30.05.2013
Балауса балғын шаққа «қош» дегізіп...

Бүгінде осы шаңырақта 615 оқушы білім алуда. Салтанатты шараны ашқан мектеп директоры Мәрия Кабакова туған ұясынан ұшқалы отырған 26 түлекке сәт сапар тіледі. Бұдан кейін кенттік округ әкімі Қ.Надырғалиев баршаны қуанышты сәтпен құттықтады.

Білім ұясында 58 ұстаз қызмет жасайды, оның 60%-ы бірінші және жоғары санатты мұғалімдер. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген ұстаздар да баршылық. Соның айғағы ретінде салтанатты жиын-да «Үздік ұстаздар» шеруі сап түзеп, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен мұғалімдер мектебіміздің тұрақты демеушісі, «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Бақтиярдың атынан Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ шарада мектебіміздің көшбасшылары, белсенді және үздік оқушыларынан құралған «Жұлдыздар шеруі» сап түзеді. «Білім жұлдыздары» шеруін 10-сыныптың оқу үздігі Сұлтан Сағынтаев, «Өнер жұлдыздары» шеруін Рамир Биялиев, «Спорт жұлдыздары» шеруін үздік спортшы Мейірхан Тілеген бастап шықты. Аталмыш үздіктерге мектебімізге үнемі қолдау көрсетіп, өткізіліп жатқан әр-түрлі шаралардың басы-қасында жүретін Круглоозерный жүйке ауруларына шалдыққандарды емдеу мекемесінің директоры Қайретден Жақсығұлов және жеке кәсіпкер Әсия Сағымбаева  демеушілік көрсетіп, ақшалай-заттай сыйлықтарын ұсынды.

Халықтың ақ тілегіне, шат көңіліне, ата-ананың ілтипатына бөленген түлектер сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қимай қоштасса, өзге оқушылар жазғы демалысқа көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.

Гүлмира Биялиева,  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары