03.03.2016
Жәрмеңкеден жастар үмітті

Кеше қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Нұр Отан» партиясымен бірлесе бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Бұл күні «екі қолға бір күрек іздегендер» жұмыспен қамту орталығына бет алды. Мұнда келушілердің көбісі дерлік жастар.

Жәрмеңкеге  қаладағы 11 жұмыс беруші мекеме және «Карьера» жеке агенттігі қатысып, 137 бос жұмыс орнын ұсынды. Әсіресе, жұмыс берушілер тарапынан инженер, дәрігер, есепші, лаборант, токарь, жүргізуші, дәнекерлеуші, слесарь мамандарына сұраныстар көп болды. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығының мамандары келушілерге жастар тәжірибесінен өту, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар жөнінде түсіндірді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының жүзеге асуы турасында да ақпараттар берілді.  РУ-73 мекемесінің кадр жұмыс тобының аға инспекторы Ләззат Садықованың айтуынша, қазіргі таңда қатаң режимдегі мекеменің медициналық бөлімшесіне дәрігер мамандар қат. – Әзірге тапсырылған түйіндемелер жетерлік, кейіннен жұмыс іздеушілермен хабарласып, қажетті мамандарды шақырамыз, – дейді ол.

 – Осындай жәрмеңкелер өткізу арқылы жұмыссыз жүрген жандардың мамандықтары бойынша қолайлы жұмысқа орналасуына ықпал етудеміз. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығы арқылы  553 адам жұмысқа орналасты. Олардың ішінде 172-сі тұрақты жұмыс тапса, 41-і жастар тәжірибесіне жолданды, 8-і әлеуметтік жұмыс орнына, 332-сі қоғамдық жұмыстарға тартылды, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Қырмызы Айтқалиева.  

Кәусар ДҮЙСЕКЕШҚЫЗЫ 

Сағындық ҚҰСПАНОВ, қала тұрғыны:

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы  қаладағы «Қазақ зағиптар қоғамы» жанындағы мәдениет үйіне өнерпаз болып жұмысқа орналастым. Елбасының мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасына орай біз қоғамнан шет қалмай, мүмкіндігімізше қызмет етудеміз.