18.10.2016
Учаскелік полицейлер жетіспейді

Қазанның он бірі күні қалалық мәслихаттың нормативтік құқықтық мәселелер және жұртшылықпен байланыс жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері бас қосты. Комиссия отырысында үкіметтік емес ұйымдар жұмысы мен қоғамдық тәртіп мәселелері талқыланды.

       Күн тәртібіне сай депутаттарға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Даумов үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша тіркелген ҮЕҰ-дың саны 643-ті құраса, оның 380-і яғни 60 пайызы қала аумағында жұмыс істейді. ҮЕҰ-ды қолдау, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатында өткен жылы 6 млн. теңге қарастырылса, ағымдағы жылы 9 млн. 400 мың теңге қаражат бөлу жоспарлануда екен. Аталмыш қаражатқа биыл тоғыз жоба жүзеге асырылмақ. Осы орайда қалалық мәслихат депутаты Амангелді Ермекқалиев ҮЕҰ атқарған жұмыстарын саралап, тоқсан сайын есеп берулері керегін баса айтты.  Келесі кезекте  Орал қаласы жергілікті полиция қызметінің басшысы Мүсілім Жәрдемов жыл басынан бері шаһардағы қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына тоқталып, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.  Есепті кезеңде қала аумағында жергілікті полиция қызметімен 6381 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға артқан. Соның ішінде қоғамдық орындарда орын алған қылмыс деңгейі 2300-ге жеткен. Сондай-ақ мүлдем төзбеушілік қағидасы шеңберінде 28 765 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Ал қоғамдық қауіпсіздік бағыты бойынша 16 881 құқықбұзушылық орын алған. Күні бүгінде Орал қалалық ішкі істер басқармасы құрамында 84 учаскелік полицей жұмыс істесе, қалада 23 учаскелік бекет бар. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында қала аумағына 103 бейнебақылау қондырғысы орнатылған. Бір қуанарлығы, биыл жеткіншектер арасындағы қылмыс 31,7 пайызға төмендеген. Бұл бағытта қалалық білім бөлімі, прокуратура, ҮЕҰ өкілдерімен, ата-аналар комитетімен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар атқарылған.  Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаты Серік Мұхамбеталиев өз округіне қарасты Зачаганск кентінде учаскелік полицейлердің  жетіспеушілігін алға тартты. Бұл мәселе жыл сайын көтеріліп жүр. Сондықтан жауап та бәз баяғыдай. Аталмыш кентте бүгінде халық санының күрт өсіп келе жатқанына қарамастан 9 учаскелік полицей жұмыс істейді. Бір учаскелік полицейдің бір жылға бюджеттік шығыны  бір млн. теңгені құрайтынын ескерсек, әзірге бұл көрсеткішті көбейтуге негіз жоқ көрінеді. Бұл күні қаралған барлық мәселелер комиссия мүшелерінің қаперіне алынды.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА