03.10.2016
Жарты жылдағы жағымды істер

Кеше қалалық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында қалалық мәслихат депутаты Серік Мұхамбеталиевтің төрағалығымен өткен Орал қалалық мәслихатының кезекті 7-ші сессиясында қала әкімі Нариман Төреғалиев депутаттар алдында бірінші жарты жылдықтағы қаланың экономикалық-әлеуметтік даму қорытындылары туралы есеп берді.

Қала әкімі Нариман Төреғалиұлы  биылғы бірінші жарты жылда атқарылған жұмыстарға әр сала бойынша кеңінен тоқталды. – Тәуелсіздік жылдары орын алған оң өзгерістер 2016 жылы да шаһарымызда өз жалғасын тапты. Шаһардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, шағын және орта бизнесті өркендетуге, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымдарын жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар» жол атты Қазақстан халқына жариялаған Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудан туындайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту – атқарушы биліктің алдындағы басты міндет, – деген шаһар басшысының мәлімдеуінше, күні бүгінде қала халқы 290 мыңнан асып жығылған. Соңғы бес жылда тұрғындар саны 31 мыңға артқан. Ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап қала бюджеті 31,2 млрд. теңгені құрайды. Яғни өткен жылдың бюджетінен 21,4 пайызға артқан.

Өнеркәсіп өнімдері азайған

2016 жылдың 8 айынын қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 77,2 млрд.теңге құрап, 2%-ға елеусіз кеміген. Кему өнеркәсіптің келесі салаларында орын алған: өңдеу өнеркәсібінде 1,8%, электрмен жабдықтау саласында – 6,4%, тау-кен өнеркәсібінде – 30,7%, сумен жабдықтау саласында – 7,5%. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 50,1 млрд.теңге құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,8% төмендегені байқалды. Аталған саладағы өндіріс көлемінің кемуі кәсіпорынның өнім өндіруінің кемуімен байланысты екен.

Жылыжай бизнесі дамуда

Орал қаласы бойынша биыл  4,6 мың га. жерге жаздық дәнді дақылдар егілген, бүгінде дақылдар 100%, яғни  гектарына 12,1 ц/га. өнімділікпен 5,6 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ күздік дақылдар 1440  га. Құрайды. 2017 жылдың өніміне 2830 га. жерге күздік дақылдар егу жоспарда. Қазіргі кезде 1566,5 га. жерге күздік дақылдар егілді, бұл жоспарланған алқаптың 55,4%-ын құрайды. Жалпы ауылшаруашылық өнімдері – 2350,2 мың теңгені құрайды. Өсімдік шаруашылығы өнімдері – 475,6 мың теңге, мал шаруашылығы өнімдері – 1781,1 мың теңге. Ағымдағы жылы қаланың агроқұрылымдарының өз қаражаты есебінен жылыжайлардың аумағы 4 мың ш.м өскен. Қараша айында жалпы аумағы 15 мың ш.метр, ауданы 12 мың ш.м болатын, «Орал жылыжай» ЖШС кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Күзгі-далалық жұмыстарға (шілде-қыркүйек) шаруа қожалықтарына «КГМ» ЖШС операторымен литрі 92 теңгеден 470 тонна  жанар-жағармай бөлінген.  «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 120 млн.теңге, ал мал шаруашылығын бойынша 111 млн.теңге субсидия қарастырылған. Жылыжай бизнесін дамыту мақсатында 50 мың ш.м болатын өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға жеке инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде екен. Қала аумағында инвестициялық жобалардың әлеуеті бар, негізгі басым бағыттары капитал сыйымдылығын төменту және өзін-өзі ақтайтын инвестициялық жобаларды арттыру арқылы жүзеге асуда. Мысалы, жылыжай кешенін салу, жеміс сақтау қоймаларын кеңейту, салу үшін  30% шығындар субсидияланады, 5 га. алма бағын отырғызу үшін 40% шығындар құрылыс аяқталған соң субсидияланбақ.

Есепті кезеңде қалада 28758 шағын бизнес субъектілері тіркелген. Осы жылы жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын, 97 жұмыс орнын ашатын  үш жобаны жүзеге асыру көзделуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде қалада жыл басынан бері жалпы құны 6,5 млрд. теңгені құрайтын 45 жоба мақұлданған. Қазіргі таңда қала бойынша үш жобаға 41 млн. теңге несие берілген. Бұған қоса 111 млн. теңгені қамтитын үш жоба, 116 млн. теңгені құрайтын үш жоба комиссия қарауында. Үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыттары бойынша қалада 2498 пәтерлік 20 үй құрылысы жүргізілсе, оның жетеуі 2017 жылы аяқталады деп күтілуде. 

Үш мектеп күрделі жөндеуден өтті

Сондай-ақ шаһар басшысы білім беру саласына ерекше тоқталды. Қала аумағында қалалық деңгейдегі 150-ден астам білім беру ұйымдары жұмыс істесе, оның ішінде 48 жалпы білім беретін мектеп және 94 мектепке дейінгі ұйым бар. Соңғы бес жылда үш мектеп және төрт балабақша салынған. Болашақта  Деркөл, Зашаған кенттерінде, қаланың солтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде жаңа мектептер ашу қажеттілігі туындап отыр. Қалалық мектептерде барлығы 40 мыңнан астам оқушы оқиды. Қаладағы  екі мектепке (№36 және 39) күрделі жөндеуге 294 млн.теңге бөлінсе, №39 мектебін жөндеу «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша өткізілген. Оқу жылының басында жөндеу жұмыстары аяқталып, мектептерде оқу процесі уақытында басталған. Бұдан басқа, Ұлттық қордың қаражатынан №33 «Орленок» балабақшасында күрделі ремонт жүргізіліп жатыр, бүгінгі күні жұмыстар 45% пайыз көлемінде орындалған. №20 балабақшаны ағымдағы жөндеу және Деркөл кентіндегі №32 «Колокольчик» балабақшасын күрделі жөндеу жұмыстары басталып жатыр. Сондай-ақ, шетелдік инвестициялардың есебінен №2 мектепке 378 млн.теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Жұмыстар таяу күндері аяқталмақ.  Бүгінгі таңда қаланың барлық білім беру нысандары толығымен жылу маусымына дайын. Қаланың білім беру саласына 13,4 млрд.теңге бағытталған, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға көп.

Осы орайда  қалалық мәслихат депутаты Валерий Власов өз округіне қарасты қаладағы №25 орта мектептің кіре беріс жолдарының әбден тозығы жеткенін алға тартса, облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян №22, 32 орта мектептерге дереу күрделі жөндеу қажетін, №31 орта мектептің күрделі жөндеуін сөз етпегенде, тіптен айналасы қоршалмағанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстар қашан жасалатынын  сұрады. Аталған мәселелердің бәрі қаперінде жүргенін тілге тиек еткен қала әкімі Нариман Төреғалиұлы жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін, бәрі де қаражаттың ыңғайына қарай шешілетінін жеткізді. Ал депутат Валентина Михно «Ел ырысы» ауданындағы Лиственная көшесінің жөндеу жұмыстары қашан басталатынын білгісі келсе, депутат Лилия Хайруллина «Айгүл» ауданындағы ескі көшелерді жөндеу, жарықтандыру мәселесін көтерді. Депутат Ақтілек Өмірбаевтың айтуынша,  талай жылдан бері айтылып жүрген округіне қарасты Ветелки ауылына су тарту жайы әлі күнге өзекті болып отыр. Депутат Марат Қаженов Светлая көшесінің шұрық-тесік жолдарына алаңдаушылық білдірді. Әйтсе де қала басшысы айтылған мәселелердің бәрімен таныс екенін айтып, біртіндеп шешу жолдарын қарастыратын болды.

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, биыл қала бойынша 23 шақырымдық 19 көшені жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа 2,7 млрд. теңге бағытталыпты. Күні бүгінде қалада жедел түрде 300 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарда бар, бұл тұрғыда шамамен 3 млрд. теңге қаражат қажет. Көптеген нысандардың кіре беріс жолдары мен тротуардары әбден ескірген. Биыл 30 аула аумағы абаттандыру жоспарланған, осы бағытта қазіргі күні  20 аулада жұмыстар жасалуда, ал қалған он аулаға мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау жарияланған. Бұған қоса 31 аула аумағын абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда екен. Сонда келер жылы 40 аула жаңартылмақ. Шаһар басшысының баяндамасын байыппен тыңдаған халық қалаулылары сауалдарын қойып, атқарылған жұмыстарға бағасын берді. Бұл жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.  Алға қойған жоспарлар мұнан да ауқымды. Жергілікті депутаттар  шаһар басшысының бұл шаруаларды да еңсеретініне сенім білдірді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА