Алдымен депутаттар қаладағы кешкі (ауысымды) орта мектепке бас сұқты. Халық қалаулыларын жылы шыраймен қарсы алған мектеп директоры Павел Подольный білім ұясының бүгінгі ахуалымен таныстырды. Аты айтып тұрғандай бұл мектепте негізінен «қиын» балалар білім алады.
Сондықтан мұндағы жеткіншектердің бірі норкологиялық диспансерде есепте тұрса, біреулері полицейлердің көзіне ерте түскендер, енді біреулері «қырық үйден тыйым көрмей» өскен бойжеткендер. Қайткен күнде де он бір жылдық аттестатқа қол жеткізу үшін мұнда 14-40 жас аралығындағы 296 жас білім алуда. – Заңға сәйкес әр адам 30 жасқа дейін орта білім алуға тиісті, ал бұл жастан кейін оқығысы келген адам өтініші негізінде қабылданады. Ешкімді күштеп оқытпаймыз. Әр бала – бір тағдыр. Басты мәселе баласына жеткілікті тәрбие бере алмаған олардың ата-аналарында. Мектепке келген кезде балалар мұнда не себепті келгендерін жасырғанымен, арада екі-үш ай өтпей-ақ мән-жай анықталады. Жалпы, өз тәжірибемнен байқағаным – тентек балалардан гөрі тұйық балалармен жұмыс істеу қиын. Өйткені, олардың ішінде не болып жатқанын білмейсің, үндемей шаршатады. Ал тентек ұлдар ашық келеді. Мұнда егер есік, терезе сынса, Витя немесе Паша екені бесенеден белгілі болады,– деген Павел Петрович әр шәкіртімен ашық сырласып, ортақ тіл табысып, олардың жан дүниесіне үңіліп отыратынын айтады. Мәселен, Алина есімді бойжеткен мектепке 9-сыныпта келген көрінеді. Бүгінде 11- сыныпта оқитын бойжеткеннің 4 айлық сәбиі бар, өзі оқу екпіндісі екен. Ал Даша 7-сыныпқа дейін №26 орта мектепте оқу озаты болған. Содан соң отбасының тірегі болып келген әжесі дүние салған соң бала қараусыз қалады да, теріс жолға түседі. Ата-анасы ішімдікке салынады. Ақырында баланы кешкі мектепке ауыстыруға тура келген. Мұндай мысалдар жетерлік. Балалардың ішінде жазатайым жаза басқанымен, үлгерімі өте жақсы оқушылар да баршылық. Өткен жылы мектептің екі түлегі Қытайға, біреуі Чехияға, бірі Ресей мемлекетіне оқуға түскені мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ үлгерімі төмен болғандықтан жыл сайын сыныптан-сыныпқа көше алмай жүргендеріде бар. Жиырма жылдан бері білім қарашаңырағын басқарып келген Павел Петрович өз тәжірибесінде мұнда ешкімнің бір-бірін саусақпен шұқып көрсетпейтінін, бар бала тең дәрежеде екенін айтты. – Балалардың 80 пайызының мәселесі мекемеге келгенше пайда болады. Мен балаларды 8-сыныптан бастап қабылдаймын. Ал олардың мінездемесі бойынша психологтар жұмыстанады. Сол себепті мен мінездемелерін оқымауға тырысамын. Өйткені, бала қандай күйде келсе де, менің міндетім қажетті білім беру. Кейде баласы мектеп бітірген соң, аналары келіп білім алатын жайттар да кездеседі. Мысалы, атақты хоккейші Петр Грибанов осында оқыған болатын. Арада жыл өткен соң, оның анасы 40 жасында оқуға келді. Тіптен, 1998 жылдары мұнда қаланың тұтастай жасөспірімдер хоккей командасы білім алған. Бір өкініштісі, министрлік тарапынан көңіл бөлінбей қалған мектепте әлі күнге құжаттар жаңартылмады. Қаңтар айында министрлікке сауал жолдағанбыз. Барлық құжаттарымызды тапсырдық. Енді тамыз айына дейін бір шешім күтіп отырмыз, – дейді мектеп басшысы. Ал мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Людмила Безьянова оқушылардың ата-аналарымен тілдесу қиындық келтіретінін жеткізді. Класс жиындарына олар мүлдем келмейді. Сол себепті ұстаздарға көп жағдайда шәкірттерінің үйін жағалауға тура келетін көрінеді.
Мектеп директорының мәліметін мұқият тыңдаған комиссия төрағасы Амангелді Шманғалиұлы ішкі істер қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы аталмыш мектептің 8-сынып оқушысы Максим Кумышев талай мәрте ұрлық бойынша ұсталғаны турасында сөз қозғады. Баланың мінездемесіне үңілген мектептің әлеуметтік психологы Мирас Серяжев жеткіншектің мәселесі жөнінде біраз жұмыстар атқарылғанын айтты. Бірақ, Тараз қаласынан қоныс аударған баланың тәртібі шынымен де қиын екенін мойындады. – Баланы мен қалайша түзей алам. Ол бұған дейін екі арнайы мектептен өтіп келіп отыр. Бірақ, оны мектеп бітіргенше ұстаймын, – деп Павел Петрович ашығын айтты. Балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында «Мастер Дэнс» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Дагаровпен бірге келісімшарт жасалып, оқушылар тізімге тіркелгенімен, артынша бәрі құлықсыздық танытқан. Осы орайда мектеп басшылығы бала тағдырына бей-жай қарамайтын жақсы учаскелік инспектор керегін алға тартты. Жыл сайын инспектор тағайындалғанымен, мардымды жұмыс жасайтын полицей әлі күнге табылмаған. – Қажет кезінде телефон шалсақ инспекторымыз түрлі сылтау айтып, келуден бас тартады. Ал түрлі комиссия отырыстарында бума-бума қағазбен баяндама жасағанда таң қаламыз, қазір ай жарымнан бері мүлде инспекторсыз қалдық, – деген Людмила Безьянованың ұсынысын депутаттар аяқсыз қалдырмайтынын жеткізді. Кешкі мектептің тыныс-тірлігімен етене таныс қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Серік Сафиуллин қалалық ішкі істер басқармасы өкілдерімен тығыз байланыс орнамайынша, тәртіп мәселесі жолға қойылмайтынын тілге тиек етті.
Бұдан соң комиссия мүшелері мектеп ғимаратын аралады. Іргетасы қаланғанына 150 жыл болған тарихи ғимараттың қазіргі жағдайы сын көтермегенімен, мектеп басшысы ешқандай шағым айтпады. Мектеп директорының айтуынша, білім ошағы қолайлы жерде орналасқан, жылу желілерін үш мәрте ауыстырғандықтан, қыс мезгілінде өте ыстық болады. Өткен жылы екінші қабаттың терезелері жаңартылған. Қазіргі таңда тек жақсы инспекторға ғана қажеттілік туып отыр. «Қиын» балалардың ертеңіне елеңдеп, әрқайсысының тағдырына алаңдаған тәжірибелі мектеп басшысының жұмысын оң бағалаған депутаттар инспектор мәселесін жақын күндері шешуге уәде етті.
Өткен жылы ішкі істер мамандарының мәліметіне сәйкес, қаладағы №9 орта мектеп оқушыларымен 3 факт бо-йынша іс қозғалған болатын. Осыған орай депутаттар бүгінде аталмыш мектепте балалардың құқық тәртібін сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылғанын білмекке аталмыш білім ұясына бет бұрды.
Мәселе төңірегінде мектеп директоры Айгүл Әбілхайырова комиссия мүшелеріне егжей-тегжейлі баяндады. Мектеп басшысының мәлімдеуінше, былтыр мектептегі оқушылар арасында орын алған үш құқықбұзушылық бойынша нақты шаралар алынған. Оқиға былайша өрбіген. 9-сынып оқушысы 8-сынып оқушысының сағаты мен жейдесін кие тұруға алған. Бірақ, заттар иесіне кері қайтпаған, сол себепті анасы сотқа шағым түсірген. Екінші тәртіпсіздікті де жасаған 9-сынып оқушысы, ол балалармен төбелесіп, біреудің қол сағатын тартып алған. Аталмыш үш құқықбұзушылықты жасағандар тиісті жазасын алыпты. Бүгінде олар колледжде оқып жүрген көрінеді. Күні бүгінде мектептің учаскелік инспекторы Татьяна Колосовская балалармен жан-жақты жұмыстанғанымен, тек шақыртқан кезде ғана келетін көрінеді. – Мектепте 1365 бала білім алады. Сондықтан учаскелік инспектордың мектепте жиі болғанын қалаймын. Мен одан ең болмағанда күніне екі сағат бол-уын өтінгенмін. Көпшілік жағдайда, балалар арасында туындаған ұсақ құқықбұзушылықтарды өзіміз шешуге тура келеді. Міне, бір ай болды, инспектор тіптен, мектепке келмеді, – деген Айгүл Құспанқызы алдағы уақытта мектеп инспекторы ер адам болса деген ұсынысын жеткізді. Қалай болған күнде де оқушылардың қоғамдық қауіпсіздігін арттыруда ата-аналармен бірлескен түрде жұмысты жандандыру керек деген мектеп басшысының өтінішін депутаттар да құптасты.
Комиссия мүшелері қаперге алған түйінді мәселелер алдағы сессия отырысында қаралатын болды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
суреттерді түсірген автор