Кеше қалалық мәслихат депутаты Асқар Ликеровтың төрағалық етуімен Орал қалалық мәслихатының индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген көшпелі отырысы қаладағы «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС мекемелерінде өтті.
Комиссияның күн тәртібінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының күзгі-қысқы маусымға дайындығы сөз болды. Алдымен депутаттар «Жайықжылуқуат» АҚ мекемесіне аялдады. Мекеменің қысқы маусымға дайындық барысы жөнінде мекеменің бас директоры Айтқали Тлефтинов баяндады. Мекеме басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі күні қаладағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылыту жүйесіне қосылған. Жылыту мерзіміне дайындық барысында 265,07 млн.теңгені игеру жоспарланып отыр. Оның ішінде жылу электр стансаларына – 126,4 млн., жылу жүйелеріне – 135,651 млн., қазандық агрегаттарын жөндеуге – 2,9 млн. теңге қарастырылған көрінеді. Дәл осы кезеңге дейін күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың 88 пайызы игерілген. Сондай-ақ бюджет қаржысына жылыту магистральдарын қайта жаңғырту жүргізілуде екен. Қазандық шаруашылығын жөндеу бойынша Зашаған кентіндегі 25-Чапаевская дивизия көшесінен Деркөл ауылына дейінгі, ТК-2-ден бастап Новокирпичная көшесіне дейінгі, гараж жерасты жылу желілерінен №20 орта мектепке дейінгі, тағы басқа аумақтар жөндеуден өткен. Сол секілді 6 шағынауданда, Солтүстік-шығыс ауданда, Т.Масин, Жүнісов, Шевченко көшелерінде, Еуразия даңғылы бойында жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жиын барысында депутаттар қазіргі таңда қаладағы жаңадан салынған тұрғын үйлердегі жылу есептегіш құралдарының дұрыс орнатылмау жайын көтерді. – Мәселен, Зашаған кентінен салынып жатқан үйлерде әр тұрғынға жылу есептегіш құралы орнатылған, бірақ өзім де құрылысшы ретінде орнатылу барысына көңілім толмайды, қыс мезгілінде тұрғындарға қаншалықты тиімді болары белгісіз, – деген қалалық мәслихат депутаты Валентина Михноның күпті ойына мекеме басшысы бәрі ойластырылып, жаңа үлгіде жасалып жатқанын, биыл қазан айына дейін 100 есептегіш құрал орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қазір жылу бағасының едәуір өскені белгілі. Бірақ мұның жағымды жағы инвестициялық міндеттемелер бағдарламасына сай қазандықтарды, жылутрассаларын, ЖЭС құрылғыларын жөндеуге және жұмысшылар еңбекақысының 25 пайызға өсуіне мүмкіндік туғызған. Қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтап, өзекті мәселелерді саралаған комиссия мүшелері бұдан соң мекемені аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көрді.
Бұдан соң комиссия мүшелерінің көшпелі отырысы «БатысСуАрнасы» ЖШС-нда жалғасты.
Күні бүгінде «БатысСуАрнасы» теңгерімінде 354,5 шм кәріз желілері мен жалпы ұзындығы 384,9 шм түрлі диаметрлі су құбырының желілері бар. Солардың ішінде тозығы жеткен желілер мен қондырғылардың мөлшері 60 пайызды құрайды. Комиссия отырысында мекеменің жылыту маусымына әзірлігін депутаттар серіктестік басшысы Асылбек Сакказовтың аузынан естіп білді. Мәліметтерге сүйенсек, 2013-2014 жылдарға нысандарды жылыту маусымына дайындау шараларының жоспары сақадай-сай. С.Датов көшесінде орналасқан әкімшілік ғимарат пен өндірістік базадан басқа қаланың әр ауданында 80-ге тарта кәріз, су сорғы стансалары жұмыс істейді. Бүгінде 32 кәріздік сорғы стансасы мен 37 су құбыры сорғы стансаларында технологиялық қондырғылар мен сорғы агрегаттарын 59388,5 мың.теңгеге жөндеу жоспарлануда. Бұдан өзге «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекет қоржынынан жаңа шағынаудандарға су құбырларын жүргізу жұмыстары жасалуда екен. Мекеме мамандары қазіргі таңда көшелердегі артық су колонкаларын алып тастауға қызу кіріскен. Өйткені жеке секторлардың көбісі колонкаларға тоқтап, көлігін жуып, бау-бақшасын суаруды әдетке айналдырған. Бұдан мекеме көп шығынға бататын көрінеді. Яғни, жұртшылық «судың да сұрауы бар» екенін түсінсе дейді сала мамандары.
Есепті кезеңде жылу, су құбырлары мен сарқынды суды ағызатын жерасты құбырлар жүйесі мен электр желілерін жөндеу мен ауыстыру жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ қаланы негізгі жылу көздерімен қамтитын «Жайықжылуқуат» АҚ қысқа әзірлікке қатысты барлық іс-шараларды ойдағыдай атқаруда екен. «БатысСуАрнасы» ЖШС да жұртшылықтың қамын ерте қамдауда.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА