының  саяси  кемеңгерлігі  мен  көрегендігі, еңбексүйгіштігі  мен болашаққа  ұмтылысы,  қажымас  қайраты  мен табандылығы  туған  еліне,  Отанына  адал  қызмет  етудің  үлгісі.

Сондықтан, біз үшін Елбасы – халықтың мызғымас бірлігі мен елдің ойдағыдай дамуының символы.

Біздің  негізгі  құндылықтарымыз:  Адам,  Бостандық, Бірлік, Әділеттілік, Заңның үстемдігі, Отбасы және дәстүр, Болашаққа ұмтылыс.

Біздің  басты  құндылығымыз  –  Адам,  оның  қадір-қасиеті, игіліктері  мен  құқықтарын,  талап-тілегін,  мүддесі  мен  арман-мақсатын қанағаттандыру мүмкіндігі.

Әр  азамат  туғаннан  бастап  әлеуметтік  және  басқа  да қызметтер кешеніне кепілді әрі тең тұрғыда еркін қол жеткізе алуы тиіс.  Бұл әр  азаматтың  саламаттығына,  сапалы  білім  алуына, жұмысқа  орналасуына,  лайықты  жалақы  алуына,  жеке баспанасының  болуына,  отбасын  құруға,  өз  балаларының болашағын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Бостандық

Адам бостандығы дегеніміз – әркімнің өз болашағын өзі таңдау еркі.  Ата Заң бостандыққа кепілдік береді әрі туғанынан бас-тап оған әр адам ие. Біз ой-пікір бостандығын, сөз бостандығын, дінге сену бостандығын, жиналыс өткізу бостандығын, кәсіпкерлік бостандығын жақтаймыз.

Қоғамдық келісім және ел бірлігі

Ізгі қоғам бірлескен күш-жігерден қалыптасады. Әрқашан біздің басты игілігіміз бен мақтанышымыз – бірлік, келісім және халықтың топтасуы. Мұның бәрі бізді ынтымаққа жеткізеді. Адамдардың бір-біріне  көмегі,  отбасы  мүшелері  мен  достардың  өзара  қолдауы ынтымақтың негізін құрайды. Сондықтан, біз үшін бірлік пен келісім Қазақстанның бұдан әрі өркендей түсуінің маңызды шарты.

Әділеттілік

Әділеттілік  дегеніміз  –  баршаға  мүмкіндіктердің  теңдігі. Әлеуметтік  және басқа да айырмашылықтар адамның өз  мақсат-мұратына жетуіне  кедергі болмауы тиіс. Азаматтардың зияткерлік және  жасампаздық  әлеуетінің  дамуы  –  осы  жетістіктердің алғышарты.

Заңның үстемдігі

Заң қандай да бір адамның мәртебесіне  және әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, мүлтіксіз орындалуы тиіс. Заңның үстемдігі әділ қоғам құруға, баршаның мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге жағдай туғызады. Заң жеке меншікті қорғайды, адамның жеке бас бостандығын  және  адамның  ар-ұжданына  қол  сұқпаушылықты, азаматтардың  мемлекет  істерін  басқаруға  қатысуы  жөніндегі құқықтарға кепілдік береді.

Отбасы және дәстүр

Өзінің ана тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін Ұлт  қана өркендей  алады.  Отбасы  біздің  қоғамымызда  дәстүрді сақтаудың  басты  институты  болып  саналады.  Қоғам  мен мемлекеттің беріктігі оның  тұтастығына тікелей байланысты. Біз қоғамдағы дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтуды көздей  отырып,  оны  мемлекетті  күшейтудің  маңызды  факторы ретінде санаймыз.

Болашаққа ұмтылыс

Жетілдіруге ұдайы ұмтылу еліміздің табысқа кенелуінің негізгі шарттарының  бірі.  Біз  әрдайым  биік  межелерді  көздеп, мақсаттарымызға  қол  жеткізіп  келдік.  Біз  үшін  серпінділік, реформалар және өзгертулер тұрмыс деңгейін жақсартудың бірден-бір тәсіліне айналды. Осы орайда, Еңбек те, Еңбек адамы да ілгері дамудың  негізгі  шарты.  Еңбек дегеніміз  –  әр  адамның  және қоғамның игіліктерге қол жеткізуінің бірден-бір жолы. Елдің өркендеуі әр азаматтың еңбекқорлығына тікелей байланысты деп санаймыз.

3.  АЗАМАТ  ЖӘНЕ  МЕМЛЕКЕТ:  ӨЗАРА  ІС-ҚИМЫЛДЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАТТАРЫ

Адам,  оның  құқықтары  мен  бостандықтары  жоғары құндылықтарға  жатады.  Адамның  құқықтары  мен  бостандығына деген көзқарасымыз Қазақстан Республикасының Конституциясына және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес келеді.

Адам,  оның  мүдделері,  қам-қарекеті,  мұқтаждықтары  мен көкейкесті  мәселелері әрдайым  мемлекеттің  басты  назарында болуы тиіс.

Әр  азамат  әлеуметтік  шығу  тегіне  қарамастан,  өз  мақсат-мұратына жету үшін өзгелермен тең мүмкіндіктерге ие.

Азаматтарға қызмет ететін мемлекет

Қоғамның  дамуында  мемлекеттің рөлі  әрдайым  айрықша. Сонымен бірге,  біз мемлекет пен азаматтар  арасындағы  қарым-қатынастың жаңаша сипатын қалыптастыруға мүдделіміз. Ата Заңға сәйкес, мемлекет және оның азаматтары құқықтары мен міндеттемелері тең әріптестер болып табылады. Азаматтар мен мемлекеттің  бірлігі  ғана  біздің өркендеуімізге  мүмкіндік  береді.

Қуатты мемлекетті еркін әрі жауапты азаматтар құра алады. Мемлекет өз  азаматтарының  мүдделеріне  қызмет  етудің, заңды  мүлтіксіз  орындаудың  және  жеке  адамның  жан-жақты дамуына жағдай жасаудың бағыт-бағдарын ұстанатын болады. Көрсетілетін  қызметтердің  сапасы  мемлекеттік  органдардың қызметін бағалаудың негізгі өлшеміне  айналатын болады. Партия әрқашан  мемлекеттің  барлық  функцияларын  азаматтардың конституциялық  құқықтары  мен  бостандықтарын,  әділеттілік  және ашықтық принциптерін сақтау негізінде жүзеге асыруын жақтайды.

Жауапты азаматтық қоғам

Еліміздің  дамуының  жаңа  кезеңінде өзекті  мәселелер мен міндеттерді  бірлесе  әрі  тиімді  шешу мақсатында азаматтардың ынтымақшылдығы  мен  бірлігі  аса  маңызды.  Ортақ  мүдде  үшін біріккен  қоғамдастықтардың  қызметі  елді  тиімді  дамытудың  ең маңызды шарттарының бірі.

Мемлекет  тәртіпті  қамтамасыз  етуге,  экономикалық мәселелерді  шешуге,  әлеуметтік  жобаларды  іске  асыруға азаматтардың белсенді түрде қатысуына мүмкіндіктер жасауы тиіс.

Партия, азаматтық қоғамның бөлігі ретінде, халықтың мүддесін білдіре  отырып,  азаматтық  бастамаларды  дамыту  үшін  жағдай жасауға ұмтылатын болады. Ынтымақтастыққа деген ұмтылыс тең қатынастар мен өзара жауапкершілікке негізделуі тиіс.

Әлеуетті әрі белсенді азаматтардың бірлестігі

Ұлтымыз  –  барлық  этностардың  өкілдері  болып  табылатын азаматтардың  бірегей  мүдделерін  білдіре  отырып,  өркендеуге ұмтылады, сондай-ақ қоғамның және жеке адамның дамуын мақсат тұтады.

Қоғамның  барлық  саласын  түгелдей  жаңғыртқанда  ғана бәсекелестікке  қол  жеткізе  аламыз.  Модернизация  өз дүниетанымыңды жетілдіруден басталады. Әр адам  өз  өмірінде жан-дүниесін  жетілдіріп,  қоғамдық сананы  көтеруді  айқын  мақсат етіп қоюы керек.  Қазіргі заман талабына біздің жауабымыз – осы. Қуатты мемлекет, ең алдымен, еркін, жасампаз және өз күшіне сенімді азаматтарға арқа сүйейді. Сондықтан, жаңа сипатты білім мен жоғары кәсіпқойлық қасиетке ие болуға ұмтылу, өз денсаулығын сақтауға ынталылық әр адамның күнделікті дағдысы мен тіршілігінің айнымас  қағидасы  болғаны  дұрыс.  Қазіргі  заманғы  білімді,  ата дәстүр  мен  өмірден  түйген  тәжірибесін  үйлестіре  білу  адам дамуының негізіне айналуы тиіс.

Экономикалық,  саяси  және  әлеуметтік  реформалардың сәттілігі  әр  азаматтың,  әр  отбасының  және  қоғамдастықтың жетістіктеріне қарай өлшенеді. Реформа атаулының түпкі мақсаты – әр адамның, әр отбасының өмір сапасының жоғары стандарттарын қалыптастыру.

4.  ЖАҢА  БАҒЫТТЫҢ  МАҚСАТТАРЫ:  ТАБЫСТЫ ДАМУДЫҢ ЖЕТІ ФАКТОРЫ

Бірлік пен келісім

Бірлігі жарасқан, ынтымақшыл ел ғана алдына биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алады. Сондықтан,  қоғамдық  келісімге, азаматтық және ұлттық ортақ құндылықтарға, жаңа қазақстандық патриотизмге  негізделген  бірлік  –  еліміздің  сәтті  әрі  тұрақты дамуының берік іргетасы.

Сондай-ақ,  біз  ХХІ  ғасырдағы  Қазақстан қоғамын  сан-алуан пікірлер мен идеялар кең өріс алған жүйе ретінде танимыз. Мұндай елдегі бірлікті  сақтау демократиялық  құндылықтарды  дамытуды қажет  етеді.  Осынау  құндылықтар  –  қазіргі  әлемдегі  келісімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі.

Сондықтан, біз демократияны қоғамдағы әртүрлі мүдделерді сәйкестендірудің анағұрлым тиімді жолы және даму мақсаттарына қол  жеткізудің  құралы  ретінде  бағалаймыз.  Біздің  партиямыз қоғамдағы демократиялық дәстүрлер мен мәдениеттің дамуына жан-жақты ықпал ететін болады.

Төл мәдениет және руханият

Руханият  пен  мәдениет  ұлтты  біріктіреді  және  оның  мінез-құлқын  қалыптастырады.  Біз  мәдениетті  қоғамдық  өмірдің  аса маңызды  салаларының  бірі  ретінде  санаймыз.  Оның  деңгейі қоғамдық  мәні  жөнінен  саясат  пен  экономика  салаларынан  кем түспейді. Мәдениетке сан-алуан өнер атаулының жиынтығы ғана деп қарамау  керек. Ол біздің ана тілімізде, ата дәстүрімізде, тарихи мұрамызда, біздің белгі-таңбаларамызда тұнып тұр. Осы орайда, мемлекеттік тіл рухани және ел бірлігінің негізгі факторы болуы тиіс. Сондықтан,  біздің партиямыз әрқашан қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын  рухани  және  мәдени  құндылықтарды  сақтап,  оны нығайтуға атсалысатын болады.

Біз  мәдениеттердің  қарқынды  түрде  өзара  ықпалдасуы заманында, өзгелердің жақсысын ғана сіңіре отырып, өзіміздің төл мәдениетімізді  сақтай  білуіміз  қажет.  Біздің  мәдениетіміз  бен дәстүрлі рухани құндылықтарымыз – ұлтымыздың өміршеңдігі мен сақталуының  кепілі.  Осы  құндылықтардың  дамуы елдің  жалпы өркендеуін және әр азаматтың әлеуетінің дамуын қамтамасыз етеді.

Қуатты экономика

Экономиканың  тұрақты  әрі  серпінді  дамуы  –  қуатты мемлекеттің  және  азаматтардың  әл-ауқатының  өсуінің  негізі. Сондықтан,  экономикалық  саясат  еліміздің  барлық  өңіріндегі халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатын басшылыққа алуы тиіс.

Партия  жеке  меншікке  қол  сұқпау  қағидаттарына  сүйене отырып,  барлық  азаматтар  үшін  тең  жағдай  жасау  арқылы бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, мемлекет, жеке бизнес және қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылға ұмтылады. Дәл осы жеке кәсіпкерлік экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновациялардың негізгі  жүргізушісі  болып  табылады,  ол  жұмыспен  қамту  мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды әлеуметтік миссиясын орындайды, орта таптың негізін және азаматтық қоғамның арқауын құрайды. Сондықтан, біз өркениетті әрі әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнесті құруды жақтаймыз.

Біз  тиімділігі  жоғары  жаңа  әрі  экологиялық  жағынан  мінсіз технологияларды,  нарықтың  жаңа  бағыттары  мен  табиғат ресурс-тарын  тиімді  пайдалануды  XXI  ғасыр  экономикасының негіздері ретінде бағалаймыз. Экономикалық қызметке экологиялық пайымдауды  енгізу –  бұл  уақыт  талабы,  экономиканы  табысты әртараптандырудың  және ресурстарды кейінгі ұрпаққа жететіндей әділ бөлудің кепілі.

Әділ әлеуметтік саясат

Әрбір  қазақстандық  өмір сапасының әлемдік  стандарттарына сай әлеуметтік қызметтердің толық жиынтығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Біздің партиямыз әрқашан мынадай әділ әлеуметтік саясатты ұстанады: барлық қазақстандықтар міндетті сапалы орта білім алуға, сондай-ақ медициналық қызметке толық әрі тең негізде қол жеткізе алады.  Әркім  қолжетімді  де  лайықты тұрғын  үймен қамтамасыз етіледі. Мұқтаж адамдардың барлығы да зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алады.  Барша халық экологиялық қолайлы жағдайда өмір сүреді.

Білім беру жүйесі білімнің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және оны нарықтық экономика жағдайында қолдануға қабілет беруге тиіс. Мұндай  білім  азаматтардың  мұқтаждықтарына  және  ұдайы  оқуға деген ұмтылыстарына сәйкес келуі тиіс. Жұмыспен қамту саясаты еңбек нарығын жандандыру және еңбек ресурстарының жылжымалы болуын  арттыру  қағидатына  негізделетін  болады.  Осы  орайда, кәсіптілік пен әділ бәсеке негізгі әлеуметтік лифт болуы тиіс.

Әлеуметтік кепілдіктер адамға ертеңгі күнге сенімді болуына, бойындағы мүмкіндіктерін ашуға жағдай туғызады, сонымен қатар белсенді экономикалық қызметке ынталандырады. Мүмкіндігі  шектеулі адамдардың  білім  алуына  және  еңбек нарығына қол жеткізуі оларға іс жүзінде  қоғамның  толық құқықты мүшесі болуына мүмкіндік береді.

Өзара  көмек  пен  қолдаудың  моральдық-адамгершілік құндылықтарын  нығайта  түсу,  тұрақты  экономикалық  өркендеуге негізделген әділ әлеуметтік саясат – бүкіл қазақстандық қоғамның және әрбір азаматтың табысты түрде дамуына ықпал етеді.

Зияткер ұлт

Қазіргі  заманғы  қоғамдағы  бәсекелестіктің басты  белгісі  – бірегей білім мен технология. Сондықтан, Қазақстанның болашағы – зияткер ұлт және инновациялық экономика. Ол үшін біз басқару, гуманитарлық және білім беру инновацияларын дамытуды қажет деп санаймыз. Бұл білім қоғамын, жаңа экономиканың арқауы болып табылатын зияткер тапты қалыптастыруға ықпал етеді. Біз, сондай-ақ, ғылым мен білімнің дамуына, жас азаматтардың инновациялық және  шығармашылық әлеуетін  іске  асыруына,  жаңа  мүмкіндіктер жасауға айтарлықтай ықпал  ететін  боламыз.  Мұның  бәрі  біздің әрқайсымыздың  прогреске  және  жасампаз  шығармашылыққа ұмтылумен  қатар,  қуатты  инновациялық  серпіліске  және экономикалық өркендеуімізге септігін тигізеді.

Тиімді мемлекеттік басқару

Біз  Қазақстан  азаматтарына  сапалы  мемлекеттік  қызметтер беруді және тиімді басқаруды қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекеттік органдар әрбір қазақстандықтың мүддесіне қызмет етіп, мемлекеттік аппарат ықшам әрі тиімділігі жоғары болуы тиіс.

Мемлекеттік  аппараттың  және  билік  деңгейлерінің  бөліктері өлшенетін, ашық және қоғам үшін түсінікті нәтижеге бағытталуы тиіс. Салынған  әрбір  теңге  қазақстандықтардың  өмір  сапасының жақсаруынан тікелей көрініс табуы тиіс.

Қоғамдық  мониторинг  және  бақылау  мүмкіндігін  қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік басқару жүйесі мейлінше ашық болуы тиіс.  Азаматтардың  өмір  сапасын  арттыру  қабілеті  биліктің тиімділігін бағалаудың басты өлшемі болуы тиіс.

Біз  мемлекеттік  билік  институттарының  жұмыс  істеуінің әділдігіне  және  оның  заңның  үстемділігімен  жүргізілуіне  сенімді болғымыз келеді. Біз сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісімен күресетін  боламыз.  Өйткені,  сыбайлас  жемқорлық  біздің  саяси жүйемізді әлсіретеді және біздің демократиямызға нұқсан келтіреді.

Партия  басқарудың  қолданылып  жүрген  сызбаларының әлеуетін  кеңейту,  сондай-ақ  тиімді  органдарын  қалыптастыру жолымен жергілікті өзін өзі басқарудың одан әрі дамуына ықпал ететін болады.

Әлемге ашық Қазақстан

Ұлттық  мүддені  қорғау,  қорғаныс  қабілетін  нығайту  және қауіпсіздікті  қамтамасыз  ету  –  елдің  сыртқы  саясатының  негізгі басымдылықтары.  Әлем  қоғамдастығының  тіршілігіндегі құбылыстарға  белсенді  түрде  қатысуымыз  біздің  мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен өркендеуіне септігін тигізеді. Қазақстан әрдайым өз жобалары мен жоспарларын халықаралық қоғамдастыққа ұсынатын болады.

Қазақстан  барлық  халықаралық  ілгерішіл  бастамаларды қолдай отырып, ғаламдық  қауіпсіздіктің  сақталуына  үлес қосатын болады.  Бірлескен  қауіпсіздік  пен жауапкершілік,  ынтымақ  пен әріптестік  орныққан  кезде  ғана әлем  халықтары  мен  дүниежүзі мемлекеттері тұрақты дамуға қол жеткізе алады.

Біз  мемлекетіміздің  көп  векторлық  саясатын  одан  әрі жалғастыратын  боламыз.  Қазақстанның  ықпалдасу  процестері, алдымен,  азаматтарымыз  бен  бизнес  үшін  жаңа  мүмкіндіктер жасауға  бағытталған. Осы  орайда,  біздің  егемендігімізге  және аумақтық тұтастығымызға қол сұғылмайды.

5.  ПАРТИЯНЫҢ ТАРИХИ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Экономикалық,  әлеуметтік,  саяси,  технологиялық  жаһандық үдеріс қарқын алды. Бұған уақыттың өзі ілесе алатын емес. Біздің басты міндетіміз – болашақта тарих толқынында лайықты орынды иелену.

Биліктегі  партияның  абыройы –  өкілдіктердің  дәрежесімен емес,  тарихи  жауапкершілікті еселеу қабілетіне  қарай  өлшенеді. Еліміз жаңа даму кезеңіне аяқ басқан бүгінгі таңда біз ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне жауап беруге дайын екенімізді алға тартамыз.

«Нұр Отан» партиясы елдің саяси өміріндегі өзінің басым рөлін сақтауға  ниетті. Осы орайда,  біз адамдардың бәріне бірдей игілік пен ортақ шешімге жету үшін белсенді саяси үндесуге  дайынбыз. Сындарлы  пікір  алмасу  және  ой  бөлісу,  өзара  тиімді ынтымақтастық – қоғамның өркендеуінің кепілі.

Шынайы  өмірге  лайық осы Доктрина  мынадай  мәселелерді анық түсінуге  негізделеді: елдің дамуына төнетін жүйелі қатерлерді бейтараптандыру  және  еңсеру  өркендеудің  жаңа  бір артықшылықтарын қолдануға жағдай туғызады.

Біз  заманның  сын-қатерлері  мен  даму  тәуекелдерін Қазақстанның  өркендеуін  ынталандырушы  факторлар  ретінде қарастырамыз.

Біз  Елбасы  ұстанған  бағыт-бағдардың  төңірегіне ынтымақтасуға,  бірігуге  үндейміз.  Еліміздің  әрбір  азаматын  өз болашағын  қазірден  бастап қамдауға  шақырамыз.  Біз  үшін  әр азаматтың  әлеуеті,  қуаты,  болашаққа  деген  сенімі  мен білімі Қазақстанды дамытуға бағытталғаны маңызды.

Біз  Елбасының  саяси  бағытының  сабақтастығы  мен тұрақтылығын қолдаймыз.

Біз өз халқына және өз еліне адал қызмет етуді мақсат етіп отырған  Елбасының  ұстанған  бағытын  бәріміз  болып  кеңінен қолдаған  кезде  ғана  қазақстандықтардың  дәулетті  де  сәулетті тұрмысқа қол жеткізуін қамтамасыз ететін боламыз.

«Нұр  Отан» –  болашақтың  партиясы!
«Нұр  Отан» –  ХХІ ғасырдың  партиясы!