11.06.2015
«Ұлт жоспары – 100 қадам» педагогтар талқысында

Жақында Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалы саяси кеңес бюросының мүшесі Шалқыма Құрманалина ұжымымен бірге «Ұлт жоспары – Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы» бағдарламасын талқылады.

Елдің дамуы экономикаға және қолға алынған іргелі бағдарламаларға тікелей байланысты. Соның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының (ҮИИДБ) рөлі айрықша. Қазақстан іске асырып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық саясат ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Аталған бағдарлама Елбасының бастамасымен қолға алынды. Бұл құжат Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 2009 жылғы 15 мамырдағы кезектен тыс ХІІ съезінде берген тапсырмасы негізінде әзірленді. Ал оны Қазақстан  Президенті 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығымен бекітті.

   – Әрине, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ел экономикасына үлкен ықпал еткені шындық. Ең бастысы, біздің экономикамызға жан бітірген бағдарлама болды. Өткен жылы оның алғашқы бесжылдығы аяқталды. Нәтижесі анық көрініп тұр және елдің ішкі жалпы өнімінің өсуіне өзінің үлесін қосты. Бұған дәлел – өткен бес жыл ішінде жаңадан 690 өндіріс орнының ашылғаны, – деген ақпараттық-насихат тобының жетекшісі Шалқыма Хайроллақызы біздің өнімдеріміз экологиялық, табиғи жағынан алғанда әрқашан таза әрі сапалы екенін, сондықтан әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие екеніне тоқталды. –  Бәсекеге қабілетті және табиғи өнімді шығаруымыз керек. Елбасының берген тапсырмалары мен алға қойған міндеттері осындай. Қаржы дағдарысының алдын алу үшін, экономикамызды қорғау үшін Ұлттық қордан арнайы қаражат бөлінді. Оның қандай салаларға бағытталатынын Президент өз Жолдауында нақты көрсетіп берді. Елбасы «Нұрлы Жол» бағдарламасын ұсынды. Әлемде дағдарыс болып жатса, біз өзіміздің ішкі инфрақұрылымдарымыздың дамытуды қолға алып отырмыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің қарсы іс-шараларды қолға алғанымызды көрсетіп отыр. Елбасы айтқандай, дағдарыс келеді, кетеді. Бірақ ұлт болашағы, ұрпақтар жалғастығы, мемлекеттің баяндылығы мәңгілікке қалады. Бұған дәлел Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімі кезінде болашағы біртұтас ұлт, Мәңгілік Ел болу үшін халықтың алдында жария еткен ең өзекті бес ұлттық институттық бағдарламаны ортаға салғандығында. Аталған бағдарламада ел болашағының келешекте жарқын болуы үшін ең әуелі қазіргі заманға сәйкес кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заңның үстемдігі, әділ сот төрелігін жүргізу, индустрияландыру мен экономикалық өсім қажеттілігі атап көрсетілген.

Егер біз Елбасының қазіргі жүргізіп отырған көпвекторлы саясатын бүкіл халық болып қолдап, әсіресе, жоғарыда айтылған бес институттық реформаны және «Нұрлы Жол» бағдарламасын аса тиімділікпен орындап шықсақ, онда әлбетте Елбасы айтқан 2050 жылы 30 елдің қатарына қосылуымыз керек деген меже мезгілінен бұрын орындалатыны күмәнсіз, – деді Шалқыма Хайроллақызы.

   Бұдан соң сөз алған  «Педагог» бастауыш партия ұйымының төрайымы А.Оразғалиева  Елбасы жариялаған «Ұлт жоспары – 100 қадам» баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет атты бес институттық реформасын оқып, көп нәрсені көңілге түйгенін айтты.

    – «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде бес институттық реформа жасауды және ел Президенті жанынан Ұлттық Жаңғырту жөніндегі комиссия құру тапсырылған болатын. Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құрылып жұмысқа кірісіп те кетті. Уақыт оздырмай жоғарыда айтылған реформалар қолға алынып отыр. Реформаларды жүзеге асыруға қарай жасалатын жүз қадам туралы нақты шешімдер осының айқын дәлелі бола алады. Тек, әрбір азамат бұған тамшыдай болса да үлес қосса, бұл біздің еліміздің ортақ жеңісі болар еді. Елімізді алға жетелейтін, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуына мүмкіндік беретін бұл реформа Мәңгілік Ел құндылықтарын айқындап Қазақстанымызды әлемдегі көшбасшы елге айналдыру мақсатын көздейтін кешенді стратегия деуге әбден болады, – деді ол. Ұжым қызметкері Анар Молдағалиева әріптестеріне реформаны жүзеге асырудың 100 қадамын жіктеп түсіндірді. Талқылау барысында қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы Зәуре Батишева «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы Қазақстанның алдағы ауқымды келешегін бағамдап берген болса, жарияланғаннан-ақ қазақстандықтар тарапынан қолдауға ие болып, шетелдік сарапшылардың жоғары бағасына іліккен «100 нақты қадам» бағдарламасы Қазақстанның ішкі әлеуетін арттыруға негізделгенін жеткізді. – Ішкі бірлігі мықты, бірыңғай, білігі мен білімі жетілген, ауызбірлікті, тәртіпті біртұтас ел ғана сыртқы тасқындарға қарсы тұра алары белгілі. Сондықтан, Елбасының ұсынып баршамызға тапсырма ретінде жариялаған жаңа бағдарламасы дер кезінде қабылданған және ел дамуына, қауіпсіздігіне қажетті құжат, – деген ұстаз пікірін әріптестері де құптасты. Жиын соңында ҚР Президентінің «100 нақты қадам» ұлттық жоспары бойынша жасалатын жұмыстар легі белгіленіп,  қаулы қабылданды.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

 Мереке ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы:

  – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялағаннан бері елімізді әлемдегі дамыған отыздықтың құрамына енгізу барша қазақстандықтардың ортақ мақсатына, ұлттық идеясына айналды. Осы мақсатқа жету үшін жасалатын 100 нақты қадамды Елбасы айқындап берді. Мұнда Ұлт жоспарында қоғамның барлық саласын одан әрі жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар қамтылған.

Әсия МУХСИНОВА, ағылшан пәні кафедрасының оқытушысы:

   – Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды межелеп, алдына зор міндеттер мен мақсаттар қойған, бірнеше сүбелі жоспар-жобаларды бағдар еткен тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен келешегі үшін бұл – қажетті тәртіп. Сондықтан, тиісті орындар ортақ келешегіміз үшін жасалған 100 нық қадамды  сенімді, жігерлі, тиянақты, жауапкершілікпен жүзеге асыруға жұмылады деп ойлаймыз.