21.06.2013
Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың округ тұрғындарына Үндеуі

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық заңнамасына сай қаладағы төрт кенттік округтің статусын ауыстыру мәселесі көтерілді. Осы мақсатта қалалық әкімдіктің қызмет айқындылығын сақтау және тұрғындардың пікірін есепке алу, енгізілетін өзгерістерді түсіндіру үшін округтерде тұрғындармен жиындар өткізілді. Халық бұл ақпаратты әр түрлі қабылдап, түрлі пікірлер айтылды. Жиын барысында Круглоозерное, Зашаған тұрғындары – кент статусын таңдаса, деркүлдіктер үшін шағынаудан статусы қолдау тапты. Ал Желаев халқы әзірге ұсыныстарды талқыға салып, ойлану үстінде.

Аталған әртүрлі атаулар елдімекендердің деңгейлеріне байланысты беріледі. ҚР-ның «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында санаттары мен белгілері нақты айтылған. Осыған сәйкес, Орал қаласындағы тұрғындарының саны 3 мыңнан асатын Зашаған, Круглоозерное кент бола алады. Біз желаевтықтарға «Орал қаласының ауылдық округі» статусын таңдауды ұсынамыз. Тарқатып айтар болсақ, Орал қаласының ауылдық округі статусын иеленген әр тұрғын аймақтың дамуындағы әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдіктерге, әлеуметтік қолдауларға ие бола алады.  Мәселен, ҰБТ тапсырған түлектер қосымша 25 пайызға дейін ауылдық жеңілдік алып, мемлекеттік грант бойынша ЖОО-на оқуға мүмкіндік алады. Бюджеттік сала қызметкерлері еңбекақысына қосымша ақы да алады. Яғни, бұл ауылдық округтің жоғары кәсіби мамандарды өзіне тартуға қабілетті екендігін көрсетеді. Жеке шаруашылықпен, бау-бақшамен айналысушы адамдар ақысыз білімін жетілдіріп, шаруашылық өндірісін кеңейте алады. Жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналастырылып, ауылда тұрғызылатын әлеуметтік нысандарда еңбек ететін болады. Дипломды мамандар ауылға келіп көтермеақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін қаржыға ие болады.

Біз, қала билігі, бұл тұрғыда «Аймақтарды дамыту», «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» жедел индустриялық-инновациялық даму және Орал қаласындағы ауылдық округке тиісті басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, қала маңындағы аймақтарды жақсартуға, жаңа әлеуметтік нысандарды тұрғызуға, бұрын салынған нысандарға жөндеу жұмыстарын жасауға республикалық бюджеттен қаржы алуға мүмкіндігіміз болады. Жобалардың басты шарты – аталмыш округ тұрғындарын жұмысқа тарту. Біз, округті абаттандыру және тұрғындарды жұмыспен қамту секілді екі маңызды мәселені бірден  шеше аламыз. 

Бүгінде қала бюджетінің тапшы екені жасырын емес. Қазір қаланың дамуы үшін қажетті қаржы жетіспейді. Сондықтан соңғы жылдары және алдағы екі жылда жаңа нысандарды тұрғызуды, жолдарды, инженерлік желілерді жөндеуді жоспарлап қана отырмыз. Егер де бізде ауылдық округтер және кенттер болса, онда қаржыландыру республикалық бюджетке жүктеледі және біз барлық жоспарларымызды таяу жылдары орындайтын боламыз. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік бағдарламалар бойынша өңірге бөлінген қаржының үштен бірі ауылдық округке жұмсалады. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуына республикалық бюджеттен 2013 жылға – 104,9 млрд. теңге, ал 2014 жылға – 100,6 млрд. теңге, 2015 жылға – 98,7 млрд. теңге қарастырылды. Міне, солардың үштен бір бөлігі ауылдық округке жұмсалады.

Бұл бағдарлама аясында Круглоозерное кентіндегі мектепті және жолдарды жөндеу, ал Зашаған кентіндегі екі балабақшаны жөндеу жобаға енгізілді. Сондай-ақ Желаевтағы мектептен тыс оқу орталығын жөндеуге, Шоссейная көшесін асфальттауға толық мүмкіндік бар. 

Желаев тұрғындарын алаңдатқан жайт – кентті Зеленов ауданына қосады деген алыпқашпа сөз. Бұл жағдай мүлдем болмайтынын айтқым келеді. Қала өз аумағын өзгелерге беретін ниеті де жоқ. Біз қаланы дамыту мен кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қолда барды қалайша өзгенің иелегіне береміз?!

Біз қала шегінде ауылдық округі бар өзге өңірлердің тәжірибелерімен мұқият таныстық. Көршілес Ақтөбе қаласында бес ауылдық округ бар. Бүгінде олар мемлекеттік бағдарламалар есебінен табысты өркендеуде. Біз көрші облыстарда жиі болып, күнделікті даму барысын көзбен көріп жүрміз. Қала маңын жақсарту үшін, қаланың ауылдық округ тұрғындарының тұрмысын көтеру үшін неге біз берілген мүмкіндікті пайдаланбаймыз?!

Сол секілді кентке «шағынаудан» стаусын беру мәселесі де өзекті болып отыр. Мұны, округ бұрын қалай саналды, солай жасауға болады. Нәтижесі де айқын – тұрғындар ауылдық округ болған жағдайда алатын елеулі әлеуметтік қолдауларды ала алмайды.

Қандай жағдай болмасын, шешім шығару халықтың өз еркінде. Олар қалай айтса, біз солай жасаймыз. Таңдаудың дұрыс жасалғанын, ең бастысы – тиімді, сындарлы да салмақты болғанын қалаймыз!