30.05.2013
Қалалық мәслихат депутаты Абат Шыныбековтың округіне қарасты №42 «Ақ ниет» гимназиясы ұжымы соңғы қоңырау шарасына тыңғылықты дайындалып, шәкірттерін қимастықпен шығарып салды.

Ағымдағы оқу жылында аталмыш білім ұясын 1352 оқушы тәмәмдаса, олардың 378-і оқу озаты. Сондай-ақ биыл 36 шәкірт алтын ұясымен қош айтысып, үлкен өмірге жолдама алғалы отыр. Оқу жылын ойдағыдай аяқтаған түлектердің үшеуі «Алтын белгіге», үшеуі үздік аттестатқа үміткер. Бұл күні 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған жас өрендердің жүзінде қимастық пен қуаныш байқалды. Дегенмен, алға қойған мақсат пен міндет жоғары.

Салтанатты жиынға қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Серік Сафиуллин, БҚМУ-дың мансап орталығының  және қабылдау комиссиясының төрағасы Асқар Аманбаев, облыстық білім басқармасының әдіскері Тұрсынай Дәрібаева қатысып, түлектерге жүрекжарды құттықтауларын жолдап, сәт сапар тіледі. Шара барысында

“Жас жүректің өмірлік құштары  – гүл, Бағбан – ұстаз баулыған құстары – бұл. Қоштасып бүгінгі күн ұясынан, сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр”, – деген жүрек тебірентер жыр шумақтарымен ортаға мектеп бітіруші түлектер шақырылып, олардың білім қарашаңырағында қол жеткізген жетістіктері айтылды. Бұдан соң  «Алтын белгі» үміткері, қалалық, олимпиада жүлдегері Бейбіт Демешов пен облыстық ғылыми жобаның, «Дарынды мұғалім – дарынды оқушы» байқауының ІІ орын иегері, «Менің Отаным – Қазақстан» экспедициясының қалалық слетінің жүлдегері, гимназия түлегі Еркебұлан Абатовтар Мемлекеттік Туды көкке желбіретті. Айтулы сәтте гимназия директоры Ерік Темірғалиев:  – Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары – сендерсіңдер. Сондықтан да жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға берулеріңе тілектеспіз! Жас түлектер, қайда жүрсеңдер де, келешегі кемел, өрісі кең құшақтан шыққандарыңды ұмытпай, білімнің қарашаңырағы «Ақ ниетті» мақтан етуге тиіссіңдер. Гимназиямыздың мәртебесін арттыратын өздерің. Қадамдарыңа сәтті сапар, өмірлеріне құтты қадам, – деп шәкірттеріне ақжолтай лебізін арнады.

 Енді бір сәтте мектеп түлектері жүздері бал-бұл жанып, шыр көбелек айналып мектеп вальсін биледі. Ал сезімге толы  сырлы  қоңырауды  гимназия түлектері, қалалық жоба жеңімпазы, мәнерлеп оқу сайысының жүлдегері  Ильяс Иралин мен ҚР спорт шеберлігіне үміткер, дене шынықтыру олимпиадаларының, су добы ойындарының жеңімпазы Айна Абдушева, 1-сынып оқу озаттары Бейбарыс Ғалям мен Дана Есеналиева  соқты. Күміс қоңыраудың соңғы соғылған қоңыр даусы, әсіресе мектеп түлектерінің  жүрек қылын тербеп өткендей болды.

Гүлназым ЖАҚСЫЛЫҚ