16.05.2013
Орал қалалық мәслихатының депутаты Шалқыма Құрманалина: «Ел болашағының іргетасы әрбір үйде қаланады»

Халықаралық отбасы күні қарсаңында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің директоры, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы Саяси кеңес мүшесі, депутаттық фракция жетекшісі, Орал қалалық мәслихатының депутаты Шалқыма Құрманалинаны сөзге тартқан едік.

– Шалқыма Хайроллақызы, алдымен өзіңіз басшылық ететін колледждегі қазіргі таңдағы жас ұрпаққа тәрбие беру үрдісіне тоқталсаңыз.

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты, – деді Н.Ә.Назарбаев. Осыған орай Ж.Досмұхамедов атындағы колледжде болашақ мұғалімдерге тәрбие беру республиканың барлық білім беру мекемелеріне ұсынылған «Жеке тұлғаны қалыптастыру моделі» бойынша жүзеге асырылып келеді. Тәрбиенің жаңа моделі қоғам өміріндегі ережелер мен салт-дәстүрлерге сәйкес  жеке тұлғаның сана-сезімін, адамгершілік қасиеттерін дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды, қарым-қатынас этикасы мен мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасайды. Бағдарлама бойынша жеке тұлғаға әсер ететін отбасы, ұжым, қоғам, әлем бағыттары  бойынша қарастырылады.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ отбасында ұлағатты тәрбие беріліп жатыр ма? Ұлттық тәрбие мәселесін таратып айтыңызшы. Осы саладағы олқылықтардың түпкі себебі неде?                            

 – Қыз бен жігіттің арасындағы сүйіспеншілік пен адал махаббаттың күшімен екі жас қосылып шаңырақ құрады, өмірдің ащысы мен тұщысын, қызығы мен шыжығын, бірге көріп, ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, адал болуға жағдай жасауға міндет алады, өмірге бала келеді. Отбасы – тәрбие мектебі, өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында өседі, білім алады, ержетіп, тәрбиеленеді. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер» дегені бар. Шындығында, әр отбасының өзіне тән тынысы, тіршілігі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын құндылықтары бар, сондықтан ол дұрыс басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Ата-бабамыздан қалған өсиет бойынша, ер-азамат басшы, немесе отбасының Президенті, әйел – шаңырақтың ұйытқысы, берекесі, шапағат көзі, қосшысы. Отбасы беріктігін сақтау, ана болу, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, ерінің адал жары, үйдегі шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық та отбасында басталады. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген. Әйелдің еріне қарым-қатынасы, үй ішіндегі әдептің бастау көзі, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы. Әкені құрметтеу – ол айрықша парыз, сондықтан да отбасындағы береке – ерлі-зайыптылардың бірлігінде, болашақтың іргесін бірігіп қалауында. Ананың ақ сүтін, әке өсиетін ақтау – өз болашағыңды сақтау дегендей, ата-анаға не істесең, алдыңа сол қайтады.

Қоғам салауаттылығы, мемлекеттің беделі, берекесі отбасында қалыптасатын адами құндылықтарға, отбасы берекесіне тәуелді деп айтуға болады. Мысалы, көп отбасында материалдық құндылықтарға табынушылық салдарынан баланың санасында тілегеніме ақшамен қол жеткіземін деген ой пайда болады. Себебі, кейбір ата-аналардың ойынша, бәрі сатылады, ақша болса, балаға үйде жағдай жасасам болғаны, қалғанын балабақша, оқу орындары, яғни қоғам тәрбие беруі қажет деп қателеседі. Немесе, ата-ана күнделікті нан табу қамымен жүргенде бала тәрбиесі ақсай береді, отбасылық құндылық төмендейді. Отбасында белгілі бір түсіністіктің болмауы, ұрыс-керіс, жанжал, әке-шеше ажырасуы, баланың жаман жолға түсуіне, балаға қатты психологиялық әсер етеді. «Отбасында бала тәрбиесімен кім айналысады?» деген сұрақты біз ата-аналарға, студенттерге қойдық. Алынған анкеталық сұрақтардың қорытындысы бойынша отбасындағы бала тәрбиесімен әйелдердің 51 пайызы айналысса, ерлер үлесі 7 пайыздан да аспайтын болды. Қалған 13 пайызы әке мен ана, 19 пайызы ата мен әже, 10  пайызы бала күтушісінің еншісінде екен. Бұл ойландыратын нәтиже, себебі, қазіргі кезде аналардың 49 пайызы қызметтен қалмай, бала тәрбиесін ата-әжеге, немесе бала күтушіге қалдырса, отбасы тәрбиесіндегі әке рөлінің тіпті төмендігін көрсетеді.

Отбасына деген дұрыс көзқарас, қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында колледжде «Біздің отбасындағы дәстүрлер мен мерекелер», «Қыз өссе – елдің көркі», «Қазақ отбасындағы бала тәрбиесіне қойылатын талаптар», «Отан отбасынан басталады» тақырыптарында өнегелі, мағыналы тәрбие сағаттары арқылы ұлдарымыз бен қыздарымызға отбасы, әке, ана, ата, әже, бала тәрбиесі, отбасының қоғамдағы рөлі жөнінде кең мағлұматтар беріледі.

«Ананың көңілі балада» айдарымен топ студенттерінің жанұя жағдайымен танысып, топтың әлеуметтік картасы жасалады. Нәтижесінде топтағы әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге материалдық және моральдық тұрғыда көмек беріледі.

– Шалқыма Хайроллақызы, отбасы тәрбиесі сізді бұрыннан да толғандыратынын колледж жанынан құрылған «Ажар» қоғамдық бірлестігі, «Ұрпақтар сабақтастығы» клубының жұмысынан да жақсы білеміз. Қазіргі толғаныстарыңыз бұрынғыдан қиындай түсті ме?

   – Колледж жанынан құрылған «Ажар» қоғамдық бірлестігінің мақсаты – қыз балалардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту, жастар мәселесі, отбасылық адамгершілік құндылықтарды насихаттауға негізделеді. «Ажар» қоғамдық бірлестігінде ұйымдастырылған шараларда ұзақ жылдар бойы отбасында үлгілі бала тәрбиелеп, «ұлын – ұяға, қызын – қияға» қондырған ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған өнегелі отбасыларды ұлықтау дәстүрге айналған. Атап айтсақ, «Ұрпақтар сабақтастығы»  клубының белсенді мүшелері,  көп балалы Әжіғұловтар, Иманғалиевтер отбасыларының өнегесін жастарға үлгі ретінде насихаттадық. Халқымыз пәктік пен тазалықты, ашылмаған жұмбақ-сырды, мөлдір махаббат пен ыстық мейірді қыз бойынан көргісі келген. Алайда біздің елде дүние есігін ашатын әрбір бесінші бала некесіз отбасында өмірге келеді. Бұл – біздің елімізде мыңдаған әйел жесір, мыңдаған бала жетім өмір сүріп жатыр деген сөз. Шаранасын шарасыздықтан жетімдер үйіне тастап кететіндердің көбі уылжыған жастар. Қазіргі қоғамда кіндіктерін ашқан, танауға сырға таққан, тұмшаланып киініп, жүзін жапқан қаракөз қыздарымыз көбейіп келеді. Бұл – еркіндікті дұрыс пайдаланбау. Ата-баба дәстүріндегі қыз бала тәрбиесінің биік тұғырын аласартып алмасақ екен. Қыз тәрбиесін уысымыздан шығарып алсақ, ертеңгі ұлт тағдыры не болмақ? Бұл мәселелер барлық аналарды мазалайды деп ойлаймын, сондықтан осы бағытта колледжде оқитын  студент қыздарға ұлттық негізде тәлім-тәрбие беріп, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, өз құқығын сақтау мен қорғау, отбасылық адамгершілік  құндылығы мен берекесін сақтауға тәрбиелеу   мақсатында  «Ажар»  қоғамдық бірлестігі  жанынан “Көшбасшылар мектебі” құрылды.

“Көшбасшылар мектебінің” басты ұстанымы – өзін-өзі басқаруға, бірін-бірі басқаруға, еркіндікке, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірте отырып тәрбиелеу, ойлауға, болжамдау арқылы нәтижеге ұмтылуға, ұсыныстарымен санасу арқылы бірігіп басқаруға дайындау. Жан-жақты дамыған, ойын-да бүгіннен озып, болашаққа бағытталған арманы бар, алғыр, намысты, белсенді қыздар баршылық. Бала кезінен өңменінен итеріп, қатаң тәрбие көргендер, сырын да, шынын да сыртқа шығаруға батылы жетпей мұңлық күй кешеді. Осыған орай «Директорға хат» жәшігі арқылы, бетпе-бет келгенде айта алмайтын өзегін өртеген шындықты қағазға түсіріп, хат жолдайтындар да бар,  мен міндетті түрде жауап беріп, көмектесуді өзімнің аналық борышым деп есептеймін.

– Қыздарды ұлт болып тәрбиелеу үрдісіне қаншалықты көңіл бөлесіз?

    – Күні бүгінде елге танымал ақын, қазақ қыздары тәрбиесіне тікелей араласып жүрген Ақұштап Бақтыгереева колледжде қыздардың ұлттық санасын, ұлттық мінезін қалыптастыруға тікелей ықпал етіп жүргенін мақтанышпен айта аламын. Апаларының өмір тәжірибесі сабақ болсын, ұлтжандылығы, іскерлігі, білімпаздығы, қайраткерлігі, парасаттылығы жұғысты болсын деген ниетпен және қыздарды бүкіл ұлт болып тәрбиелеу үрдісін сақтау мақсатында білім қара шаңырағында Ақұштап Бақтыгереева, Софья Шаймарданқызы, Жұмағаным Рахимова, Ақмаржан Таубаева, Сара Танабаева, «Ару аналар» ұйымы, әжелер ансамблінің мүшелері, көп балалы «Алтын алқа» иегерлері, «Ажар» ҚБ мүшелерімен кездесулер жиі өткізіледі. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өссе екен. 

Өкінішке орай, күні бүгінде берекеті кетіп, шырқы бұзылған отбасылар саны аз емес. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Қазіргі кезде отбасының әлеуметтік жағдайы дұрысталып, азаматтар атқа мініп, үлкенді-кішілі қызметке тұрса, отбасынан алшақтап, ерте кетіп, кеш келіп, жанұяның шырқын бұзып, арақ ішіп, шаңырақ шайқалып жатқан жағдайлар да кездеседі. Кейде бар білімін пайдалана алмай, жұмыссыздыққа ұшырап, таңертеңнен кешке дейін ғаламтормен алысқан,ақты қараға бояп, барды жоққа шығарып, әркімнің жетегінде кетіп, тұнып тұрған бірлікке, істелініп жатқан жақсылыққа көлеңке түсіретін, өзінің орнын таба алмай жүрген  жастар, азаматтар мен азаматшаларға жаның ашиды. Бірақ олар сөз бостандығы деп, ауыз-дарына келгендерін айтып, кімнің дос, кімнің қас екенін айырмайды. Көптеген шаңырақтың бұзылмай сақталуы, тек қана жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, балалардың болашағын ойлайтын әйелдің ақылдылығы, парасаттылығынан, азаматын адал сүю, сыйлау, сенім білдіру сияқты адами қасиеттермен ноқталауды ту қылып ұстаудың арқасында. Өкінішке орай, әйелдердің арасында да еркектерден қалмау үшін ақша тауып, үй шаруашылығына көңіл бөлмей, бір баламен шектеліп, карьера құрбанына айналып, бала тәрбиелеуді басқаға жүктеп, немесе маскүнемдікке, жұмыссыздыққа, нәпсіқұмарлыққа беріліп, абыройдан айырылып жүргендер де табылады. Ондай отбасында қандай тәрбие, береке болуы мүмкін. Отбасы – шағын мемлекет, ол шағын мемлекеттің ішкі саясатын дұрыс жүргізе алмаған Президент пен премьер кімге тұлға, кімге үлгі болмақ? Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азамат пен азаматшалар ата-әженің, әке мен шешенің тәлімін көріп бой түзесе, ерлі-зайыптылардың сөздері мен істері, үйде де, түзде де бір болса, бір-біріне деген ыстық махаббат, жылдар бойы сыйластық пен туыстыққа айналса ғана үлгілі отбасы мемлекеттің берік тірегіне айналады. Сондықтан да әрбір ата-ананың қоғам, мемлекет алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, отбасын бұзатындарға, отбасын сатқан, Отанын сатқанмен бірдей, қатаң жаза қолдану керек деп ойлаймын. Азаматтар мен азаматшалардың карьерасы отбасындағы орнына, балалармен жүргізілген тәрбиесінің нәтижесіне байланысты көтеріліп, төмендейтін болса, шындығында бақытты отбасылар көбейіп, мемлекетіміздің алтын бесігіне айналар еді.

  – Тәрбие жұмысындағы басты міндет – қыз балаларды тәрбиелеу дедіңіз, ендеше олардың қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысына мән бересіз бе?

   – Осы бағытта оқу орнында «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле», «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «О роли семьи в жизни человека»  атты ата-аналар жиналыстары өткізілді. «Насколько мы знаем своих детей и насколько мы им доверяем» тақырыбында ата-аналармен дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ үлкендерден үлгі-өнеге алу мақсатында құрамына  облыс өміріне тікелей араласқан ардагерлер енетін «Ұрпақтар сабақтастығы» клубы қызмет атқарып, өз қадірін өзгеге мойындата алатын қыздар тәрбиелеуге, қасиетімізді жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеуге көмектесуде. Сондай-ақ ұлдың мәртебесін биіктетіп, болашақ отағасы, азамат деп қарау, әке мектебінен, ата тәрбиесінен өткізу көзделеді. Нәзік қыздарды аялап, сыйлап, құрметтей білген баладан ізетті ұл шығады. Өзі секілді ұрпақ өсіреді. Жүрісі жібектей, мінезі мақпалдай, қылығымен қуантатын қыздан іргелі үйдің босағасын берік ұстайтын ана шығады. Өзіндей қыз өсіріп, ел көркіне айналады. Колледжде ұл балаларға патриоттық тәрбие беру, отбасылық құндылықты насихаттау, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жас Отан» жастар қанаты мен Жастар комитетінің ұйымдастыруымен «Ерлер конференциясы» өткізіліп, шараға колледждегі ер балалар, әкелер, учаскелік инспектор қатысты.

– Бала тәрбиесіндегі ерлі-зайыптылардың жауапкершілігін теңестіру керек деген пікірді қолдайсыз ба?

   – Әрине, қолдаймын. «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, дана Абай айтқандай, отбасының берекесі, ырыс несібесі, адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі жетістігі, қадір-қасиеті, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі, абыройы отбасында қалыптасып, жетіледі, мемлекеттік деңгейге көтеріледі. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен абыройлылық, инабаттылық тәрізді ұлттық құндылықтар қалыптасқан өнегелі отбасы моделін құрып, бала тәрбиесіндегі ерлі зайыптылардың жауапкершілігін теңестіріп, бала тәрбиесін мемлекеттік деңгейде бағалайтын, еңбектің ең қажетті түріне айналдырып, еңбекақы, зейнетақы төленетіндей дәрежеге жеткізу керек. Сондай-ақ Швецияның тәжірибесін ескеріп, баланы күту демалысын отбасы бюджетіне сәйкес аналармен бірдей әкелерге де берілетін күнге де жетерміз. Өнегелі отбасынан, бала тәрбиесімен қатар еңбекте де жетістікке жеткен көп балалы аналар мен әкелерден мемлекеттік сыйлықтарды аямау керек. Тарихын, мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын, жол-жорасын сақтап, жан-жақты біліммен қаруланып, компьютерді еркін меңгерген тең құқықты қыздарымыз уыздай ұйыған ынтымағымызға, береке-бірлігімізге көлеңке түсірмеу жауапкершілігін сезінуі керек. Бойында жалындаған қуаты, жүрегінде оты бар намысты қыздарымыз, оларға тәрбие беретін ұстаз аналар көп болса, еліміздің туының жоғары, еңсеміздің биік болатынына сенім мол.

Тәуелсіз Қазақстан болашағының іргетасы әрбір үйде қаланады, еліміздің экономикалық әлеуеті әрбір отбасының берекесінен бас-тау алады. «Алты аға бірігіп – әке болмас, Жеті жеңге бірігіп – ана болмас», – дегендей, бала тәрбиесін жақын-жуық, ата-әже, күтушіге жүктемей, балабақшаға да тек үш жастан бастап беру керек, сонда ғана білімді де іскер, еліміздің лайықты экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз етуге қабілетті ұрпақ өсіретін отбасылар көбейеді.

 

Сұқбаттасқан Кәусар БАЙҒАЛИЕВА