12.09.2013
Бағаның өсуіне делдал кінәлі

Қыркүйектің оны күні қалалық мәслихаттың экономика, бюджет және қаржылық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының «Орал қаласын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету» тақырыбындағы көшпелі отырысы Круглоозерное ауылында өтті. Комиссия отырысына қалалық құрылымдық бөлімше басшылары, несие ұйымдары өкілдері мен шаруа қожалықтары басшылары қатысты.

Жиынды аталмыш комиссия төрайымы Ляна Тұрсынова жүргізді. Депутаттар ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді сараламас бұрын сала мамандарын тыңдағанды жөн көрді. Осы орайда ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мақсот Доукариев  алдымен ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында  қаладағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тоқталды.

Сала маманының баяндауынша, биыл қалалық аграршылармен – 13,2 мың.га дәнді дақылдар егілген. Соның ішінде дәнді дақылдар – 8,96 мың.га, күздік дақылдар – 4,3 мың.га, майлы дақылдар – 1,4 мың.га, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көп, картоп – 1053 га, мал азықтық дақылдар (еркек шөп) – 800 га, көкөніс және бақша дақылдары – 788 га. құрайды. Ағымдағы жылы қаланың  көкөнісшілері өнімділікті көтеру мақсатында тамшылатып суару көлемін арттырған, бүгінгі таңда тамшылатып суару әдісі 31 га. алқапта қолданылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есеге көбейген. Қыркүйектің тоғызына дейін жиналған 2029 га. күздік дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 5,5 ц/га. болса, жаздық дәнді дақылдар  6757 га-ны құрап, орташа өнімділігі 5,2 ц/га болып отыр. Ал картоп 400 га алқаптан, орташа өнімділігі 145 ц/га, көкөніс 617 га алқаптан, орташа өнімділігі 160 ц/га; бақша 41 га алқаптан, орташа өнімділігі 165 ц/га.

Үстіміздегі жылы мемлекет тарапынан егін егу, жинау  жұмыстарына және мал азығын дайындау үшін 800 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын қаланың агроқұрылымдарына мемлекеттік қолдау ретінде жанар-жағармай және тағы басқа тауарлы-материалдық құндылықтардың құнын ішінара арзандатуға, элиталық тұқымдарды қолдануға және сатып алуға, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын ішінара арзандатуға барлығы 16 млн. теңге шамасында субсидия ретінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында Орал қаласының кенттік округтерінің сегіз тұрғыны ауыл шаруашылығы саласындағы мал шаруашылығымен айналысуға, бордақылау алаңын салуға, жылыжай көлемін ұлғайтуға, шағу май цехын кеңейтуге, сүт өнімін шығаруға және тағы басқа жеке істерін ашуға жалпы сомасы 19 млн.теңге жеңілдетілген несие алыпты. Биылғы жылдың басынан «ҚазАгро» акционерлік қоғамының еншілес компаниялары арқылы қаланың ауыл шаруашылығы құрылымдары 8,5 млн.теңгеге несие толтырған. Күні бүгінге маңызды тапсырмалардың бірі ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу болып табылады. Жұмыс тобы жұмысының нәтижесінде ағымдағы жылы қаланың жеті агроқұрылымының 799 га ауылшаруашылық жерлерін мақсатты пайдаланбай отырғаны анықталып, хаттама толтырылып, құжаттары тиісті мемлекеттік мекемеге әрі қарай мемлекеттік қорға қайтару жұмыстарын жалғастыру үшін жолданған. Ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары басталғалы 2011-2013 жылдар аралығында 2247 га. пайдаланылмай жатқан және қараусыз қалған ауылшаруашылығы жерлері анықталыпты. Осылайша мемлекеттік қорға қайтарылып, қайта ауылшаруашылығы айналымына 1448 га жерлер енгізілген. Сондай-ақ биылғы өнімді зиянкестерден сақтап қалу бағытында 4000 га ауыл шаруашылығы жерлеріне үйірлі және саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары жасалған.

Қала аумағында тұрғындарды қысқы кезеңде көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 5300 шаршы метр болатын  бес жылыжай қызмет етеді. Соның ішінде ағымдағы жылы жалпы көлемі 2500 шаршы метр болатын «Шабарова» ЖК мен «Клад» ШҚ екі жылыжайды іске қосқан. Жылыжайлардың бірінші дақыл айналымы 2099 шаршы метр  алқаптан  44,7 тонна көкөніс (қияр, қызанақ) жиналған. Келер жылы «MOONGRAS» ЖШС жалпы көлемі 15 га аумақты құрайтын жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 2,8 млрд.теңгені құрайды. Жобаның алдын ала өндіріс көлемі жылына 3250 тонна көкөніс өнімін құрайды деп жоспарлануда.

Ал қаладағы мал шаруашылығы саласына келер болсақ, қаңтардағы есеп бойынша ірі қара мал – 3747, ұсақ мал – 3614,  жылқы – 199, шошқа – 1289, құс – 334867 басты құрайды екен. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал басы санының барлық түрлері бойынша көбейгені байқалып отыр. Жеңілдетілген несие мен субсидия ретіндегі мемлекеттік қолдау түрлері мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын («Калентьев» ш/қ, «Светлана» ш/қ, «Аулетжан» ш/қ, «Қайрат» ш/қ) тұқым сапасын жақсарту бағытында селекциялық асыл тұқымды жұмыстарды жүргізуге ынталандырған, ол үшін 2012-2013 жылдары аталған шаруашылықтармен ет бағытындағы Герефорд және қазақтың ақ бас тұқымды 15 бас асыл тұқымды өндіргіш бұқалары сатып алынып, табынға қосылыпты.

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қаланың үш шар-уа қожалығы қатысып, 25 млн.теңгеге 160 бас ірі қара малы сатып алынған. Аталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар үшін төмендегідей субсидия түрлері қарастырылған: селекциялық асыл тұқымды жұмыстарды жүргізуге  бір басқа 14 мың  теңге, отандық селекциялық асыл тұқымды жас төлді сатып алуға бір басқа 118 мың теңге, шетелдік селекциялық асыл тұқымды малдың жас төлін сатып алуға бір басқа 118 мың.теңгеден 235 мың теңгеге дейін, шаруашылықтарға ірі және шырынды азықтарды дайындауға бір басқа 4,5 мың теңге, ауыл шаруашылығы өнімін сатқаны үшін (жұмыртқа) – 2,6 теңге 1 данасына. Бүгінгі таңда  «Орал құс фабрикасы» ЖШС-на 36 128 308 дана жұмыртқа сатқаны үшін 93 933 600,8 теңге субсидия төленген.   

Күні бүгінде ішкі нарықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен молайту және бағасын тұрақтандыру мақсатында, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен саяжайшыларға өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасау мақсатында қала әкімдігінің қаулысымен  қала аумағындағы Ә.Кердері көшесінің бойында (Ж.Досмұхамедов және Фрунзе көшелерінің аралығы) бау-бақша өнімдерін автодүкендерде сататын сауда орыны белгіленді. Сонымен қатар аталған қаулымен қала аумағында бау-бақша өнімдерін шатырларда сататын 36 сауда орындары анықталып, белгіленді. Жиын барысында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуенов аталмыш сауда нүктелерін жеке-жеке атап өтті. Жәрмеңкеге облысымыздың Зеленов, Теректі, Ақжайық аудандарының, сондай-ақ қала маңының ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші шаруа қожалықтарынан 46 өтініш түскен. Жәрмеңкеде ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге орындар ақысыз ұсынылуда. Қалалықтардың қызу сауда орнында қарбыз, қауын, картоп, пияз, сәбіз, қызылша, қызанақ, қияр, қырыққабат, кәді, бұрыш, асқабақ және т.б бақша өнімдері сатылуда. – Саттыққа шығарылған өнімдер бағасы қаланың басқа базарларымен салыстырғанда 10-20 пайызға арзан, – деп нақтылады Ринат Сатымұлы өз сөзінде. Дегенмен, жәрмеңкеге келген шаруа қожалықтары ертемен өнімдерін арзан бағаға делдалдарға саудалап кететін көрінеді. Ал алыпсатарлар оны қалаған бағасына саудалауда. – Олай болса, мұндай жәрмеңкенің қалалықтарға қажеті бар ма? – деген сауалды талқыға салған депутаттарға кәсіпкерлердің де берер жауабы дайын. «Клад» шаруа қожалығының қожайыны Марина Кладчикова жәрмеңкенің тиімділігі зор екенін баса айтып:                                 

– Біз өз өнімімізді көтерме бағамен алыпсатарларға саудалауға мәжбүрміз. Өйткені, нағыз бау-бақшаның пісер шағында егінжай басында болуымыз керек. Ұзақты күн базарда көкөніс сатуға уақытымыз тапшы, – десе, «Калентьев» шаруа қожалығының  иесі Михаил Калентьев мал өнімін саудалайтын орын жоқтығын тілге тиек етті. Бұл орайда мамандар тарапынан «Ел ырысы» базарынан тек сенбі күндері ақысыз орын қарастырылғаны айтылды. Жиында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Айгүл Төкешева мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін сөз етті. Бөлім басшысы жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына тарту, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды жөндеуге, кәсіпкерлерге кәсібін кеңейтуге бөлінетін шағын несиелер турасында кеңінен түсінік берді. Өз кезегінде «Маскус» ЖШС басшысы Жамбыл Насибуллин ауылшаруашылығы саласында қордаланған өзекті мәселелерді алға тартты.   Мәселен, кәсібін өркендетем деген жандарға мемлекеттен берілетін қолдауларды алудың өзі оңайға соқпайтын көрінеді. Осы орайда түрлі техникалар мен тұқым сатып алуға несие рәсімдеу қиынның-қиыны дейді қожалық иесі. Сол секілді, бүгінде жұмысшыларды егістік басына жұмысқа тарту да оңай емес екен. – Далалық алқапта жұмыс істеуге жастар мүлдем құлықсыз, ал оларды күштеп ұстап тұра алмайсың. Түрлі сылтаумен жұмыстан қашады, – деген кәсіпкерлер егістік басында жұмысшыларға арналған арнайы баспана салуға қаражат бөлінсе деген ұсыныстарын жеткізді. Жиын барысында көтерілген өзекті мәселелермен етене таныс Круглоозерное ауылдық округінің әкімі Мирболат Нұржанов жауапты сала мамандарымен бар мәселені бірлесе шешуге күш салатынын айтты. Және алдағы уақытта жұмысшыларға қолайлы жағдай туғызуға уәде етті.  Жиынды қорытындылаған қалалық мәслихат хатшысы Марс Сатыбалдиев комиссия отырысында қаралған мәселелердің алдағы сессия отырысында кеңінен көтерілетінін жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде бар мағлұматтарды фермерлерге тарату жөнінде тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Ардақтың суреттері