08.06.2015
Ұлттық рухты асқақтатқан акция

Кеше кешкісін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздері күніне орай С.Датұлы алаңында «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Менің елім – Қазақстан» атты патриоттық акциясы өтті.

   Әр адамның бойындағы патриоттық сезімін оятып, рухын серпіген акцияға қалалықтар көп жиналды. Алдымен көпшілік атаулы мерекеге орай Көк Туымызды әлемдік ареналарда биікке көтеріп, айбынымызды асқақтатып жүрген спортшыларымыздың қатысуымен «Көк тудың желбірегені, қазақтық асқақ беделі» ұранымен ұйымдастырылған эстафетаны экраннан тамашалады. Эстафетада батысқазақстандық белгілі спорт майталмандары Көк байрағымызды әуеде көтеріп, суда жүзіп, велошерумен жаяу жүргіншілерге табыстағаны жұртшылықтың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатты. Эстафетаны танымал спортшылармен бірге самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 дүркін Әлем чемпионы Ерболат Байбатыров аяқтап, Көк Туымызды әскери қызметшілерге табыстады.

   – Құрметті батысқазақстандықтар мен қала тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздігіміз алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұратын төрт белгі бар. Олардың  біріншісі – Көк байрағымыз, екіншісі – Елтаңба, үшіншісі – Әнұранымыз, төртіншісі – Қазақ тілі» деп айтқан болатын. Елім, Жерім, Отаным дейтін әрбір қазақстандықтың намысын қайрай отырып, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін нығайтатын бұл – Мемлекеттік рәміздеріміз.  Елбасының жүргізіп отырған саясатын қолдау нәтижесінде қазіргі таңда Қазақстан дамыған елдердің қатарында. Демократиялық өзіндік ұстанымы бар, алға қарай жылжуға барлық жағдайлары қамтамасыз етілген, мүмкіншіліктері бар, нақты жоспарлары бар мемлекет. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесі және қазақстандықтардың сол Елбасы саясатын қолдауының арқасында болып отыр. «Қазақстан  – 2050 даму стратегиясы», «Нұрлы жол» бағдарламаларында көрсетілген межелерге жету үшін, қадірменді жастар, сіздер  өз бойларыңызда мектепте, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында берген ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың білімдерін шыңдай отырып, алға қарай дамуды қамтамасыз етулеріңіз ләзім. Оған барлық жағдай жасалған. Мектепке дейінгі тәрбиеде, мектепте білім алуда, жоғары оқу орындарында қазақстандыққа әлемдік бәсекелестікке сай болатын жағдай қамтамасыз етіліп отыр. Ең басты байлығымыз елімізде Қоғамдық келісім бар. Көп ұлтты Қазақстан қазіргі таңда өзінің басшысының жанына топтасып, бір үйдің баласындай, әркім өзінің мәдениетін, дәстүрін, насихаттай отырып, алға қарай жылжып келеді. Бұл алдағы уақытта да жалғаса беруі керек. Әлемде көптеген ұлттар мен ұлыстар бар. Бірақ тәуелсіз мемлекет құру кейбірінің маңдайына бұйырмаған. Өзінің Туын тігерге алақандай жер таба алмай жүрген ұлттар мен ұлыстар қаншама! Өздерінің ішінен ауызбіршілік болмағаннан қайғы-қасіретке душар болып отырған ел қаншама! Осыларды ескере отырып, қадірменді ағайын, баршамыз бүгінгі атқарып жүрген жұмыстарымыз бен қызметтерімізге өзіміздің біліміміз бен біліктілігімізді аямай алға қарай жүргізе беруіміз қажет. Біздің Елбасымыз ресми сапармен басқа мемлекетке барғанда және біздің спортшылар әлемдік, республикалық, жалпы жарыстарда жүлделі орын алғанда Көк байрағымыз көтеріліп,   Әнұранымыз орындалады. Осы жағдай жиі болсын! Туымыз көктен түспесін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды, ғұмырлы болып, Қазақстан халқының аңсаған арманы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық мәңгі болсын, ағайын! Егемендігіміз, мәңгі, сәнді, барлық қазақстандықтардың аңсаған  армандары орындалып, аспанымыз ашық болғай. Мереке құтты болсын! – деді салтанатты шарада барша өңір тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Бұдан соң өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы халыққа қызмет көрсету кезінде азаматтық қасиеттерімен танылып, қаһармандығымен көзге түсіп, ерлік көрсеткен, дарынымен дараланған жастарды марапаттады. Олардың қатарында қалалық ішкі істер басқармасы жол патрульдік полициясы батальонының взвод командирі, ағымдағы жылдың бірінші мамыры күні түнде өз қызметі кезінде көпқабатты үйде орын алған өрт кезінде азаматтық танытып, адамдарды тілсіз жаудан құтқарған қаһарман, абыройлы тәртіп сақшысы  Мұхит Абулхайров, Қазақстан Республикасының бокстан спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирлердің жеңімпазы Назым  Ищанова, облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей интернатының 11 сынып оқушысы, халықаралық олимпиада жүлдегері, республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Бауыржан Сайнов,  білікті дәрігер Асхат Надырғалиев, қаладағы №1 орта мектептің 5-сынып оқушысы, өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде мұз жарылып суға кеткен сыныптасын құтқарып ерлік көрсеткен жас батыр Мейрамбек Әубәкіров, мамырдың 24-і күні Зеленов ауданы Достық ауылындағы  Шаған өзеніне батып бара жатқан қос қызды құтқарып қалған Достық орта мектебінің 7-сынып оқушысы Никита Тюкин бар.  Бұдан әрі салтанатты шара барысында облыстық мәслихат депутаты, «Еділ-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зинуллин, БҚМУ-дың 4-курс студенті, Н.Ә.Назарбаев атындағы шәкіртақы иегері  Гүлнәр Қойланова, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов, 5517 әскери бөлімінің батальон командирі, капитан Нұрлан Нұрпейіс  сөз алып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.  Акция соңы жергілікті өнерпаздардың орындауында ұлттық рухымызды асқақтатар «Астана», «Алға Қазақ елі!», «Қазақ елі осындай», «Қазақстаным» «Жайық көңілі» секілді патриоттық әндер шырқалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА