30.05.2013
“Балалардың тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздігі – бақылауда”

Орал қаласының білім беру бөлімі кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын арнайы іс- шаралар жоспарына сәйкес жүргізеді.

Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қала мектептерінде келесі бағыттарда жұмыстар жүргізіледі: құқықтық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, рухани-адамгершілік тәрбие, әлеуметтік ынтымақтастық.

Құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша өтетін шараларға қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдар ынтымақтастыққа шақырылады.

Барлық қала мектептерінде құқықтық тәртіпті сақтау және балалардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2008 жылдан бері жас полицейлердің жасақтары құрылған.

Жас полицей жасақтарының жұмысын жандандыру, қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу мақсатында қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен, қалалық ішкі істер бөлімінің қолдауымен дәстүрлі қалалық «Жас полиция» байқауы өткізіліп, байқау қорытындысы бойынша №44, 10, 43, 41, 1, 30 мектептер жүлделі орындарға ие болса, №14, 16, 20, 24, 25, 26, 42, Серебряков орта мектептері түрлі аталымдарға ие болды.

Бүгінде №44, 38, 42, 26, 39, Серебряков орта мектептерінің базаларында білім беру  бөлімінің жоспарына сәйкес «Жас ұрпақты  тәрбиелеу ісінде ата-аналар, педагогтар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдардың біріккен жұмысы», «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша отбасы, мектеп және мемлекеттік емес ұйымдардың серіктестігі» тақырыптарында қалалық семинар-тренингтер өткізілді. Барлық семинар-тренингтерде соғыс және еңбек ардагерлері, қалалық ата-аналар комитеті, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері шақырылды.

№38, 3, 17, 19, 26, 20 орта мектептерде балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында «Мастер-Дэнс» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Дагаровпен бірге «Мастер-Дэнс» клубының жұмысы ұйымдастырылған.  Жыл сайын «Зенит» мәдениет үйінде «Балалар нашаға қарсы» ұранымен өтетін «Мастер-Дэнс» клубының концертіне қала мектептерінің оқушылары белсене қатысады. №1, 6, 43 орта мектептердің оқушылары Х.Есенжанов атындағы кітапхана базасында наша шегудің алдын алу бойынша қоғамдық бірлестік төрағасы М.Дисоновтың ұйымдастыруымен өткізілген семинар-тренингтерге қатысып, қазіргі уақытта өз мектептері және қаланың мектептерінде волонтерлер қозғалысының жұмысын жандандыруда.

БҚО жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен қала мектептері арасында «Көңілді тапқырлар» клубы конкурсы өткізіліп, №44 мектеп командасы жеңімпаз болды.

Қала мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен «Ата-аналармен бірлескен жұмыста инновациялық технологияларды қолдану. Құқықбұзушылықтың алдын алудағы оқушылар ұйымдарының жұмысы» тақырыбында облыстық семинар-кеңес №44 мектеп базасында өткізіліп, қала мектептерінің іс-тәжірибесі облыс көлеміне таратылды. Қазіргі уақытта қала мектептері директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларының шығармашылық тобы Тасқала ауданында «Құқықбұзушылықтың алдын алудағы жұмыстың түрлері» атты тақырыпта семинар-тәжірибе тарату жұмысын ұйымдастыруда.

Сонымен қатар қала мектептері ішкі істер басқармасы өкілдерімен «Сабақ», «Жасөспірім», «Балалар тәуліктің түнгі мезгілінде» оперативтік- алдын алу іс-шаралар аясында бірқатар сауық құратын орындар мен компьютерлік клубтарға және қолайсыз отбасыларына барды.

 Орал қаласы әкімдігінің 2013 жылдың 11 сәуіріндегі  №756 «Орал қаласының білім беру ұйымдарына мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың есебін ұйымдастыру үшін аумақтарын бекіту туралы» қаулысымен әр мектепке шағын аудандар бекітіліп, оқумен қамтылмаған балаларды анықтау мақсатында, жылына екі рет «Қамқорлық» және «Мектепке жол» акциялары аясында үйлер мен аулаларды аралау  өткізіледі.

Ай сайын білім беру бөлімі мектептерден сабаққа себепсіз 10 және одан да артық күн қатыспаған балалар туралы мәліметтер жинайды.

Осы мәліметтерге сәйкес соңғы үш оқу жылының көрсеткіші төмендегідей болып отыр:

2010-2011 оқу жылында 8 оқушы,  2011-2012 о.ж 13 оқушы,   2012-2013о.ж. 9 оқушы.

Сабаққа келуден бас тартқан оқушылардың ата-аналарымен, оқушылармен жеке түсінік жұмыстары жүргізіліп, тіркеліп отырады, қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі                      бойынша комиссияға шақырылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 311-1 бабына сәйкес ата-аналарына әкімшілік шара беріледі.

Әр мектепте қоғамдық кеңестер, ата-аналар комитеті құрылған, олардың негізгі мақсаттары: қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау, оқушылардың құқықтық мәдениетінің деңгейін жетілдіру, мектепте заңдылық пен құқықтық тәртіп сақталуын жүйелі түрде бақылауды іске асыру.

Оқушыларды қоғамдық өмірге, спорт және шығармашылыққа бейімдеу жұмысын 9 мектептен тыс ұйым іске асырады. Күні бүгінде  8371 бала осы мектептен тыс ұйымдарда әртүрлі бағыттағы шығармашылықпен айналысуда. Мектептен тыс жұмыс орталығында  ақы төлемейтін түрлі бағытта жұмыс жасайтын 286 үйірме бар, олардың қатарында «тәуекел тобындағы» балалар қатысатын қала мектептері базаларындағы спорттық үйірмелері де өз жұмыстарын белсенді жүргізуде.

2006-2014 жылдарға арналған нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес стратегиясының талаптарына сәйкес, облыстық 2008-2010 жылдарға арналған нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес бағдарламасын іске асыру үшін, Қазақстан Республикасы білім ұйымдарындағы ҚР үздіксіз білім берудегі тәрбие тұжырымдамасы бойынша Орал қаласының білім беру бөлімі кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша шаралар жоспарын жасақтады. Қала мектептері аталған жоспарға сәйкес ай сайын білім бөліміне мәліметтер тапсырады.

Білім беру бөлімінің 8.05.2013ж. №295 бұйрығы негізінде бала еңбегінің ең нашар түріне жол бермеу және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу акциясы 15 мамыр мен 15 маусым аралығында бекітілген жоспарға сәйкес өткізілуде. Дене шынықтыру апталығы өткізіліп, оның барысында 5-7-сынып оқушылары арасында дойбыдан жарыс, 5-9-сынып оқушылары арасында «Намыс дода» ойыны, 9-11-сынып оқушылары мен мектептің түлектері арасында баскетболдан жолдастық кездесулер, дене шынықтырудан ашық сабақтар өткізілді. Оқу жылы бойы 9-11-сыныптарда бұқаралық ақпарат құралдарындағы құқықтық және рухани-адамгершілік тақырыптардағы мақалалар оқылып, талқылану жұмысын директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары жүргізуде. Сонымен қатар барлық мектептерде жоспарға сәйкес сынып сағаттарына құқыққорғау органдары өкілдері, түрлі бағытта жұмыс жасайтын дәрігерлер шақырылып, кеңестер беріп, әңгімелесулер өткізуде. Ата-аналармен бірігіп жасалатын жұмысқа, балаларды қоғамдық өмірге тарту үшін, қалалық  білім беру бөлімі дәстүрлі түрде «Алтын ұя», «Мама, папа и я» спорттық сайыстарын өткізеді.

Үшінші жыл жазғы демалыс уақытында «Қайсар» әскери-патриоттық  лагері жұмыс жасап, онда «тәуекел тобына» енген, мектепішілік бақылауда, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша бөлімде есепте тұрған оқушылар жазғы демалысын өткізуде. «Қайсар» лагерінің  басты мақсаты – балалардың  бойындағы патриоттық сезімді ояту, өзіндік сана-сезімді өсіру болып табылды. Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерінің басшылығымен балаларды тәртіп сақтауға баулу, төзімді болу, өмірдің қиыншылықтарына қарсы тұру арқылы жағымсыз ағымдардың ықпалынан көңілдерін аудару міндеті іске асырылуда.  Жобаның қорытынды мақсаты –  қаланың барлық білім беру ұйымдарында патриотизм, өз отбасы, мектебі, Отаны үшін жасампаз еңбектену идеясына берілген балалар, соның ішінде жасөспірімдер қатарын көбейтуге бағытталған бірлестік құрып, балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысын жандандыру.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, бұл мәселе үнемі көкейкесті болады деп есептей отырып,  құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысын жақсарту бала өміріне қатысты үкіметтік органдардың бірігіп жүргізген жұмысына байланысты екенін айта кеткіміз келеді.   Соның ішінде, білім беру бөлімі бірнеше жылдан бері ведомстводан тыс күзетті ұйымдастыру мәселесін көтеруде. Аталған күзетті енгізу есебі бойынша 1 мектепке 1643,0 тг. қаржы қажет.  

Бала тәрбиесі  – отбасы, мектеп, қоғамның ынтымақтастығымен ғана оңды нәтиже береді. Сондықтан қалалық білім беру бөлімі кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың жайын үнемі бақылауда ұстап, құқықтық насихаттау жұмысын белсендіруде.