30.05.2013
Әлеуметтік жұмыс орындары құрылмақ

Сейсенбі күні қалалық әкімдіктің кіші залында қала әкімінің орынбасары Қуаныш Елубаев «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Жиынға «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Асланбек Сарқұлов, қалалық мәслихат депутаттары Марс Сатыбалдиев, Амангелді Ермекқалиев, Аветик Амирханян және бағдарламаның ұйымдастырушылары қатысты.

Алдымен сөз алған қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Ерлан Ғалиев  жұмыс берушілерге бағдарламаның тетіктерін түсіндіре келіп, бірінші бағытына баса тоқталды. – Бүгінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың жалақысы ай сайын салықтарды, әлеуметтік аударымдар мен пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескергенде, алғашқы алты айда 26 мың теңгеден, кейінгі үш айда 15,6 мың теңгеден, соңғы үш айда 7,8 мың теңгеден аспауы тиіс. Бұл ретте жұмыс берушімен жасалған шарт қолданылған тұтас кезең бойы жалақының айлық мөлшерін азайтуға жол бермейді, – деген Ерлан Ерсайынұлы бағдарламаны жүзеге асыру үшін кәсіпкерлерді өз мекемесінде әлеуметтік жұмыс орындарын құрып, бірге жұмыстануға шақырды. Бұдан соң  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Айгүл Төкешева:  – Бағдарлама талабына сәйкес жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орнын құру үшін алдымен жұмыспен қамту орталығына өтінім береді. Өтінім бұйрықпен бекітілген соң жұмыс берушімен келісімшарт жасалып, бос жұмыс орын тізіміне қосылады. Содан соң жұмыс берушінің мекемесіне жұмыссыздар жолданады. Жұмыс беруші жұмысқа қабылдағаны туралы бұйрық шығарып, ай сайын мәлімет кестесін тапсырып отырады. Содан соң жұмыс берушінің есепшотына қаржы аударылады. Бағдарлама жұмыс беруші үшін де, жұмыссыздар үшін де өте тиімді. Өйткені, жалақының 50 пайызы мемлекет қоржынынан төленсе, қалған елу пайызы жұмыс берушінің есебінен шығады, – дей келіп, күні бүгінде бағдарламаның келесі бағыттары бойынша қолға алынған жұмыстар жа-йын түсіндірді. «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асланбек Сарқұлов аталмыш бағдарламаның жүзеге асу барысы партияның басты назарында екенін айтты. – Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығынан партиялық бақылау бекетін құрдық. Оның төрағасы қалалық мәслихат депутаты Марс Сатыбалдиев. Бүгінде бағдарлама аясында қоян-қолтық жұмыстанудамыз. Айта кетерлік жайт, қазір партияның облыстық, қалалық филиалдарына бағдарлама бойынша бос жүрген азаматтарды жұмысқа қабылдадық. Тиімділігі өте жоғары деп айта аламын. Жалпы, бағдарламамен жолданған жастар жауапкершілікті терең сезініп, белсенді қызмет атқаруда. Үкімет тарапынан жұмыссыздардың санын азайту үшін қолға алынған бағдарламаға баршаңыз атсалысыңыз, – деді Асланбек Ахметоллаұлы. Өз кезегінде жұмыссыз жастардың мәселесіне алаңдаушылық танытып жүрген қалалық мәслихаттың жас депутаты Марс Қадырғалиұлы да кәсіпкерлердің әлеуметтік жұмыс орындарын құруда белсенділік танытуын сұрады.

Бағдарламаның байыбын түсініп, бұдан бұрын да мекемемен тығыз байланыс орнатқан ұйымдар мен мекемелер баршылық. Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Қуаныш Елубайұлы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге  асуына қолдау көрсеткен бірқатар кәсіпкерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында  қаладағы белді компаниялардың бірі «Алим» ЖШС да бар.  Компанияның қызметкерлерді дамыту бойынша директоры  Ақмарал Сәрсенова: – Біз бағдарлама аясында 2011 жылдан бері жұмыссыздарды жұмыспен қамтып келеміз. Әрине, «Жастар тәжірибесіне» қатысушылар – күні кеше жоғары оқу орнын тәмәмдағандар. Олардың ешқандай жұмыс тәжірибесі, біліктілігі болмайтыны белгілі. Дейтұрғанмен, «Алим» ЖШС-на тәуекел етіп, «Жастар тәжірибесі» негізінде 70-тен аса адамды жұмысқа қабылдадық. Қазір бұлардың 10-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарлама біз үшін де тиімді болды. Өскелең буынның жұмысқа қабілеттілігі мен белсенділігінің өзі неге тұрады? – деді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,

суретті түсірген

А.СУЕТИН