Өткен жұма, маусымның жетісі күні қалалық мәслихаттың индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй коммуналдық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өтті. Комиссия жұмысына қала әкімінің орынбасарлары Қуаныш Елубаев пен Светлана Батырханова, қалалық құрылымдық бөлімше басшылары және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Қалалық мәслихат депутаты Асқар Ликеровтың төрағалық етуімен өткен жиында Орал қаласында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асу жайы қаралды.
Бұл мәселе бойынша депутаттар қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Дмитрий Солодовниковтың баяндамасына құлақ түрді. Бағдарлама Орал қаласында 2011 жылдан бастап жүзеге аса бастады. Аталмыш бағдарламаның жүзеге асуына жауапты мекеме «ОралҚұрылысЖөндеуСервис» МКК 2001 жылдың қыркүйек айынан бастап, тұрғындардың өтініші негізінде көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын бастады. Алғашқы жылы 25 тұрғын үйге 33 жұмыс түрі жүргізілсе, өткен жылы 22 тұрғын үйге 23 жұмыс түрі жасалған. Яғни үйлердің шатырлары, қасбеттері, инженерлік желілері, жеделсатылары, электржүйелері жөнделіп, жылу энергиясын есептеу құрылғылары қондырылған. Ағымдағы жылы тұрғындарға бағдарламаның талаптарын түсіндіру бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Қуаныш Елубаевтың төрағалығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, 100-ге тарта үй тұрғындарымен жиындар өткізген. Бұдан өзге, бүгінде 33 үйдің жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Оның ішінде 16 нысанға жұмыс жобасы дайындалып жатса, 3 тұрғын үйдің жеделсатысы ауыстырылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жандана түспек.
*** *** *** *** *** *** ***
Қалалық мәслихаттың жастар ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия отырысында комиссия төрағасы Марс Сатыбалдиев өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы аталмыш комиссияның 8 отырысы өткізілсе, оның ішінде екеуі көшпелі, біреуі кеңейтілген түрде оздырылған.
Комиссия мүшелері былтыр білім беру саласы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімдерінің өзекті мәселелерін талқылаған болатын. Қала мектептеріндегі қоғамдық тамақтандыруды бақылау, «Намыс» спорт клубының жұмысымен және Деркөл кентіндегі спорт-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысу мақсатында көшпелі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысының қорытындысында қалалық әкімдікке балалардың сапалы тамақтануын қадағалау, Деркөлдегі спорт кешеніне бюджет қаржысын қарастыру, жаңа шағын аудандарда мәдени нысандардың көптеп ашылуына ықпал ету жөнінде ұсыныстар жолданған. Сондай-ақ жиында комиссия төрағасы Марс Қадырғалиұлы «БҚО Жастар қауымдастығы» ЗТБ-ның Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жастар акциясын өткізу және акция аясында оралдық делегаттардың Волгаград қаласындағы батырлар рухына тәу етуге баруына қолдау көрсету жөніндегі хатын оқыды. Бұл күні қаралған мәселелер қалалық мәслихаттың 14 маусымда қалалық әкімдіктің үлкен залында өткізілетін сессиясында қаралатын болды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА