Қалалық мәслихат депутаты, «Ажар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры Шалқыма Құрманалина «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының бастамасымен, қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен қаланың әр округінде көп балалы аналармен кездесу кештерін өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұған дейін Желаев, Деркөл, Круглоозерное ауылдарында ұйымдастырылған кездесу дүйсенбіде Зачаганск кентінде жалғасын тапты.
Қазанның жиырмасы күні қаладағы №20 орта мектептің акт залында өткен «Көп балалы ана – ұлт байлығы» атты дәл осындай игі шараға кенттегі 62 ардақты ана шақырылды. Жиында Шалқыма Хайроллақызы шараның басты мақсаты көп балалы отбасылардың рөлін көтеру, ардақты аналарға лайықты құрмет көрсету және батыр аналардың бүгінгі хал жағдайын біліп, өзекті мәселелерін шешуга атсалысу екенін атап өтті. Өз кезегінде Зачаганск кенті әкімінің орынбасары Ақеділ Бекжанов аталмыш қоғамдық бірлестіктің ауыл аналарын назардан тыс қалдырмағанына ризашылығын білдірді. – Бүгінде кентте 102 көпбалалы отбасы болса, соның он екісі «Батыр ана», 37-сі «Алтын алқа», төртеуі «Күміс алқа» иегерлері, – деген ол кент әкімшілігі тарапынан көп балалы отбасыларын қолдау мақсатында түрлі шаралар өткізілетінін, ауылда балғындардың кемел келешегі үшін бар жағдай жасалып жатқанын алға тартты. Кездесу барысында қалалық ТҮКШЖКжАЖ бөлімінің тұрғын үй және жекешелендіру секторының бас маманы Қанат Өмірәлиев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Қырмызы Айтқалиева, кенттегі №6 емхананың дәрігерлері көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Әсіресе, көп балалы аналарды баспана, жер мәселесі алаңдатты. Кеш барысында педагогикалық колледж студенттері Ернар Әдиетовтың орындауындағы
«Мама», Аңсар Сағиев шырқаған «Анашым», Ақгүл Жасұланқызының «Перзент парызы» әндері тыңдарманның жүрек қылын тербеді. Кездесу соңында үлгілі ісімен елге өнеге болып, шаңырақтың берекесін кіргізіп, мәртебесін асырып жүрген отаналар марапатталды. Олардың қатарында «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері, селолық кеңестің әлденеше рет депутаты болған, әлеуметтік салада сан түрлі қызмет атқарған, отағасы Зиннат ақсақал екеуі алты ұл, бес қыз тәрбиелеген Жаңылсын Ғұбашева бар. – «Өмірдің бір қызығы бала деген…», – деп Абай айтпақшы, кезінде дәстүрлі қазақ отбасында кемінде оннан аса сәби дүние есігін ашатын. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік» деп Махамбет жырлағандай, қазақы дәстүрлі отбасында балажандылық басым болатын «Әр перзенттің өз несібесі бар. Қорадағы қой егіз тапса, даладағы жусанның басы айыр шығады», – деген Жаңылсын анамыз ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды. Сондай-ақ Сара Жұмағазиева, Дәмелі Жетпісова, Валентина Петровна, Дариға Нәсіпова, Қымбат Мырзағалиева, Гүлнәр Аққалиева, Жазира Тағыберлиева, Айжан Мизамова секілді «алтын асықтай» ұл-қыз тәрбиелеген алтын құрсақты, көп балалы аналар да сый-сияпаттан құр қалмады.