01.08.2013
Қоғамдық көлік қозғалысы бақылауда

Кеше қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасын, мәдениетін, әр түрлі санаттағы тұрғындарды тасымалдау жайын қаперге алған Орал қалалық мәслихатының «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясы №2 автобус бағытын бақылауға алып, көшпелі отырыс өткізді. Соңғы жылдары қаланың қоғамдық көлік саласын жүйелеу ісі күн тәртібінде жиі көтерілетін болып жүр. Әсіресе, автокөліктер сапасын арттыру ісі өзекті күйінде қалуда. Фракция мүшелері – қалалық мәслихаттың депутаттары қоғамдық көліктің сапасын қалай арттыруға болады деген сауалмен аталмыш салаға жауапты мамандар пікірін саралады. Көшпелі жиынға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Асқар Мұқанов және тасымалдаушы мекеме басшылары қатысты.

Жолдар мен аялдамалар назарға ілікті

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  сектор меңгерушісі Асқар Мұқановтың  айтуынша, қалалық маршрутта жеті  тасымалдаушы компания қамтамасыз етеді. Күн сайын шағын автобустарды қоса алғанда 500-ге жуық автобус  36 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда тасымалдаушы тарап үшін басты мәселе – қала жолдарының сын көтермейтіндігі. Соңғы жылдары ғана бұл мәселе біртіндеп азаюда. Жыл сайын автобус паркін 10 пайызға жаңалау  бойынша тасымалдаушы мекемелермен 10 жылға келісімшарт жасалыпты. Біртіндеп шағын автобустарды үлкен қоғамдық көліктерге ауыстыру оң жолға қойылуда.  Тасымалдаушылар өздеріне қарасты Заңда белгіленбегеніне қарамастан, ҰОС ардагерлерін, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жандардың, көру мүмкіндігі нашар 1 топ мүгедектерінің қоғамдық көлікте ақысыз жүруін жауапкершіліктеріне алған.  Ағымдағы жылы қалаға 37 жаңа автобус әкелінген. Жаңа қоғамдық көліктердің барлығында дерлік арбаға таңылған жандардың еркін мініп-түсуіне жағдай жасалған. Десек те, көптеген аялдамаларда қамкөңіл  жандарға қолайлы жағдай  жасалмай отыр.     Осы орайда арбаға таңылған Павел Кочерыжкин:  – Қаладағы көптеген аялдамаларда  мүгедек жандардың автобусқа жетуіне жағдай жасалмай отыр. Қазір №2, 35 қоғамдық көліктер бағытындағы  аялдамалар жаңартылып, мүгедек жандардың арбамен түсіп-мінуіне ыңғайлы болды. Кейбір аялдамаларға тіптен автобустар жақындай алмайды. Біз автобусқа енген кезде арнайы баспаны түсіруге көбіне жолаушылар көмектесіп жатады. Неге бізде жүргізуші түсіп, мінгізбейді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы белгіленген уақытпен қатынайтын әлеуметтік автобустар керек – деген ұсынысын жеткізді.

 –  Жолдардың ой-шұңқырға толы екені көптен көтеріліп келе жатқан мәселе. №2 автобус  бағытындағы Гагарин көшесінен Ет комбинаты аумағына дейінгі жолдың қазіргі жағдайын  көрдік. Ағымдағы жылы бұл аралықтағы жолды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінді. Жолдардың сапасыздығы  кім-кімге де қиындық тудырып отырғаны белгілі. Сондықтан, осы мақсатқа яғни жолдарды жөндеуге, аялдамалар орнатуға қаржы қарастыру жағын баршамыз бірлесе шешуіміз керек,  – деді қалалық мәслихат депутаты Александр Наугольнов.

GPS қондырғысы орнатыла бастады   

   Бұл саланың жұмысы әлі де саралауды, жүйелеуді қажет етеді. Сондай-ақ, өткен жылы қаладағы қоғамдық көліктерге GPS қондырғысын орнату мәселесі көтерілгені есімізде. Өз кезегінде депутаттар сала мамандарынан бүгінгі таңда бұл қондырғының қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын сұрады. 

– Тарифтің көтерілуіне байланысты қазіргі таңда  GPS қондырғысын орнату мақсатында қаржы бөлінген. Күні бүгінде 20,2, 5,13 автобустарға  аталмыш құрылғы орнатылды.  Жыл аяғына дейін барлық автобустарға орнатылады деп күтілуде. Өздеріңіз байқағаныңыздай, автобус аялдамаға тоқтаған кезде оператор спутниктік байланыс арқылы аялдаманың атын екі тілде хабарлайды. Және қозғалыс үнемі бақылауда болады, – дейді мамандар.

Депутаттардың қаладағы 495 аялдаманың нешеуі әлі күнге жабдықталмай отыр деген сауалына мұндай аты бар да, заты жоқ аялдамалардың 60-тан асып жығылатыны айтылды. Бұл мәселенің бұдан бұрын да көтеріліп, әр аялдамаға арнайы белгілер орнатып, атау беру керектігі құзырлы мекеме басшыларының құлағына сан мәрте құйылыпты.

Тасымалдаушы тарапқа сын көп

   Қаланың ауқымы кеңейген сайын талап та күшейе түсетіні белгілі. Жаңа шағынаудандар, жаңадан салынған көшелер тұрақты жол қозғалысын қажет етеді. Қоғамдық көлік қатынасының тиімділігін арттыру мәселесі де осы тұста байқалады. Қала көшелерінде жүйткіп жүретін көлік жүргізушілеріне айтылатын сын көп. Мұны тасымалдаушы компания өкілдерінің өздері де мойындайды. Алайда, олардың басқа уәжі бар. Ол рас, қалада автобустар жеткіліксіз. Осы себептен бағыттардың қозғалысы да азаяды. Өйткені, өз-өзін ақтамайтын нарықта ешкімнің нартәуекелге барғысы жоқ.    Егер белгіленген кесте бойынша қоғамдық көліктер таңғы сағат 7-00-ден кешкі 21-00-ге дейін, кейбірі 24.00-ге дейін қызмет көрсетуі тиіс болса, бұл талап көбінесе орындала бермейді. Депутаттар қала көшелерінде жүретін қоғамдық көліктердің материалдық базасы және көліктер тоқтайтын аялдамалардың сын көтермейтінін де айтты. Ал, кейбір аялдамалардың сауда орнына айналып кеткендігін өз көзімізбен көріп те жүрміз.  Фракция жетекшісі, депутат Шалқыма Хайроллақызы осы мәселе төңірегінде  халық қалаулыларына 43, 37 маршруттардың  кешкі сағат жеті-сегізден соң тоқтайтыны, 7, 35, 2, 25,36, 12 автобустарда таңмен жолаушының көптігі жөнінде тұрғындардан шағым көп түскенін айтты. – Кешкі сағат сегізден кейін автобустардың қозғалыс аралығы сирейді. Себебі, олар біртіндеп базаға қайтады. Мәселен, өзіме қарасты №2 автобус түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істейді.  Ал таңмен кісінің көптігі түсінікті жағдай. Қазір бұл бағыттағы көліктерде  GPS қондырғысы бар, бәрі бақылауда. Қазір кез келген адам біздің арнайы сайтқа еніп, автобус неше минуттан кейін аялдамаға тоқтайтынын біле алатын бағдарлама жасалуда. Бағдарлама аяқталған соң тіптен әр адам қалта телефоны арқылы да өзін қызықтырған маршруттың қозғалысын бақылай алады. Болашақта сайттың атауы мен қажетті мәліметтер  аялдамаларға ілінетін болады, – деді бұл сұраққа жауап қатқан «ОралТехСервис» ЖШС директоры Баклан Александр.

  – Өзім депутат болып сайланған Зачаганск кентіне қатынайтын №7 автобус жолдың нашарлығына байланысты соңғы аялдамаға жете алмайды. Халықпен кездесуде көліктердің қызмет көрсету сапасы төмен екенінен хабардар болдық. Мәселен, бұл бағытқа қатынайтын көліктер алғашқы аялдамаларда-ақ толып қалады да, кейінгісіне сыймай қалады. Сол себептен тұрғындар жұмысына  кешігеді. Яғни, бұл бағыттарға қатынайтын автобустар тиімсіз болып отыр. Бұл мәселені округ депутаты ретінде жыл аяғына дейін жергілікті әкімдікпен бірлесе шешуге атсалысамыз, – дейді округ депутаты Мақсот Берген. 

Автобустар 10 пайыз жаңармақ

Қалада 1 маусымнан бастап жол ақысы 60 теңгеге көтерілді. Мұны тасымалдаушылар көптен күткен еді. Бұған дейін қалалық тасымалдаушылардың есептері зерттелген болатын. Зерттеу нәтижесінде, депутаттар  жолақы тарифін 60 теңгеден асырмау жөнінде шешім шығарды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметі бойынша, жолақы тарифінің көтерілуіне байланысты, тасымалдаушылармен қосымша келісімдер түзілді.   Осы жылдың соңына дейін көлік компаниялары автобустардың 10 пайызын жаңартуы тиіс. Әр тасымалдаушы компанияның жұмысына талдау жасалып, көліктерді жаңарту кестесі түзілген.                                                                         

Сөйтіп, жиын соңында Орал қалалық мәслихатының «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясы мүшелері бұл күні қалада қызмет көрсететін қоғамдық көліктерді қатаң бақылауды тиісті мекемелерге ескерту, жыл соңына дейін көліктердің жаңартылуын қадағалау және басқа да мәселелерді  назарға алды.

Қайткен күнде де, қаладағы қоғамдық көліктің жолақысын бір қалыпта ұстап, әрі қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет-ақ.

Кәусар ДҮЙСЕКЕШҚЫЗЫ,
Ардақтың суреттері