«Жасыл ел» жастар жасағының сарбазы болу – қазіргі таңда үлкен бедел, олай дейтініміз студенттер бос уақыттарында еліне қызмет етіп, туған жерін гүлдендіруге, көгалдандыруға атсалысса, екіншіден, жазғы демалыстарын тиімді өткізеді. Ала жаздай еңбек «қазанында қайнаған» батысқазақстандық «Жасыл ел» жастар жасағы тамыздың бірінде үшінші еңбек семестрін бастамақ.
Елбасы бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» республикалық бағдарламасы биыл тоғызыншы жыл өз жұмысын жалғастыруда. Бағдарлама біздің қалада да жүйелі түрде іске асып келеді. Биыл өңірдегі 18-29 жас аралығындағы студенттер мен жұмыссыз жастар үшін республикалық «Жасыл ел» штабынан 750 квота бөлінген. Соның ішінде 400 квотаға жұмыс орындары аудандарда ашылса, 350-і қаланың үлесіне тиді. «Жасылелдіктер» жаз мезгілінде үш ауысымда еңбек етеді. Қазірдің өзінде алғашқы екі кезеңде жұмыс жасайтын 512 жаспен келісім жасалған. Аталмыш бағдарламаға негізінен студент жастар қатысады. Олар Орал қаласында және орман шаруашылықтары бар аудандарда еңбек етіп, орманды қураған бұтадан, қалдықтардан тазартады. «Жасыл ел» облыстық штабының басшысы Қанат Досмағамбетовтың айтуынша, жастар сондай-ақ қала мен ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына да қатысады. Биыл «жасылелдіктердің» жалақысы үшін облыстық қазынадан 22 893 750, республика қоржынынан 13 251 750 теңге қарастырылған. Студенттер орта есеппен айына 36 792 мың теңгедей табыс табады. Олардың міндеті – қала бойынша егілген жасыл желектерді баптап, күту, суару және арықтарды тазалап, арамшөптерді жұлу.
Түрлі шаралардың бел ортасында
«Заманменен Арман қала, Жасыл елмен таза қала» атты ұранмен «Жағалауды тазалау» акциясы аясында «жасылелдіктер» шілде айының 19-ы күні «Карьер» жағалауында тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, өздеріндей жастарға үлгі бола білді. Күні кеше өткен «Жайық өзенi. Еуразиялық ықпалдастықтың дамуы» атты халықаралық экологиялық форумда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабының менеджерi Альбина Қалиева мәжілісмендерді еңбек жасақтарының атқарған жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ 19 шілдеде «Болашақ жастардікі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен облыстық суда құтқару стансасында өткен суға жүзу сайысында штаб сарбаздары Ерлан Мамаев, Сұлтан Тәжиев жүлделі екінші орынды иеленген. Ал жастар ұйымдары және жұмыссыз жастар арасында шағын футболдан өткен жарыста жасақ сарбаздары біріншіден көрініп, аяқ доптың шеберлері екенін дәлелдепті.
Бүгінгі заманның талабына сай, өркениеттің дамуына байланыс-ты табиғат анамызға келіп-кетер залалдардың аз емес екені баршамызға мәлім. Осыған орай апта сайын жаһандық проблемаларды шешуде облыс көлемінде экологиялық шаралар өткізілуде. Ал осы шараларға белсене қатысушылардың бірі – «Жасыл ел» жас-тар еңбек жасақтары Батыс Қазақстан облыстық штабының ерiктiлерi мен сарбаздары. Ағымдағы жылдың маусым айында өткен «Жасыл қала – жасыл ел» тақырыбындағы кезектен тыс семинар-тренинг – бұған нақты дәлел. Сондай-ақ сарбаздар облысымызда бастау алған «Ардагерлерді ардақтайық» атты акция-ны жалғастырып, ардагерлердің хал-жағдайын білу, үй тұрмысына көмектесу мақсатында қарияларға қолғабыс жасау-ды әдетке айналдырған.
Қазіргі таңда қалада студенттердің өз еріктері бойынша құрылған жасақтарда барлығы 195 студент еңбек етуде. Олар қала көлемінде көгалдандыру жұмыстарына атсалысып жатыр. Ал тамыздың бірінен бастау алатын еңбек маусымының үшінші кезеңіне 95 сарбаз қатысады деп күтілуде.
Штаб жетекшісі Қанат Досмағамбетовтың айтуынша, жастардың еңбек етуге құлшынысы мықты. – Басты мақсат – Елбасы Жолдауын қолдау, жастарды жұмысқа орналастыру. Сондықтан жұмыс істеймін деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Қазірдің өзінде студенттермен бірге жұмысы жоқ жастар келіп тіркеліп жатыр. Бұл жерде жастар аса ауыр жұмыстарды атқармайды. Серіктестік жұмысшыларына көмекші ретінде қол ұшын береді. Айына қолдарына отыз алты мың теңгені санап алады. Жастардың барлығы жазғы уақытын тиімді өткізуді қалайды. Оларға бір мезгіл тегін тамақ беріледі. Киім-кешекпен қамтылған. Жұмыс басталар уақытта барлығын жинап қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірдік. Жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтамай, қиындыққа кез болған студенттер жоқ, – дейді ол.
Еңбек еткен азаматқа қашан да қолдау бар. Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен жазғы еңбек маусымында көзге түскен жастар арнайы сыйлықпен марапатталады. Мұндай қамқорлық, біріншіден, студенттердің еңбекке деген ынтасын арттырса, екіншіден өзге өңірлерге үлгі болмақ.
Жұмысқа жан сала кіріскен
Біз барған сәтте шырайланған шілденің таңымен таласа оралдық «Жасыл ел» жасағы жұмысқа кіріскен. Студенттер мен қаланың көркеюіне үлес қосам деуші жалынды жастар бұл күнгі жұмыс күнін көше бойын қурайлардан арылтып, қоқыстардан тазартудан бас-тапты. Содан соң БҚМУ аумағындағы Миша Гавриловтың ескерткіші маңына гүл отырғызу жұмыстарына кірісті.
– Жастарға экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. «Жасыл елдің» бірыңғай формасын киіп жұмыс істеу бізді ұйымшылдықпен еңбектенуге жетелейді, – дейді өз қаласына пайдасын тигізуге мүдделі жастар. Күннің аптап ыстығына қарамастан, жастардың жұмыс істеуге ынтасы зор. Уақытында жұмысқа келіп, өздеріне берілген тапсырманы дер кезінде орындайтын көрінеді. Бұл тұрғыда мекеме басшылары да дән риза. Араларында тіпті, үшінші, төртінші жыл қатарынан еңбек етіп жүрген жастар да бар.
Қайрат ЕСЕНГЕЛДИН, студент:
– Менің «Жасыл елде» жұмыс істеудегі басты мақсатым – өз маңдай теріммен ақша тауып, алған жалақыма жаңа оқу жылына киім-кешек сатып алу. Жастар үшін осындай бағдарламалар керек-ақ. Жұмысқа араласып, қоғамға қызмет етуге үйрену – алдағы өмірімізге үлкен дайындық.
Жанерке ТАПАЕВА, студент:
– «Жасыл ел» жасағының құрамында жұмыс істегеніме – биыл үшінші жыл. Елбасымыздың көрегенділігінің арқасында құрылған бағдарлама бізді Отанды, табиғатты сүюге баулып, тұрып жатқан қаламызға тырнақтай болсын үлес қосуымызға ықпал етеді. Жалпы, жасақта жұмыс істеген өте қызық. Өзің қатарлы жастармен танысып, тіл табысасың. Адамдармен араласуды үйренесің. Сондықтан жұмыстың ауырлығы да білінбей кетеді.
Гүлфани ЕРСАЙЫНОВА, студент:
– Таза әрі жинақы қалада өмір сүру – мақтаныш. Негізінен мен кішкентайымнан жұмыс істеп, анама көмекші болдым. Адал еңбекпен келген нанның қадірін білемін. Бағдарламаның жастарға берері мол. Біз бұл жерден үйренгенімізді басқаларға үйретеміз. «Жасыл ел» деп аты айтып тұрғандай, қаламыздың көркеюіне үлес қосу – парызымыз. Мұнда екі жыл қатарынан жұмыс істедім. Қазір қала көшелеріне әдемі гүлдер отырғызып, оларды суарып жатырмыз. Қыздар талдарды әктеп, бар күштерін салып еңбек етуде.
Ержан ТАЛАПҚАЛИЕВ, «Жасыл ел» жасағының бригадирі:
– Аса бір құлшыныспен жұмыстарына белсене араласып жатқан «жасылелшілердің» көңіл-күйлері өте жақсы. Айтқанды екі етпей, берілген тапсырманы уақытында орындауға тырысуда. Алдағы уақыттарда тағы да Зашаған кентінен Пугачев көшесіне дейінгі бөліктің тазалығы мен жинақылығына үлес қоспақпыз. Жазғы демалыс уақытында маусымдық жұмыс істеу студенттер үшін өте пайдалы. Мен мұнда жұмыс істеуді 1-курстан бастап, студенттік жасақты басқардым. Биыл да басталған істі жалғастырып келемін. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша бірнеше рет облыс көлемінде ұйымдастырылған жарыстарға қатысып бас жүлделерді иелендік. Біздің жасағымыздың бір ерекшелігі – қаламыздың таза болуына жыл бойына атсалысамыз. Қаладағы өзен-көлдердің жағасындағы қоқыстарды тазаладық. Мамыр айында жасақ жастары қартайған, көмекке мәжбүр кісілердің үйіне барып бақшасын баптап, ауласын тазалап қайтты. Жастар – ұлт келешегі. Ертеңгі қоғамның айнасы іспеттес. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да, жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұруы, олардың қоғам тынысына белсене араласқаны қуантады.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА