«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының №5 Саяси кеңес Бюросының қаулысына сай 9-13 қыркүйек аралығында барлық бастауыш партия ұйымдарында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының жаңа міндеттері және партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» саяси доктринасының жобасы талқыланып, конференция делегаттары сайланған болатын.
Кезектен тыс конференцияның күн тәртібінде партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» саяси доктринасының жобасы туралы, партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХІІІ конференция-сына делегаттар сайлау және ұйымдастыру мәселелері қаралды. Алдымен сөз алған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет Партия Жарғысының 9.6 тармағына сәйкес «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының төрағалығына облыстық партия филиалының төрағасы Н.Ноғаевтың ұсынысымен және партияның орталық аппаратының келісімімен Алтай Сейдірұлы Көлгіновтың кандидатурасын ұсынды. Көпшіліктің қолдауымен Алтай Көлгінов Орал қалалық партия филиалының төрағасы болып сайланды.
– Маған сенім білдіргендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Партия басшылығының қалалық партия филиалы алдына қойған міндеттерін орындауда бар күш-жігерімді саламын. Алдымызда биік белестер, маңызды міндеттер тұр. «Нұр Отан» партиясы тек сайлау кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де халық арасында жоспарлы жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының қатарында 6343 партия мүшесі бар, олар 101 баста-уыш партия ұйымына біріктірілген, – деп өз кезегінде сөз алған Алтай Сейдірұлы бұдан әрі саяси Доктринаның әр бөліміне жан-жақты тоқталып: – Жаңа қазақстандық патриотизм негізінде мәдени ерекшелік пен дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау Доктринаның екінші басымдығы болып табылады. Жалпыұлттық жетістік еліміздің әрбір азаматының, отбасының жетістігінен құралады. Әр азаматтың бойында қазақстандық патриотизмнің рухани құндылықтарын қалыптастыруымыз керек. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл мәдени ерекшелікті, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау, еліміздегі этностардың теңдігі, қазақ тілін барлық салаларда дамыту, ұлттың тарихи сана-сезімін қалыптастыру. Әсіресе бұл бағытта жастармен жұмысты күшейтуіміз маңызды. Қорыта айтқанда, партия Доктринада көрсетілген 7 басымдық бойынша, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттің басқа да маңызды мәселелері бойынша өз ұстанымын анық көрсетеді. Партия «Қазақстан-2050» Стратегиясының жаңа саяси бағытының негізінде және саяси жүйедегі басымды позициясын өзінің бәсекеге қабілеттігін көтерген жағдайда ғана сақтай алады, – деді. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрағасы конференция барысында алда тұрған міндеттерді тағы да бір айқындап алу керектігін жеткізді.
– Біріншіден, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының тапсырмасына сәйкес партия мүшелерінің орталықтандырылған дерекқорын жасақтауға бастауыш партия ұйымының төрағалары үлкен жауапкершілікпен қарау және уақытылы партия мүшелерінің мәліметтерін енгізу қажет. Екіншіден, «Нұр Отан» партиясының көшбасшылық қызметін жандандырудың негізі бас-тауыш партия ұйымдары жұмысын әртараптандырып, іс жүйесін қалыптастыру. Бастауыш партия ұйымдарындағы белсенді партия мүшелерінің санын өсіру және сапасын жақсарту, партия жұмысын насихаттауға қабілетті адамдарды тарта білу. Үшіншіден, қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына жаңашылдықтар енгізу. Осы орайда, жыл соңына дейін Астанада барлық партия филиалының қоғамдық қабылдауынан келіп түсетін ашық түрдегі халықтың өтініш-тілектері мен арыз-шағымдары біріктірілген орталық жасақталады деп жоспарлануда. Төртіншіден, сайлау округтері бойынша қалалық мәслихаттағы «нұротандық» депутаттармен бастауыш партия ұйымдарының жұмысын байланыстырып, яғни депутат – бас-тауыш партия ұйымы – сайлаушы, міне, осы үшеуінің арасындағы байланысты нығайтып, бірлескен жүйелі, жоспарлы жұмыстар жүргізу. Депутаттық фракция және партиялық бақылау комиссиясы тарапынан партиямыздың халықтық тұғырнамасын орындалуына бақылауды күшейту керек. Міне, осы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда біздің атқарар жұмыстарымыз баршылық. Сондықтан да атқарылған нәтижелер аз емес, бірақ одан әрі күш-жігерімізді біріктіре отырып, нақты істерді жүзеге асыруымыз қажет деп есептеймін, – деген қала басшысы осы бағытта баршаны қоян-қолтық жұмыстануға шақырды.
Сондай-ақ конференция барысында облыстық тарихи және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов, «Тұрсынова Л.А.» ЖК директоры, қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Ляна Тұрсынова, «Алим» ЖШС бас директоры Алтай Тұяқов саяси құжаттың мән-маңызын талқылап, қолдау білдірді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша партияның жаңа саяси доктринасының жобасы мақұлданды. Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша 27 қыркүйекте өтетін партияның кезектен тыс XІІІ облыстық конференциясына қалалық партия ұйымынан қатысатын 21 делегат анықталып, дауысқа салынды. Үшінші ұйымдастыру мәселесі бойынша Саяси кенестің құрамына өзгерістер енгізілді. Басқа қызметке ауысуына байланысты Шыныбеков Абат Абайұлы, Ержақыпов Мұратбек Санақұлы Саяси кеңес құрамынан шығарылып, қалалық партия филиалының төрағасы, қала әкімі А.Көлгінов, қалалық мәслихат хатшысы М.Сатыбалдиев Саяси кеңес құрамына енгізілді. Жиын соңында «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асланбек Сарқұлов Қазақстан Республикасының сайлау туралы конституциялық заңына сәйкес мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау қазанның 27 жұлдызында өткізілетінін хабарлады. Қала бо-йынша сайлау №6,11 округтерде өтпек. «Нұр Отан» партиясынан №6 қалалық сайлау округі бойынша Марат Қаженовтың, №11қалалық сайлау округі бойынша Мұрат Жәкібаевтың кандидатурасы ұсынылып, делегаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.