05.10.2012
Құзыреттілікті балабақшадан бастайық

26-27 қыркүйек күндері «Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу жағдайында баланы мектептегі оқуға даярлауды қамтамасыз ету» тақырыбындағы республикалық семинарының «Білім беру жүйесінің педагогтерін даярлау. Мектепке дейінгі ұйымдарды, мектепалды даярлық топтары мен жалпы білім беру мектептерінің бастауыш сыныптарын білікті мамандармен қамтамасыз ету» тақырыбындағы секциялық отырысы Орал қаласының №34 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымында оздырылды.

26-27 қыркүйек күндері «Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу жағдайында баланы мектептегі оқуға даярлауды қамтамасыз ету» тақырыбындағы республикалық семинарының «Білім беру жүйесінің педагогтерін даярлау. Мектепке дейінгі ұйымдарды, мектепалды даярлық топтары мен жалпы білім беру мектептерінің бастауыш сыныптарын білікті мамандармен қамтамасыз ету» тақырыбындағы секциялық отырысы Орал қаласының №34 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымында оздырылды.

Семинардың мақсаты білім берудің 12 жылдық моделіне көшу жағдайында баланы мектепке даярлауды қамтамасыз ету мәселелері және перспективалары. Жиынға Қазақстанның барлық облыстарынан білім басқармалары өкілдері, мектеп директорлары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, гуманитарлық және педагогикалық колледж директорлары қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, көкейкесті сұрақтарын ортаға салды.
Секция жұмысын «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының сарапшысы Назгүл Жабықбаева ашты.
Секция отырысында Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, п.ғ.д., профессор Шалқыма Құрманалина «Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды дайындық топтарына педагогикалық кадрларды дайындаудың проблемалары мен келешектері» атты баяндама оқыды. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдардың педагог кадрларын даярлаудағы колледж тәжірибесіне енгізілген инновациялық технологиялар, кәсіптік құзыреттіліктер, педагогикалық менеджмент арқылы жаңғырту жолдарымен таныстырып, мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушісі мен тәрбиешісінің, мектеп түлегінің, мұғалімінің моделін ұсынды. АКТ құзыреттілігін қалыптастыруда оқу ақпаратын модульдеу, ақпараттық оқыту ортасын құрастыру, қашықтан оқытуда өзара іс-әрекетті жобалау, білім сапасының мониторингісін автоматтандыруды меңгертудің қажеттілігі мен міндеттілігін практикамен дәлелдеп көрсете білген ғалым, студенттерге білім мен тәрбие берудегі оқу орнының тәжірибесін ортаға салды. Қазіргі заман талаптарына сай білім беру жүйесіне, педагог кадрларға қойылатын өзгерген талаптарға тоқталды.
Р.Қалмурзина «Мектепке дейінгі сала мамандарының кәсіби құзыреттіліктерін арттыру жолдары» баяндамасында п.ғ.д., профессор Ш.Құрманалинаның басшылығымен колледжде ғылыми мектептің жұмыс жасайтынын айта келіп, құзыретті маман даярлауда студент портфолиосын жасақтаудың тиімділігін айта келіп, құзыреттілікке бағытталған оқу іс-әрекетінің жоспарының жаңа үлгісін көрсетті.
Колледж түлектері, Орал гуманитарлық-техникалық колледж жанындағы шағын орталықтың жас тәрбиешілері А.Арышева мен Г.Сахипова Едусофт компаниясының «Multikid» және «Eduplay» мультимедиялық бағдарламаларымен шағын орталық тәрбиеленушілерімен бірлесе отырып, мектепке дейінгі ұйымда үш тілде оқыту бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Арай Арышева «Multikid» бағдарламасындағы шығармашылық компьютерлік ойын арқылы бала қиялын дамыту, іс-әрекетін жоспарлауға және қызметін үйлесімді арттыру бағытында жұмыстанып, көбелектер арқылы туған өлкеге саяхат жасауға қызықтыра отырып, өз әлемдерін тануға септігін тигізді. «Multikid» арқылы балалар түрлі өлшемдермен (тақырыптары, біліктері, жаңа тақырыпқа ауысу бойынша т.б.) бағаланатын қызметтерге жеңіл бейімделді. «Менің үйім», «Жұмыста», «Театр бетперделері», «Мен ойыншықтарды жақсы көрем», «Жыл мезгілдері», «Ізде және тап», «Мен және менің ағзам», «Музыкалық дарындылық», «Жер бетіндегі тіршілік», «Ғылыми саябақ», «Рельстермен сапарға шығу», «Жол қозғалысын басқару орталығы» атты 12 тақырыптан тұратын «Multikid» бағдарламасының «Жыл мезгілдері» тақырыбымен жұмыстанып, табиғат әлеміндегі көбелектер арқылы түс тану, геометриялық пішіндерді айыру, құрастыру, жеміс-жидектер арқылы санауға үйрету жұмыстарынан үзінді көрсетті.Бағдарлама балалардың кеңістік туралы ұғымдарын кеңейтеді, компьютер көмегімен жоспарлау және құрастыру біліктерін қалыптастырады, бала қарастырылып отырған нәрсеге байланысты жаңа ұғымдармен танысады, математикалық түсініктер, ойлауды дамытады, көру және есту қабілеттілігі, байқағыштық пен аналитикалық ойлауларын дамытады, өз іс-әрекеттерінде алған білімдерін қолдану біліктері, сенімділік пен қауіпсіздік сезімдері көтеріледі, логикалық ойлау қабілеттері дамиды, оқығанды түсіну мен оны ауызекі сөйлеуде қолдану біліктерін дамыту, мәтін мен сызбаны сәйкестендіру білігін дамыту сияқты маңызды мақсаттарға жетуге көмектеседі.
Гаухар Сахипова 3-7 жастағы балаларға арналған «Eduplay» компьютерленген оқыту жүйесімен жұмысты көрсетіп, өз ауласындағы заттардың орнын тауып орналастыру, музыкалық сауаттылығын ашу бағытында үш тілде күнделікті қолданыстағы сөздерді ойната отырып, үйрету жолдарын көрсетті. Шеберлік класында бүлдіршіндердің компьютермен жұмыс жасау және басқарудың дидактикалық элементтерін қолдану үйлесімділігінің маңызды артықшылықтарын ашты. «Eduplay» бағдарламасы арқылы балалардың кеңістікті бағдарлау, үшөлшемді әлемнен абстрактілі ұғымдарға өту, топтық қызметке ынталандыру, еңбек пен қызметті бөлу, балалардың топтағы ауызша қарым-қатынасы және бір-біріне кеңес беру білігін, басқа балалардың берген кеңестерін түсіну білігін, өз ойын білдіруге ынталандыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту, компьютер көмегімен жоспарлау және құру білігін дамыту, қарастырылып отырған нәрсеге байланысты жаңа ұғымдармен таныстыру, бүтін және оның бөліктерін көру білігі, талдау, жинақтау, математикалық ұғымдар, графикалық белгілеулерді түсіну білігі, ойын, көру және есту қабілетін дамыту, байқағыштық пен аналитикалық қабілеттерін дамыту, бағдарламаланған және өз бетінше жұмыстарды орындауда алған білімдерін қолдану, қолмен жұмыстану кезінде көзбен бақылауды, өзіне сенімділік пен қауіпсіздікті сезу қабілеттерін дамыту, логикалық ойлауын дамыту, мәтін мен сызбаны сәйкестендіруге дағдылануға болатындығын ашып айтты.
Колледждің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бөлімінің жоғары санатты мектепке дейінгі жеке әдістемелер пәні оқытушысы Т.Маденова бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі пәнінен «Қағазды қию тәсілдері» тақырыбында және мектепке дейінгі педагогика пәні оқытушысы Ә.Сәрсенғалиева мектепке дейінгі педагогика пәнінен «Ойын – баланың өзін көрсете білу құралы» тақырыбында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары тыңдаушылары мен студенттерімен жүргізілетін интерактивтік әдістерді, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып шеберлік кластарын көрсетті.
Семинарға қатысушылар жаңа буын педагогтарын кәсіби құзыреттілікке бағыттап даярлау, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиенің мазмұнын және әдістерін әр баланың жеке қабілетін дамытуға бағыттай отырып, қайта қарау бағытындағы өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды.
Семинардың сапалы өтуіне үлес қосқан №34 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы» МКҚК-ның меңгерушісі, колледж түлегі Әсем Айтқалиева басқарған ұжым өз жұмысының нәтижелі жүріп жатқанын көрсетті.

А. Есқалиева,

Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж жанындағы «Білім» бейіні бойынша базалық оқу-әдістемелік бірлестік төрағасының орынбасары