27.10.2016
Әскери бөлімнің әлеуетімен танысты

Қазанның 21-і күні Орал қалалық мәслихатының әлеуметтік мәселелер және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері қаладағы 5517 әскери бөлімінде көшпелі отырыс өткізді.

Халық қалаулыларын жылы  қарсы алған  «Батыс» өңірлік бас қолбасшылығы  қолбасшысының   тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Берік Омаров пен  5517 әскери бөлімшесінің командирі Асылхан  Шайкамалов       алдымен әскери бөлімнің казармасы мен асханасын аралатып, әскери қару-жарақ техникасымен, сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Мәселелер қаперге алынды

Сала мамандарының айтуынша,  әскери бөлімше ғимараттарының іргетасы осыдан 58 жыл бұрын құрылған. Отан алдындағы қызметін өтеп жүрген сарбаздар  қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті  сақтаумен қатар  қаладағы екі түзету мекемесін күзетеді. Депутаттар алдымен казармаға аялдады. Сарбаздардың жатын бөлмесі жинақы, әрі таза болғанымен, ғимараттың ескілігі сырт көзге байқалып-ақ тұр. Әскери тәртіпке бағынған сарбаздар күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарына кіріскен.

 – Қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі –  әскери қалашығымыздың қоршауының аласалығы және әлсіздігі. Қоршаудың ұзындығы – үш шақырым, биіктігі –  екі метрге жуықтайды. Ішкі аймаққа толықтай бейнебақылау қондырғылары орнатылған, ал ауланың сыртқы бөлігіне, яғни Жуков, Мәметова көшелерінің бойына бейнебақылау орнату туралы ішкі істер департаментімен келіссөздер жүргізілуде,  – деген әскери бөлімнің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Берік Омаров әскери бөлім ауласына асфальт төсеу мәселесін де депутаттардың қаперіне салды.   

«Үздік асхана»

Бұдан соң комиссия мүшелері асханаға беттеп, сол күнге бекітілген ас мәзірімен танысты. Мұнда үш үстелде сарбаздың  таңғы, түскі және кешкі астары дайын тұр.  Жеке кәсіпкер, асхана меңгерушісі Екатерина Сүндетова депутаттарға мән-жайды түсіндірді.  – Мемлекеттік сатып алу бойынша бір сарбазға күніне 1005 теңге бөлінеді. Аталған сома ас мәзірінде көрсетілген тағамдарды сатып алуға жұмсалған қаражатты ақтамайды, яғни көрсетілген ақшаға  қазіргі таңда  күніне үш мезгіл осындай тағамдармен ауқаттану  мүмкін емес. Әйтсе де, ата-анасынан жырақта жүрген әр бозбаланың дұрыс тамақтануына жауапты болғандықтан, тапсырылған міндетті абыроймен атқаруға тырысудамын. Өз балам да кезінде осы жерде әскери борышын өтеді. Сондықтан баласын әскерге аттандырған әр ананың жағдайын өте жақсы түсінемін, – дейді Екатерина Лукьянқызы. Айта кету керек, 5517 әскери бөлімінің асханасы өткен жылы республикалық «Ұлттық Ұлан» әскерилері арасында «Үздік асхана»  аталымын жеңіп алған. Ұландардың әскери ант  қабылдау салтанатына келгенде, сондай-ақ арнайы «Ашық есік» күндерінде  ата-аналар ас мәзірін көріп, көңілдері жайланып қайтатын көрінеді. Бұдан соң халық қалаулылары бөлімше ауласына шығарылған әскери техникалар мен қару-жарақтардың қыр-сырымен танысып, былтыр ашылған мұражайды аралады. Депутаттарға музей экспонаттарының тарихы туралы тәрбие ісі және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының офицері Лилия Пансұрова баяндады.                          

Баспана мәселесі алаңдатады

Көшпелі отырыс барысында депутаттар әскери қызметкерлермен жүздесіп, ұсыныс пікірлерін тыңдады. Жеке құрам алдында сөз алған қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров: – Бүгін, міне, әскери бөлімнің басшылығының шақыруымен  келіп, жұмыстарыңызбен таныстық. Әскери қалашықтағы  казармамен, асханамен, қару-жарақтар және техникаларыңызбен, сонымен қатар музеймен таныстық. Биыл – тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл, сол  жылдарда еліміздегі жағдай түбегейлі жақсарды. Еліміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін сақтаудағы сіздердің атқарып жүрген жұмыстарыңыз шексіз. Кездесу барысында айтылған мәселелердің мән-жайын біздер қала және облыс басшылығына жеткізіп, қолдан келгенімізше шешуге тырысамыз, – деді. Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаты Дархан Қадралиев ұлттық қауіпсіздікті сақтау – Елбасы ұстанған басым бағыттардың бірі екеніне тоқталып: – Қазіргі кездегі лаңкестік, діни экстремизм қауіптерінен халықаралық деңгейде көптеген мемлекеттер жапа шегіп жатыр. Соған байланысты мемлекет тарапынан  еліміздің қорғаныс, әскери саласына ерекше көңіл бөлінуде. Қаладағы әскери бөлім жағдайының қандай екеніне көзіміз жетті. Бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары, – дей келіп, талқыланған мәселелерді саралап, құзырлы атқарушы органдармен бірге шешімін табуға тырысатынын жеткізді.

Әскери бөлімнің мемлекеттік тілді енгізу бойынша тәрбие және әлеуметтік-құқықтар бөлімшесінің аға көмекшісі  Алмагүл Жұмабекова әскери қызметшілерді қоғамдық көліктерде ақысыз жолақы билеттерімен қамтамасыз ету  және «Ақжайық» шипажайына жолдамалар қарастыру мәселелерін көтерді.   Ал әскери штаб басшысының орынбасары, капитан Қанат Жайжановтың айуынша,   ол 2008 жылы  осы бөлімшеге жұмысқа орналасып, сол жылы тұрғылықты жері бойынша  баспанаға кезегіне тіркелген. Кейін  2009 жылы Атырауға қызмет бабымен ауысуына орай тұрғын үй тізімінен сызылған. Осы орайда әскери қызметшілерді жұмыс бабымен түрлі қалаларға ауыстыра беретінін тілге тиек еткен азамат «әскери мамандарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы қарастырылса» деген ұсынысын жеткізді.  Бұл тұрғыда депутаттар  ҚР Парламенті депутаттарына тұрғын үй қатынастарын реттейтін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс түсіретіндерін айтты.  

Ал келісімшарт бойынша әскери қызметкер, сержант Жантас  Жәрдемғалиев: – Үш балам бар, біреуі  – мүгедек. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үш бөлмелі пәтерге құжаттар тапсырдым. Жалақым ай сайынғы төленетін несиенің көлемінен төмен болғандықтан, банк маған  жалақысы 200-300 мың теңгені құрайтын  кепіл табуымды талап етіп отыр. Ал менің айналамда мұндай  жалақысы жоғары жан жоқ, – дей келіп, бұл талаптарды жеңілдетуге көмек сұрады.  – Аталмыш банк мемлекеттен дербес ААҚ болып табылады, сондықтан мемлекет оған өз талаптарын қоя алмайды, – деген депутат Аққали Үмбетқалиұлы әскерилерге тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңестер берді. Көшпелі отырыс барысында қаперге алынған мәселелер алдағы уақытта жан-жақты сараланбақ. 

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,

Жайық үні – Жизнь города» газеті