30.05.2013
Алаштың арысы еді – Жаһанша

Кеше Ж.Досмұха-медовтың туғанына 125 жыл толуына орай М.Ықсанов атындағы қоғамдық қоры мен Ж.Досмұхамедов атындағы педагоги-калық колледж директоры, қалалық мәслихат депутаты Шалқыма Құрманалинаның ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қолдауымен «Құрбан-дар есімі мәңгілік» атты студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Алаштың маңдайына сыймай кеткен арда азаматтың мерейтойына арналған шаралар жер-жерде өтуде.  Кеше алаш қайраткері атындағы педагогикалық колледжде өткен шара арыстың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Конференция жұмысына  тарихшы-ұстаз, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының төрағасы Дәметкен Сүлейменова, Жаһаншаның ұрпағы, қоғамдық қордың мүшесі Бисенғали Қуаншалиев, жазушы Амантай Боранқұл, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кеңесшісі Ажар Нұралы қатысты. Жиынды ашқан М.Ықсанов атындағы қоғамдық қор төрағасы Асқар Атаев жерлесіміз, қоғам, мемлекет қайраткері, батыс өңіріндегі Алаш ардагерлерінің жетекшісі болған, қазақтан шыққан прокурор, тұңғыш әділет генералы, сөз шебері Ж.Досмұхамедов жайлы тарихи сыр шертті. Бұдан соң конференцияның күн тәртібіне сай колледж студентттері М.Сапаш «Ж.Досмұхамедовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі», А.Білнанова «Заңгерлігін, қоғам қайраткерлігін ұштастырған тұлға», Б.Қараманова «Жаңа өмір жаршысы», А.Екпінова «Воспитание молодежи через идеологию Алаш» тақырыптарында баяндама жасады.  Ақ Жайық өңірінің перзенті Жаһанша Досмұхамедов туған топырағында атамыздың есімі жазылған «Алаш» туын тіккендердің бірі, бүкіл өмірін өз ұлтының жарқын болашағы үшін сарп етті. Жаһанша Досмұхамедов –1885 жылы қазіргі Сырым ауданы, Бұлдырты ауылы, Тамды Бойында дүниеге келген көрнекті мемлекет, ұлт қайраткері, жоғары білімді алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі, саясаткер. Тегі - Байұлына жататын тана руының қарақұнаны. Әкесі Досмұхамбет Жайық өңіріне дәулетті, көзі ашық кісі болған. Жаһанша ауыл молдасынан хат танып, жалдама жәдид мұғалімінен, кейін болыстық орыс-қазақ мектебінен білім алады. 1896 жылы Орал каласындағы реалдық әскери училищесінің дайындық класына қабылданған, әскери дайындықпен қатар өзге пәндерден тиянақты білім алып, үздік оқиды, кластан класқа емтихансыз көшіріліп, мақтау қағаздарына ие болып, есімі училищенің Құрмет тақтасына жазылған.

Алаш қайраткерлерінің қайсыбірінің аты аталса да, олардың тағылымды істері кісіні еріксіз толғанысқа жетелейді. Ұлттық идеяның аясында әрекет еткен олар қазақ ұлтының мемлекет болып қалыптасуы үшін басын бәйгеге тікті. Сол жолда өздерін құрбан етті. Алаш қайраткерлерінің сонау аумалы-төкпелі заманда ешбір қиындыққа қарамастан күреске белсене араласуы ұлтын, елін сүйген нағыз азаматтар екендігін анық көрсетеді. Әрине, кешегі тарих – бүгінге азық. Алаш көсемдерінің әрбір батыл ерлігін, рухани мол мұрасын келешек ұрпақтың санасына сіңіру – бізге сын.

Конференцияда студенттердің жан-жақты ізденіспен жасаған баяндамалары көптің көңілінен шықты. Айта кету керек, Алаш қайраткерлерінің ішінде өте аз зерттелген тұлғаның бірі – Жаһанша Досмұхамедұлы. Қазіргі күннің өзінде оған қатысты құнды тарихи құжаттар Мәскеудің, Петербордың, Омбының мұрағаттарында жатқан көрінеді. Тарихшы-ғалымдар Досмұхамедов туралы тың деректерді аша түсу үшін әлі де көптеген жазбаларға қолдары жетпей тұрғанын алға тартады.

Кәусар ДҮЙСЕКЕШҚЫЗЫ