11.06.2013
Мәслихаттың веб-сайты жаңартылды

Кеше «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында Орал қалалық мәслихатының веб-сайтының таныстырылымы өтті. Мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кері байланыс жүйесін жетілдіру, жергілікті өкілетті органның, оның тұрақты комиссиялары мен өзге органдарының қызметі, қабылданған шешімдерінің орындалуы, депутаттық қызмет туралы сайлаушыларды хабардар ету мақсатында қайта жанданған веб-сайттың таныстырылымына қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңа үлгідегі веб-сайтты жан-жақты таныстырған қалалық мәслихат хатшысы Абат Шыныбеков Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында «Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек» деп нақты көрсетілгенін атап айтты. – «Қазақстан республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органы өз қызметін жүзеге асыру кезінде жариялылық пен ашықтық, қоғамдық пікірді ескеру қағидаларын ұстануғ, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті өзін-өзі басқару органдарының отырыстарына еркін қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған орай орал қалалық мәслихаты депутаттарының есепті кездесулері барысында түскен ұсыныстар негізінде мәслихаттың веб-сайты жаңартылды, – дейді Абат Шыныбекұлы. Жаңарған веб-сайттың біріншіден, сыртқы келбеті өзгертілген, екіншіден, жаңалықтың жедел түрде шығу мүмкіндігі жолға қойылған. Сондай-ақ сайлаушылардың өз округтерін іздеу форматы енгізілген, яғни мекенжай бойынша әр тұрғын қай сайлау округіне жататынын және сол округтің депутаты кім екенін бірден біле алады.  Мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кері байланысын қамтамасыз ету мақсатында әрбір депутаттың жеке блогы ашылған, онда депутаттың өмірбаяны мен азаматтарды қабылдау уақыты көрсетілген.  Алдағы уақытта сайлаушылар жаңа веб-сайт арқылы өз депутатына тікелей сұрақтар қойып, жауап алуына мүмкіндік бар. Фотогалерея, бейнегалереялардан депутаттардың көшпелі отырыстары, семинар-кеңестер, тұрақты комиссия отырыстары жөнінде толық ақпараттар  алуға болады.  

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА