27.10.2016
Жолақы көтеріледі

Жолақы құнын дереу көтеру қажет. Қаладағы қоғамдық көліктердегі барлық мәселе осыдан келіп туындайды. Бүгінгі таңда тасымалдаушы кәсіпорындар әбден шығынға батуда. Соңғы рет тариф осыдан үш жыл бұрын көтерілген. Орал қалалық мәслихатының кеңейтілген тұрақты комиссия отырысында жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын басшылары осылай деп дабыл қақты.

Комиссияда аталмыш мәселені құрылымдық бөлімше басшылары, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпорын өкілдері бірге талқылады.  Жолақы жайын қоғамдық кеңес мүшелері төрт айдан бері талқылап келеді. Осы орайда олар кәсіпорын басшыларымен ғана емес, көлік жүргізушілерімен, механиктермен кездесіп мәселенің мәнісін ашуға тырысты. Сөйтіп жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарға да көптеген ұсыныстар жіберіп, берілген талаптар орындалған жағдайда ғана жолақы құнын көтеруді қолдайтындарын білдірді. Әйтсе де «бұл мәселені ұзаққа созу автобустардың желіге шығуына кері әсерін тигізуі мүмкін» деген жауапты сала басшылары бұл жолы өз ойларын ашық білдірді. Жолаушы тасымалдаушылар жолақы құнын 90 теңгеге өсіру жөніндегі өтініштерін қалалық әкімдікке 2014 жылы берген.

 – Бар мәселе – қаражаттың жетіспеушілігінде. Бүгінде жаңа автобустар сатып алмақ түгілі, қолдағы бар көліктерді жөндеуге ақша жоқ.  Біз бұл мәселені қала әкімінің де алдына қойдық.  Жолақы бағасы 80 теңгеден төмен қалаларда жолақы тарифі  қалалық бюджеттен субсидияланады. Заң шеңберінде жолақы құнын өсірмеген жағдайда, мемлекет жолаушы тасымалдаушылардың  шығынын өтеп отыруы тиіс. Мәселен, өзім басшылық ететін мекеме кейбір ұйымдармен несиеге жұмыс істейді. Өйткені автокөліктерге дереу қосалқы бөлшектер қажет болады. Өз қаражатымыздан өтеуге күшіміз жетпегендіктен, әзірге несиеге жұмыс істеуге мәжбүрміз, – дейді «УралТехСервис» ЖШС автобус паркінің директоры Александр Баклан.

Тасымалдаушы кәсіпорын өкілдерінің сөзіне сүйенсек, соңғы рет жолақы құны 2013 жылы 50 теңгеден 60-қа көтерілген. Осы уақытқа дейін доллардың теңгеге шаққандағы курсы бірнеше рет өсті. Жанармай бағасы да жыл сайын шарықтауда.  – Есепті кезеңде Ресей және таяу шетелдерден алынатын жанармай қорының бағасы – 20 пайыз, дизельді отын  – 30 пайызға көтерілді. Сондықтан жолақы құнын өсіруді сұраймыз, – деді  «ПАП» ЖШС басшысы Саян Нұрмұханбетов.

Тасымалдаушылардың талабына қарсы шыққан қалалық мәслихат депутаты Жантас Сафуллин:  – Қалада 300 мыңдай халық бар. Алдымен мәселені қарапайым нәрседен,  яғни халықтың қалтасынан бастауымыз керек.  Жолақы 60 теңгеден 80-ге өсті делік. Бұл 33,3 пайыз өсім. Бір үйден бірнеше адамның күнделікті қоғамдық көлікке тәуелді екенін ескерсек, аз шығын емес. Ойлап қарасаңыз, халықтың жалақысы 33 пайызға өсті ме? – дей келіп, бұл саланы әлі де зерттеу керек екенін айтты.   Пікірлер сан-саққа жүгіргенімен, автобустардағы жолақы бағасының  таяу арада өсетінін ешкім жоққа шығармады.  Бұл мәселенің шешімі алдағы сессия отырысында біржақты шешіледі.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА