«Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі өмірдің қиын жағдайында қалған мүмкіндігі шектеулі балғындардың ортадан оқшауланбай, өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуіне үлес қосып келе жатыр. Сейсенбі күні осы бірлестікке қарасты мүгедек балаларға қала кәсіпкерлері қайырымдылық танытты. Шара барысында 35 балаға сыйлықтар таратылды.
«Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі осыдан жеті жыл бұрын мүгедек балалардың ата-аналарының қолдауымен құрылды. Бүгінде мұнда 35 бала тіркелген. Қамкөңіл балғындар мұнда уақытылы ем қабылдап ой-өрістерін кеңейтіп, өмірге бейімделеді. Бүгінгі шара барысында осы балаларға қайырымдылық көмек көрсетілді. «БҚО Азаматтық Альянсы» директорының міндетін атқарушы Гамал Түзелбаевтың айтуынша, ағымдағы оқу жылы «Бәйтеректің» он бүлдіршіні бірінші сынып табалдырығын аттады. Сондықтан балалардың қуанышын бөлісу мақсатында арнайы мереке ұйымдастырылып отыр. Балғындардың қуанышына ортақтасқан партияның облыстық филиалының орынбасары Аққали Әубекеров: – «Нұр Отан» партиясының алдына қойған мақсаттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың отбасыларына көмек көрсету. Осы орайда қоғамдық бірлестіктермен, мәслихат депутаттарымен бірлесіп, жыл сайын өтетін акциялар аясында қолдау көрсетуге да-йынбыз. Сіздерге мейірімді жүрегін ұсынған жандардың игі ісі Алладан қайтсын, – деді. Өз кезегінде қалалық мәслихат хатшысы Марс Сатыбалдиев қалалық мәслихат депутаттары мүгедек жандардың өміріне бейжай қарамайтынын, биылғы жылы аталмыш қоғамдық бірлестікті қолдау мақсатында депутаттардың ұсынысымен бюджеттен қомақты қаражат қарастырылғанын тілге тиек етті.
Мерекеге төрт жасар қызы Бибіажарды алып келген Гүлмейрам Қазиева үш баланың анасы. Кішкентайы Бибіажардың туылғаннан тіл кемістігі бар. Бүгінде №47 «Бәйтерек» балақшасына барады. Бибіажармен дефектологтар, логопедтер жұмыстануда. – «Бала – бауыр етің» деп бекер айтылмаған. Әр ана ақыл-есі кем болсын, дені сау болсын құрсағынан шыққан сәбиін далаға тастамайды. Өмірге ұрпақ әкелген соң оны қалай да жетілдіруің керек. Қызымды тәрбиелеп, өсіру үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Аталмыш қоғамдық бірлестікке алғысым шексіз. Түрлі қоғамдық шараларға қатыстырып, ай сайын массаждар беріп отырады, – дейді Гүлмейрам. Мүгедек балаларды бағып-қағып күту салмағы алдымен ата-анаға түсері анық. Оларға шама-шарқынша жәрдемдесу – «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты. Барлығымыз бірігіп олардың өміріне жарық сәуле сыйлай аламыз дейді мамандар. Ал аталмыш қоғамдық бірлестік жетекшісі Мерует Санкаева: – Мұндағы балалар қашан да басқа балалардан кемдігін сезінбесін, өмірдің қызығын көрсін деген мақсатпен осындай шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Бүгін, міне он баламыз бірінші сыныпқа қадам басты. Сол балалардың қуанышын бөлісіп, Қала күні, отбасы күні секілді айтулы мерекелерімен құттықтап, сый-тарту жасап жатырмыз, – дейді.
Жыл сайын мүгедектерді әлеуметтік қолдауға мемлекет қоржынынан қомақты қаражат қарастырылуда. Биыл қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысымен қоғамдық бірлестікке 2 млн. 400 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ тұрақты демеушілік ететін кәсіпкерлер де аз емес. Мереке барысында бірінші сынып бүлдіршіндеріне оқу құралдары табыс етілсе, өзге балаларға жеміс-жидек, азық-түлікке толы қоржындар табысталды.
Бетті дайындаған
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
Ардақтың суреттері