29.08.2013
Демеушіге мың алғыс!

Буыны қатып, бұғанасы бекімеген, тал шыбықтай таралып өсіп келе жатқан жас ұрпақты елім, жерім, халқым деп жүрегі соғатын ұлтжанды, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу – ата-ана, мектеп, ұстаздар қауымының алдындағы негізгі мақсат.

Мұқтаж жандарға қол ұшын созу – азаматтық парыз. Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді...» демекші, алты жыл қатарынан қаламызда жасалып келе жатқан игі шаралардың бірі – қайырымдылыққа толы «Мектепке жол» акциясы. Орал қалалық №44 орта жалпы білім беретін мектебінде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында  «Болашақты біз бірге жасаймыз!» атты үндеумен қайырымдылық шарасы өткізілді. Шараның мақсаты – аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мектепке даярлау, қолдау көрсету.

Былтырғы оқу жылы қарсаңында  «Жақсылық жасауға асығайық» атты үндеумен оздырылған  акция аясында тұрмысы төмен, көп балалы, аз қамтылған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 50 оқушыға 300 000 теңге көлемінде қысқы етік, жылы күрте, оқу құралдары табыс етілді. Ал ағымдағы оқу жылы қарсаңында 26 тамыз күні облыстық мәслихаттың депутаты Валерий Голоухов, қалалық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова және «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының хатшысы Тамара Бердіғалиеваның қатысуымен өткен қайырымдылық шараға №41, №44, №28 орта мектеп оқушылары қатысты. Мерекелік шарада сыйлықтарымен балаларды қуанышқа бөлеген депутаттар 10 оқушыға мектеп сөмкесі мен оқу құралдарын сыйға тартса, дәстүрлі шараға жыл сайын белсенділікпен қатысатын ата-аналар комитеттері 1-4 сыныптан 11 балаға 55000 теңге көлемінде, 5-11 сыныптан 12 оқушыға 60000 теңге көлемінде оқуға қажетті құралдардан демеушілік көрсетті.

Айтулы шараға үнемі қамқорлық жасап, қол ұшын беретін мектебіміздің 1-11 сынып ата-аналар комитеттеріне,  Темірғали Нұрмұхаев, Абай Мырзағалиев,Меңдігүл Тілемісова, Салтанат Исахан, Айнар Ескенеева секілді демеуші ата-аналарға алғысымыз шексіз. Мұқтаж балаларға қолын созған жаны жомарт, мейірімді жандарға ата-аналар атынан қамқоршы ана Дана Ізғалиева ризашылығын жеткізді.

Мерекелік шарада «Айкөркем» би ансамблі би шашуын арнап, әсем ән шырқалып, демеушілер мен оқушылар арасында түрлі тренингтер өткізілді. Бұл күні барлық жанның көңілдеріне жылулық сезімін ұялатқан әдемі бір кештің куәсі болдық.

Ақжарқын Темірханова,
№44 орта мектеп директоры