30.05.2013
Көңілді күн сыйлады

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» Жастар қанаты «Шаттыққа бөленсін балалар» акциясы аясында Орал гуманитарлық-техникалық колледжі жанындағы шағын орталықта «Көңілді күн» атты театрландырылған мерекелік кеш өткізді.

Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, жас бүлдіршіндерді отансүйгіштікке  баулу мақсатындағы шараның жоғарғы деңгейде өтуіне  «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының менеджері Жанар Асқарқызы мұрындық болды.

Кеш «Күлше қыз» ертегісінің желісі бойынша басталып, әсем әндермен, көңілді бимен өрнектелді. Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана жанындағы «Книга» қуыршақ театрының қойылымы мерекелік шараның көркін одан әрі қыздыра түсті. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген жас-тар балалардың уақытын көңілді өткізулеріне атсалысты. Театрлық қойылым мен мерекелік концерттік бағдарлама «Әрқашан күн сөнбесін» тақырыбындағы сурет байқауына жалғасты.

Балалардың бал-бұл жанған көңілді жүздерінен-ақ  бұл шараның жоғары деңгейде өткенін байқауға болады. Шара соңында барша бүлдіршіндерге «Жас Отан» Жастар қанатының арнайы сыйлықтары табыс етілді.

Ақсана ОРАҚОВА,

«Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының белсендісі