21.10.2016
Акция аясында Бүлдіршіндерге сый жасады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына шеңберінде Орал қалалық мәслихаты депутаттарының бастамасымен «25 игі іс» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Кеше аталмыш акция шеңберінде №13 округ бойынша қалалық мәслихат депутаты, «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС бас директоры Әлібек Әжмағамбет №29 «Балауса» балабақшасы бүлдіршіндерін қуантты.

  – Кітап оқуға құмарлық ерте жастан басталуы керек. Егер баланы дер шағында баули алмасақ,  кейін өкініп қалуымыз мүмкін. Кітап оқыған баланың ой-өрісі дамып, сөздік қорын молаяды, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасады. Сол себепті акция аясында балабақша бүлдіршіндеріне түрлі кітаптар сыйлауды жөн санадым, – дейді депутат Әлібек Әлімжанұлы. Өз кезегінде балабақша меңгерушісі Гүлбану Кубалиева халық қалаулысының игілікті ісіне ризашылығын білдіріп, бүлдіршіндердің кітап оқуға, ертегілер тыңдауға деген қызығушылықтары біртіндеп оянып келе жатқанын жеткізді. Шара барысында балғындар жомарт жандарға деген алғыстарын әсем билерімен өрнектеді. 

 Бүгінде аталмыш балабақшадағы 11 топта 290 бала тәрбиеленуде.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА