18.12.2014
Келісім кеңесі – татулық тірегі

Өткен сенбіде облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестері төрағаларының ІІ облыстық форумы өтті. Елбасы тапсырмасына сай өңірімізде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға және бейбітшілік, тұрақтылық пен келісімді сақтау бойынша жұмыстарды жүргізуге қажетті әлеуеттің бар екенін атап көрсеткен форум жұмысына облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев, Ресейдің Орал қаласындағы елшісі, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының мүшесі Саид Забитов қатысты.

          Қоғамдық келісім кеңестері Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Басқосуда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев баяндама жасады. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикамыздың барлық өңірінде қоғамдық келісім кеңестерін құруға тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда біздің облысымызда 163 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңестің қоғамдағы рөлі өте зор. Форум еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында өткелі отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті де қоғамдағы тыныштық пен татулықты, достықты сақтау арқылы тәуелсіздіктің нығаюына үлес қосу. Қазақ «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Себебі біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халық мәтелі бәріңізге белгілі. Ең басты ұстаным – бірлік, келісім болған жерде ғана даму бар екенін түсіндіру. Мемлекетіміз егемендік алғаннан бері көптеген ауыртпалықтардан, қиындықтардан, бел асулардан өтті. Осы отырған сіздер де соның ортасында жүрдіңіздер. Тәуелсіздік алған 23 жылға көз жүгіртетін болсақ, талай сынақтардан өттік. Бірақ Елбасымыздың ұстанған саясаты, дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында халықтың қолдауымен қазіргі шалтты заманға келдік.  Ассамблея  – еліміздегі бірліктің, келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен татулықтың құтты шаңырағы.  Бұл саяси құрылым халқымыздың жүрек қалауымен, қоғамның ізгі тілегімен құрылған, осы жылдар ішінде байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтады. Ол еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына айналды, – деді Нұрлан Асқарұлы.    Бұдан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық  меңгерушісі Ғайса Қапақов Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында  «Біздің қоғамда ешкімде этносараздығы жоқ. Барлық қазақстандықтар бір туған елдің балалары. Біз біртұтас Қазақстан халқының әр түрлі және бірдей балаларымыз. Бәріміздің мақсатымыз – Отанымызды өркендету» – деген сөзін басшылыққа алып, қазіргі таңда қоғамдық келісім кеңестері елдегі істердің бел ортасынан көрініп жүргенін атап өтті. – Қоғамдық келісім кеңестері елдімекендерде, кәсіпорын, ұжымдар қоғамдық өкілдерінің құлақ асатын пікірталас алаңына айналып, әр азаматтың мүддесін мемлекет мүддесімен ұштастыруға, ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген ұйым ретінде танылуда. Басты мақсат – бүкіл қоғамды ортақ мақсаттарға жету жолында аянбай еңбек етуге жұмылдыра білу. Күні кеше Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауымен таныстырды. Елбасы дағдарыс кезеңінде халықтың әл-ауқатын жақсартудың жолын нұсқады. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ екенін айта келіп, Үкіметке ұсынылған шаралар бойынша нақты тапсырмалар қойды. Мемлекет басшысының жаңа даму шаралары облысымыздың даму үдерісімен толық үндеседі, – деген Ғайса Қапақұлы осы орайда Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды.   

Форумда сондай-ақ,  Қаратөбе ауданының әкімі Асқар Шахаров, Компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Сағын Құрманов, Переметное ауылы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Николай Анципрович, тағы басқалар қоғамдық келісі кеңестерін дамыту бойынша атқарған жұмыстарын баяндады.  

Форум соңында қатысушылардың ұсыныстары негізінде арнайы қарар қабылданды.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА