27.10.2016
Астаналық Ахмет – фестиваль жеңімпазы!

Бүгін облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың VІІІ халықаралық «Атамекен» фестивалі өз мәресіне жетті.

Аталмыш ән байқауы алғаш рет Батыс Қазақстанда 2000 жылы ұйымдастырылған болатын. 2006 жылдан бері халықаралық дәрежеде екі жылда бір өткізіліп келеді. Биыл талантты жастар үшін шымылдығын сегізінші рет ашқан өнер додасына еліміздің өзге облыстарынан, Ресейден, Қытай мемлекеттерінен 30 үміткер қатысты.  

 –  Қадірменді жерлестерім! Міне, екі күн бойы ұлдарым мен қыздарым Ақ Жайықтың төрінде әндерімді қалықтата шырқады. Өнерімнің өміршеңдігіне куә болып, өзімді бақытты сезініп тұрмын. Биыл байқауға қатысушылардың саны артқан.  Әнқұмар тыңдаушыларыма, фестивальді ұйымдастыруға көп күш салған облыс әкімі Алтай Сейдірұлына, мәдениет басқармасына шексіз алғысымды білдіремін, – деген байқаудың қазылар алқасының төрағасы Ескендір Хасанғалиев өнерпаздардың болашағына зор сенім білдірді.

Қазылар алқасының шешімімен «Атамекен» фестивалінің бас жүлдесін Астана қаласынан келген Ахмет Сұлтан жеңіп алды. Ал  І орынға  алматылық Жомарт Жәкебаев лайық деп танылса,  оралдық Амир Сатыбаев, Шымкент қаласынан келген Мәдина Артембекова ІІ орыннан көрінді. Жүлделі  ІІІ дәрежелі диплом  семейлік Қуаныш Бекзатұлы мен Әлия Даукеноваға, қаратөбелік Рүстем Ақташевке, Алматы қаласынан келген Әдемі Кеңесбаеваға, қарағандылық Айзада Әбілхалықоваға бұйырды. Өзге  қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.  Дүбірлі дода жеңімпаздардың гала-концертіне ұласты.    

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА