22.09.2016
«Қолдан келген жәрдемді аямаймыз»

Осы аптаның сейсенбісінде қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Бұл жолы комиссия мүшелері қаладағы мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып, қал-жағдайларымен танысты.

Бір күн ішінде қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров бастаған комиссия мүшелері қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілімен бірге мүгедек ұл-қыздары бар үш отбасының шаңырағында болды. Олардың үшеуі де денсаулықтарына байланысты үйден оқиды.

Сегіз жасар Бақытжан Бөпежан №21 орта мектептің 3-сыныбында оқиды екен. Мектеп психологы В.Сралиеваның айтуынша, оқушының сабақ үлгерімі, ынтасы жақсы. Пән мұғалімдері аптасына бір рет үйіне келіп, балаға дәріс беретінін мәлімдеді. Ата-анасы ұлдарының гемофилия, яғни қанның ұйымауы дертінің ауыр түрімен ауыратынын жеткізді. – Бұған дейін саяжайда тұрғанбыз. Бұрынғы қала әкімі Алтай Сейдірұлы жағдайымызға қарасып, жалдамалы баспана ретінде жатақханадан екі бөлме берді. Мүгедек баласы бар отбасы ретінде 2009 жылы пәтер кезегіне тіркелдік. Бірақ әлі күнге кезегіміз келмеді, – деп жағдайларын баяндаған ата-ана жатақханада науқас баламен тұрмыс кешу қиын екенін айтты. Халық қалаулылары тұрғын үй заң бойынша кезекпен берілетінін түсіндірді. 

 Қаладағы №6 орта мектепте оқитын 11 жасар Андрей Коробов  тұқым қуалайтын миопатия ауруына шалдыққан. Анасы Елена Владимирова осы дерттің салдарынан үлкен ұлдарынан айырылып қалғанын айтты. – Балам миопатия дертінің үдемелі түрімен ауырады. Дәрігерлер диагнозын ұзақ уақыт анықтай алмады. Тіпті бұл ауруға қарсы дәрі-дәрмек те жоқтың қасы. Сылап емдеу әдісін үйден өзім жасаймын, – деді ол. Аталмыш комиссияның төрайымы Валентина Михно Андреймен сөйлесіп, оның сабақ үлгерімі, бос уақытта немен айналысатыны туралы сұрады. Жеткіншек қағаздан түрлі бұйымдар жасайтынын, ата-анасымен бірге серуендегенді ұнатынын әңгімеледі.

Депутаттар бас сұққан келесі отбасы – Бақытжановтар жалдамалы пәтерде тұрады екен. Олар Зеленов ауданына қарасты Новенький ауылынан қыздары Аяжанның денсаулығына байланысты Оралға қоныс аударыпты. Туабітті мүгедектікке шалдыққан он жасар Аяжан дұрыс сөйлей алмайды әрі оң қолы дәрменсіз. – Сол себепті зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектептен мұғалімдер үйге келіп оқытады. Қызымды арнайы квотамен соңғы рет 2010 жылы Астанаға апардым. Одан кейін өзіме бірге баруға қосымша жеңілдік қарастырылмағандықтан, Астанаға немесе Алматыға барып емдетуге жағдайым келмеді, – деген отанасы Сағима Бақтығалиева  пәтерақының қымбаттығын айтып, баспана жағынан көмек сұрады. Өзінің айтуынша, тұрғын үй кезегіне үш-төрт жыл бұрын Зеленов ауданында тіркеліпті. Комиссия мүшелері қалада тұрғын үй кезегіне тұру үшін тұрғылықты тіркеуде болу қажеттігін айтты.

Халық қалаулылары қамкөңіл балалар мен олардың ата-аналарына қолдан келген жәрдемді заң аясында көрсететіндерін жеткізді. Қалалық мәслихат депутаттары В.Михно мен Н.Мамедов  мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің көңілдерін аулап, тәттілер мен сабаққа қажетті құралдарды табыстады. Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Негимова Б.Бөпежан мен А.Кробовтың ата-анасына бір реттік берілетін әлеуметтік жәрдемақы алу жолдарын түсіндіріп, қажетті құжаттар тізімін ұсынды.

Әрине, Оралда мұндай түрлі ауруға шалдыққан мүгедек балалар көптеп саналады. Халық қалаулыларын бәрінен бұрын алаңдатқан жағдай – денсаулығының ақауы бар перзенттерін үлкен медициналық орталықтарда емдетуге кез келген ата-ананың жағдайы келмейтіндігі. Себебі денсаулық сақтау органдары тарапынан берілетін жеңілдіктер мүгедек балаларға ғана қарастырылады екен. – Жүріп-тұруы қиын балалар Астана немесе Алматыдағы емдеу орталықтарына өздері бара алмайды. Сол себепті ата-аналарына да қосымша жеңілдік қарастырылуы тиіс. Бұл жайында мемлекеттік органдармен байланыс жасап, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамаларға өзгеріс енгізу жөнінде Парламент депутаттарына ұсыныс түсіреміз, – деді комиссияның көшпелі отырысын түйіндеген депутаттар.  

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
автордың суреттері