Ақпанның 22-сі күні қалалық мәслихаттың 43-ші сессиясында Орал қаласының Қоғамдық кеңесінің құрамы бекітілді. Қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеровтың төрағалығымен өткен сессия отырысына депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Сессияның күн тәртібіне сай қоғамдық кеңес туралы ереже бекітіліп,
Орал қалалық мәслихатының 2014 жылғы 25 маусымдағы №24-9 «Орал қаласы әкімдігінің мүшелері мен дербес құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.
Қалалық мәслихат хатшысы Аққали Үмбетқалиұлының мәлімдеуінше, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қолданысқа енгізілді. Бұл Заң түрлі деңгейдегі Қоғамдық кеңестердің қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін, құқықтық мәртебесін айқындайды. Осы орайда Қоғамдық кеңесін қалыптастыру бойынша құрылған жұмыс тобы ақпанның 9-ы күні бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жариялап, 10 күн ішінде үміткерлерден өтінімдерді қабылдады. Нәтижесінде түрлі коммерциялық емес ұйымдардан, соның ішінде жастар, әйелдер, ардагерлер қоғамдық ұйымдарынан, сондай-ақ азаматтардан 40, бұдан басқа мемлекеттік орган өкілдерінен бес өтініш түскен. Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ереженің 29 тармағына сәйкес жұмыс тобы өз отырысында үміткерлерден түскен құжаттарды талқылап, ашық дауыс беру арқылы Орал қаласының Қоғамдық кеңесінің 30 адамнан тұратын құрамын қалыптастырды, соның ішінде бес адам мемлекеттік орган өкілдері. Депутаттарға слайд арқылы жұмыс тобы ұсынған Орал қаласы Қоғамдық кеңесінің құрамы таныстырылды. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 9-бабына сәйкес Қоғамдық кеңестің қалыптасқан құрамы жергілікті өкілді органның шешімімен бекітіледі. Орал қаласының Қоғамдық кеңесі бекітілгендіктен, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес Қоғамдық кеңес туралы Ереже бекітілуі тиіс. Қоғамдық кеңес туралы Ереже Қоғамдық кеңесті құру, отырыстар өткізу шарттары, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібін айқындайды. Депутаттар бірауыздан Қоғамдық кеңес туралы Ережені бекітті. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша халық қалаулылары әкімдік құрамындағы өзгерістерді мақұлдады.
Жиын соңында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 13-бабына сәйкес Орал қаласының Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы оздырылды. Кеңес төрағасы болып ғылыми интеллигенцияның өкілі Роман Мәсәлімұлы Бисенғалиев сайланды. Депутаттарға ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Қоғамдық кеңестер туралы Үлгілік ереженің негізінде жұмыс тобымен әзірленген Қоғамдық кеңес туралы Ереженің жобасы таратылды. – Кеңесті құрудың мақсаты – қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікір білдіру, бюджеттік бағдарламалар жобалары мен азаматтардың бостандығы және құқығына қатысты нормативтік-құқықтық актілерді, стратегиялық жоспарларды талқылау. Жергілікті атқарушы органдар, мәслихат хатшысы және мемлекеттік органдардың басшылары атқарылған жұмыс жайлы кеңес алдында баяндап, алдағы жоспарларымен бөліседі, – дейді қалалық мәслихат хатшысы.
Қоғамдық кеңес құрамында қалалық мәслихат өкілі Аққали Әубекеров, жол құрылыс саласынан Аветик Амирханян, ғылыми интеллигенцияның өкілі Роман Бисенғалиев, денсаулық сақтау саласынан Сәуле Бұлқашева, жергілікті полиция қызметінен Мүслім Жәрдемов, педагогикалық интеллигенция өкілі Аида Маратова, шағын бизнесті қолдау орталығынан Шолпан Махмұдова, ауылшаруашылық тауарөндірушілерінің өкілі Айгүл Молдашева, жергілікті атқарушы органның өкілдері Бақытжан Нарымбетов, Аслан Шахаров, құрылыс саласынан Бақытжан Нұрбаев, фармацевтикалық қызметтің өкілі Виталий Соколов, құрылыс саласынган Людмила Тенишева, экология қорғау және туризмді дамыту жөніндегі қоғамдық ұйым Виктор Фомин, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау жөніндегі қоғамдық қозғалыстың өкілі Рада Хайрушева, қалалық ардагерлер кеңесінен Валентина Шарина, Қазақстанның журналистер одағының өкілі Мира Шүйіншәлиева және тағы басқа да сала қызметкерлері бар.
Айта кету керек, үш жыл мерзім өткеннен кейін аталған кеңестің мүшелері ауыстырылады. Бұл ретте жемісті жұмыс істеген азаматтар қоғамдық кеңестің қатарына қайта қабылданады.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА