15.02.2016
Ғасырлық ғұмыр

5-ақпан күні Серебряков елдімекенінің тұрғыны Агафья Горошкова 100 жасқа толды. Ғасыр жасаған әжені қала әкімі Алтай Көлгіновтың атынан Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров құттықтай барды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Шоланбаева, мұқтаж азаматтарға үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің басшысы Арман Дәулетов пен Круглоозерный кенті әкімінің орынбасары Татьяна Сумкина да қуанышты сәтке ортақтасты.

Шоқ гүлдерімен, құттықтау хатымен келген меймандарды туған күн иесі қуана қарсы алды.

 ­– Қала әкімі сізді туған күніңізбен құттықтап, сыйлығын табыстауымызды өтінді. Денсаулығыңыз зор, өміріңіз ұзақ болсын. Көп қиындықты, соғыс заманын бастан өткіздіңіз, тағы да 100 жасаңыз, ­– деп Аққали Үмбетқалиұлы гүл шоқтарын, қала әкімінің құттықтау хатын кейуананың қолына табыс етті.

Бұдан кейін келген қонақтар әжейдің жанына жайғасып, денсаулығын, хал-жағдайын сұрасты. Соңғы екі жыл ішінде құлағының естуі нашарлағаны ғана болмаса, Агафья әжейдің денсаулығына шағымы жоқ. Кейде өзі самаурынын қойып, шәйін даярлап алады екен. Бөлме кішкентай болғандықтан, газ өткізуге рұқсат жоқ. Ағашпен ғана жылытылады. Жақын жерде тұратын қызы Надежда Георгиевна күніне үш мезгіл келіп көмектеседі.

­– Таңмен келіп, от жағып, ас-суын даярлап беремін. Үйіме шақырғам, келгісі келмеді. «Осы жасыма дейін өз үйімде бар өмірім өтті. Бұл жерден ешқайда кетпеймін» деп отыр, ­– деді қызы Надежда. Агафья Георгиевнаға бұл үй өз әке-шешесінен қалған. Бала кезі, жастық шағы да осы үйде өтіпті.

– Жолдасыммен бес жыл ғана бірге тұрдым. Ол өмірден өткен соң, тұрмыс құрмадым, ­– дейді кейуана. Әжейдің қосағы – Кузьма Горошков соғысқа кетіп оралмаған. Қызының айтуынша, 1944 жылы Германияда қаза тауыпты. Екі қызын Агафья Георгиевна өзі өсіріп, жеткізді. Көршілері көмектесті. Түрлі фермаларда, плантацияларда, қала берді бау-бақшада еңбек етті, ауылдық клубтың еден жуушысы боп қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан.

Круглоозерный кенті әкімшілігі тарапынан қарияға барынша көмек көрсетіледі. Жазды күндері ауланың тазалығы, қыстың күні ауладағы үйілген қарды шығару жұмысын ұйымдастыруды әкімшілік қолына алған.

Аққали Үмбетқалиұлы Агафья Георгиевнаға туған күніне орай қалалық мәслихат шешімімен жергілікті бюджеттен 30 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы төленгенін және атқарушы биліктің ұдайы назарындағы егде жастағы адамдарға көмек көрсетіліп тұратынын жеткізді.

– Өңірімізде 100 жастан асқан 11 адам бар. Биылғы жылда мерейлі жастың иесі атанып отырған әзірге Агафья әжей. Көп жасаған адамдардың өмірі бізге, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Олардың өмірлік тәжірибесінен тәрбие ала білуіміз керек. Елімізде ұзақ жасаушы адамдардың көбейгені – әлеуметтік ахуалдың жақсарғанының белгісі, - деді Аққали Үмбетқалиұлы.

Өз кезегінде мерейтой иесінің қызы Надежда Георгиевна анасының жеке мерекесіне арнайы уақыт тауып келген қонақтарға алғыс айтып, шығарып салды.

Эльмира НҰҒМАНОВА