12.09.2013
Бїгінгі ўрпаќтыѕ сауаты ойландырады

Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзеліп, жастар болашаққа сеніммен қарайды. Олардың бойынан білім мен ғылымға, жаңашылдыққа, жарқын болашаққа ұмтылыс байқалады. Саналы да білікті жас-тар өсіп келеді. Әрқайсысы тырбанып, ертеңі үшін еңбек етуде.

Жаңа ғасыр жастарының көзқарасы да жаңаша. Бұл да заманның бір талабы шығар. Өйткені бәсекелестік күн сайын күшеюде. «Білікті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақал тегін айтылмаса керек. Бұл қанатты сөздің өзектілігі бүгінгі күнде ерекше мәнге ие.

Халқымыз ел болып біріккен XV ғасырдың ортасында, одан кейін де оқып, жаза білген. Күлтегін, Білге қағандардың осыдан сан ғасыр бұрын тасқа ойып жазған даналық сөздері бұған нақты дәлел. Сауаттылықты тек кириллицаны білумен шектеуге негіз жоқ. Ол – қашап жазу ма, көне түркі тілі ме, болмаса арабша жазу ма бәрін де, жазу, сауаттылық, ілім-білім деп ұғынған абзал.

 30-50 жылдары ауылдық жеті жылдық мектептерде 1-3 және 2-4 сыныптар бір бөлмеде қатар отырып оқыды. Ол кезде мультимедия мен компьютер түгіл, оқулықтар жетіспеді. Бірақ, білімге деген құштарлық, мұғалімге деген инабаттылық, тәртіп басым болды. Тіптен, оқуға қабілетсіз саналғандар да ата-анасын, ұстазын сыйлап, ең болмағанда төрт жылдық, жеті жылдық білім алды. Солардың өздері аштан өліп, көштен қалған жоқ. Әйтеуір, мал бағып, трактор, автокөлік жүргізді. Қайта, еселі еңбектерінің арқасында орденді шопан, малшы, Қызыл туды жеңіп алған механизатор атанып, сый құрметке бөленді. Бұл арада айтпағымыз: кеңес үкіметі кезінде оқимын, білгім келеді деген жасқа мүмкіндік болды. Білімнің қадір-қасиеті жоғарылау болды. Өйткені, ол кезде білімге деген құштарлық, ынтазарлық, талпыныс, құлшыныс басым болды. Сондықтан, бірден жоғары оқуға түсе алмаған, бірақ талабы таудай жас-тар 1-2 жыл жұмыс жасап немесе әскери борышын өтеп, тіпті дайындық курсынан өтіп барып, бәрібір армандаған оқуын оқып, жақсы маман болып, еліне, қоғамға пайдасын тигізіп, өмірден лайықты орнын алды. Сол азаматтардың алды бұл күнде әлдеқашан зейнеткерлердің қатарынан ойып орын алды. Осы жерде айтпағымыз: келмеске кеткен кеңес үкіметін көксеу емес. Дегенмен, сол кездегі білім беру сапасының, оқушы, студенттердің таудай талабын, жігері мен ынтасын айтпасқа болмайды. Қазіргі мектеп ұстаздарының құлағына алтын сырға: сол өткен ғасырдың 40-50-ші, тіпті 60-шы жылдарындағыдай білімді санаға сіңіре білетін балалар аз. Жасыратыны жоқ, сол кездегі оқушылар тұрмыстық жағдайының төмендігіне қарамастан, оқығанды көңілге тоқып алуға құштар еді. Біреулері тарихқа, әдебиетке, тілге жақын болса, енді біреулері математика, физиканы ұнатты. Қазір, сондай оқушылар жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, бағдарлама өзгерді ме, оқуға, оқытуға көзқарас бөлек пе? Әйтеуір, қазіргі жастардың білімі бұрынғыға қарағанда төмен екені ащы да болса шындық. Кеңес дәуірі кезінде де еліміз біршама қиындықты бастан кешті. Сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдары дәптер болмай, оқушылар газеттің ақ жеріне жазып оқыды, сөйте жүріп отызыншы жылдары орын алған сауатсыздықты жоюдан бас-тап, ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқы саналы адамға тән жәдігерліктің барлық баспалдақтарынан өтті.

Жаңа ғасыр қарсаңында ел болып еңсе тіктедік. Содан бері де жиырма екі жылға жуық уақыт белестерінен өтіп өмір сүріп жатырмыз. Бұл ғасыр білім, ғылым ғасыры. Шынында, қай саланы алсаң да ғылым жетістігіне сүйеніп, соның тиімді тәсілі өңдіріске енгізіліп жатқанын көзіміз көріп жүр. Және білімі дамыған мемлекеттің ешкімге есе жібермейтінін көріп, білдік. Президент Жарлығымен бастау алған бағдарламаның өміршеңдігіне куә болдық. Осы жылдар ішінде кәсіби білім алып, біліктіліктерін арттыруды мақсат еткен мыңдаған жас АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Германия, Жапония, Канада, Қытай елдерінің ең үздік жоғарғы оқу орындарында білімдерін шыңдап, тәжірибе жинақтауда.

«Болашақ» бағдарламасының маңызы мен беделі артқан сайын талапкерлердің саны да жыл санап өсуде. Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, тек ағымдағы жылы облыстан 45 жас шет елде білімін шыңдауда. Атап айтқанда, АҚШ-та – 13, Ұлыбританияда – 22, Ресейде – 2, Чехияда – 3, Италияда – 1, Австралияда – 1, Норвегияда – 1, Германияда – 1, Канадада – 1 жас жеткіншек біліктілігі мен іскерлік  қасиетін ұштауда. Олар халықаралық стандарттарға сай білім алуда. Елбасымыздың бағдарламаны қабылдаудағы мақсаты да осы еді. Оған тағы бір дәлел дарынды балаларға арналған мектептердің ашылуы. Жақсы оқитын оқушы мен студентті дарынды баламен шатыстырмай дөп басып, ерте байқасақ екен. Күні ертең ел тұтқасын ұстайтын алдыңғы толқынның ізін басып, ісін жалғастыратын әрбір жастың бойындағы талантты жазбай танып, болашағына жол ашуда ауқымды істер бар. Облыстағы жоғарғы оқу орындарының өңір өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына өңдірістік-техникалық және инновациялық идеяларды енгізуге зияткерлік және ғылыми әлеуеті  толық жетеді. Ғылым мен өңдірістің бірлескен одағын құруға жағдай жеткілікті. Көршілес Ресей елінің ғалымдары өз елдеріндегі білім деңгейінің, соның ішінде мектеп көлеміндегі білім сапасының төмен екенін жанұшыра айтып, үлкен мәселе көтеріп жатыр. Олардың айтуынша, қазіргі мектеп бітірушілердің біліктілігі осыдан 30-40 жыл бұрын аяқтағандарға қарағанда, 2 есе төмен екен. Өйткені, қазіргі түлектер жазу білгенімен, сауатсыз, тарих, әдебиеттен хабарлары жеткіліксіз. Бұрын мектеп бітірушілер шығарма жазып, ой өрісінің кеңдігін көрсетсе, бүгінгі түлектер мазмұндама жаза алмай өресінің тарлығын айғақтап жүр. Бұл – Ресейдегі жағдай. Ал біздің елімізде білім беру сапасы көршілерден көш ілгері деп айта аламыз ба? Қайдам?! Қазіргі мектеп оқушылары мектеп бағдарламасындағы материалдармен шектеледі десек, шындықтың ауылынан алыс кетпеспіз. Ал, қосымша әдебиет оқып, газет қиындыларын, журнал беттерін сабаққа пайдаланатыны жөнінде ешнәрсе айта алмайсың. Мектептегі бүгінгі балалар батырлар жыры мен ертегілерді аз оқитын секілді. Өйткені, олардан қазақтың батырлары, қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері жөнінде сұрай қалсаң, шауып шыққаны Қобыландыны ойланып барып есіне түсіреді. Ал, Алпамыс, Ер Тарғын, Төлегендерден хабарлары жоқ деуге болады. Керісінше, қазақ батырларының орнына Арнольд Шварценеггер, Брюс Ли, Джеки Чан, Брюс Уиллистерді шұбыртады.

Соңғы жылдары мектептерде жүргізілген тестілеу төңірегінде де түсініспестік жеткілікті. Балалар «Тест парағын қалай толтырамын? Қайткенде көп балл жинаймын?» деп басы ауырмаса, мына пәнді терең оқып, ананы қайталайын дегенін көргеніміз жоқ. Емтихан болса онда нақты сұрақтар, есептер болады. Бала соларды оқып, жаттап, ең құрығанда шпаргалка дайындап әлек болушы еді. Сөйтіп, оның миында қанша да болса білімнің бөлігі қалушы еді. Қазір, олардың ойында – Тестке қалай ұялы телефонды алып кіремін?  Далада компьютермен отырғандар маған қалай жәрдемдесер екен? – деген ой басымдау. Сондықтан бұл жерде терең білім алу жөнінде әңгіме қозғау қиын. Жоғары оқу орындарына келсек, онда да жағдайды тамаша деп айту қиын. Себебі, біршама университеттер мен институттарда «сабаққа еркін қатысу», «саралап оқу» деген тіркестер еніп, студенттер көбінесе аудиторияда болудан гөрі таксиші, даяшы, автокөлік жуушы сияқты қосымша жұмыстарда жүріңкірейді. Әрине, жұмыс жасап ақша табу заман талабы. Бірақ, оның оқуға зияны тимеуі керек емес пе? Сондай студенттерге «сабақ қайда?» – десең, «Ой, жүріп жатыр ғой», – деп атүсті жайбарақат жауап қатады. Осылайша, студенттің мамандығын жетік меңгеруі мүмкін бе? Біздіңше, мүмкін емес. Сондықтан, сәби шағынан-ақ баланың білім алуға деген ұмтылысын қалыптастырған жөн. Үйдегі ата-әже, әке-шеше бүлдіршінге оқу қажетін мейлінше түсіндіруі тиіс. Ең алдымен, сәбиге аңдар туралы қысқа ертегілер, жақсы мен жаман туралы нақылдарды айту қажет. Бірақ, осылардың бәрін ойын түрінде, жеңіл әрі қонымды жеткізген жөн. Балабақшада да тәрбиешілер ойыншықтармен ойната отырып ертегілерді, жұмбақ, мақал-мәтелдерді жатық тілмен түсіндірсе, бала тез қабылдап алады. Әрине, бұлардың бәрі де ана тілінде болуы тиіс. Содан кейін, бастауыш сыныпта да білімнің тыңғылықты болуын, оны оқушылардың сезініп, түсініп, түйіп алуына ерекше мән берілуі керек деген пікірдеміз. Қазір ХХІ ғасыр, нанотехнологиялар заманы, техникалық, электрондық құрал-аспаптар өте көп. Бұларды мектепте, сабақта пайдалану да керек. Интернет, интерактивті тақта, мультимедия, тағы басқалары балалардың сапалы білім алуына септігін тигізуі керек. Бұл аса қажет. Солай бола тұрса да, біз қазіргі ұрпақтың ойлау, күрделі мәселелерді өз бетімен шешу, белсенділігін арттыру, дүниетанымын кеңейтуге жете көңіл бөлмейтін дәрежеге жеттік. Қарапайым тілмен айтсақ, қазіргі оқушы оқулықты терең талдап оқымайды, оларды ой елегінен өткізбейді. Қосымша әдебиеттерді іздеп оқуға онша құлықты емес. Компьютерден де олар қосымша әдебиеттен гөрі ойын ойнауға, түрлі әлеуметтік желілерді ермек етуге, клиптер тыңдауға бейімдеу тұрады. Кейбір ақпарат құралдарынан оқып, білгеніміздей, енді шамалы уақыттан кейін (5-10 жыл), дамыған шетелдерде оқушылар кітап, қалам дегенді де білмеуі ғажап емес. Өйткені, оқу бағдарламасы ноутбукте, планшетте, айпад, айфон секілді түрлі ұялы телефонда да болуы мүмкін. Солай болса, ондай күн алдағы уақытта біздің елімізде де қолға алынуы мүмкін. Қазіргі оқуды қорашсынып, балаларымыздың білімі таяз деп жүргенде одан да айрылып қалмаймыз ба деген күдік, қауіп те жоқ емес. Бүгін бір-екі дәптерді әрең алып баратын оқушылар бара-бара ұялы телефон арқылы оқитын болса, білім сапасының қандай болары белгісіз. Жастар, «өй, осы үлкендер-ақ аспанды алақандай, жерді тебінгідей етуден ерінбейді екен» деп ойлауы мүмкін. Дегенмен, қолға оқулық, кітап алып оқып, ойыңды дәптерге жазып, мұғалімге тақтаға шығып жауап берудің жөні бір бөлек болады да тұрады. Бәріне де болашақ төреші. Солай болса да, компьютер, ұялы телефонмен оқуға көшпей тұрғанда, барымызды баянды етіп, білгенімізді жойып алмайық. Қазіргі кезең талабына сай оқушылар өмір қажеттілігіне жарайтын сапалы да жан-жақты білім алғаны дұрыс. Ол үшін ата-ана, ұстаз болып өзіміз оқып, жетілейік. Білгенімізді үйретейік, білмегенімізді үйренейік. Өйткені, егемен елімізге білікті де білімді жастар аса қажет.

ХХ ғасырдың басында алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» – деген екен. Ғұламаның айтқаны бүгінгі күні де мәнін жоймағанына еш шүбәміз жоқ.

Е.ИСАНОВ,
«БҚО жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар
бірлестігінің мүшесі,
Ж.ӨТЕГЕНОВ,