Өткен жұма күні «Жайықжылуқуат» АҚ ұжымы елдің тағдыры үшін маңызды саяси науқанды қолдайтындықтарын білдірді.
Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен жиынды ашқан кәсіпорынның коммерциялық директоры Вячеслав Солодилов: – Қазіргідей уақытша экономикалық қиын кезеңде елге жол көрсететін, халықты тығырықтан алып шығатын Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін жаңа Парламенттің болғаны абзал. Сондықтан осы елдің азаматы ретінде ретінде кезектен тыс ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізуді құптаймын. Дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру қоғамдық бірігуді қажет етеді, тек бірлік пен үйлесім ғана жаңа экономикалық соққыларға төтеп берері сөзсіз. Елдің тағдыры үшін маңызды бұл саяси науқанда барлығымыз бір кісідей белсенділік танытайық, – дей келіп, 1000-нан аса жұмысшысы бар кәсіпорынның толықтай қайта жаңғыртуды қажет ететінін, күні бүгінде құрылғылардың бәрі ескіргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қазіргі біздің басты құндылығымыз – татулық пен бірлік екенін, жақында ғана ашылған «Достық үйі» батысқазақстандықтардың ортақ бас қосатын орталығына айналатынын жеткізді. Өз кезегінде зейнеткер, тыл ардагері Қатеп Ишанбеков 2017 жылға дейін дүниежүзілік қаржылай-экономикалық дағдарыстың Қазақстанға тигізіп жатқан жағымсыз тұстарының алдын-алу жолында атқарылар тікелей жұмыстар халықтың өзі сайлаған партия депутаттарына жүктелетінін, осыған сәйкес, барлық қабылданған Ұлттық жоспарлар мен бағдарламалар елде тұрақтылық пен тұрақты дамуды көздейтінін айтып, жастарды дұрыс таңдау жасауға шақырды. Бұдан соң сөз алған «Жайықжылуқуат» АҚ бас механигі Талғат Нұрманов: – Сайлау дер уақытында өткелі жатыр, тек ел болып тұтастай науқанға қатысып, болашаққа дұрыс бағдар жасауға тиіспіз. Болашақта сайланатын депутаттар Президентіміздің ұсынған «100 нақты қадам» және басқа да нақты тапсырмаларын орындап, жүзеге асырады деп есептеймін. Біз де өз кезегімізде халықтың, ұлттың қамын ойлайтын азаматтарға дауыс беруіміз керек, – десе, кәсіпорындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрлан Нұғманов ұжымдағы 600 адамды қамтитын кәсіподақ ұйымының бүгінгідей дағдарыс жағдайында жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлетінін жеткізіп, сайлауда әділ дауыс беру – ел ертеңіне бейжай қарамайтын әр азаматтың абыройлы міндеті екенін баса айтты.