31.01.2013
Дене қызуы көтерілсе…

Балаларда дене қызуының көтерілуі көптеген аурулардың белгісі болуы мүмкін. Көп жағдайда олар қауіпті емес және тез емделеді. Әйтсе де, дәрігердің көмегіне жүгінетін кездер де болады.

Балаларда дене қызуының көтерілуі көптеген аурулардың белгісі болуы мүмкін. Көп жағдайда олар қауіпті емес және тез емделеді. Әйтсе де, дәрігердің көмегіне жүгінетін кездер де болады.

Дене қызуының көтерілуі жеке-дара ауру болып есептелмейді. Бұл – ағзаның өз жағдайы жөніндегі дабылы, яғни бала ағзасының бактериялық және вирустық кеселдерге қарсы күресі. Егер екі айға дейінгі сәбидің қызуы 38 градустан жоғарылап, дем алысы ауыр әрі жиі болса, жарыққа қарай алмаса және басын төмен еңкейткенде ауырсынса, дереу «Жедел жәрдем» шақыру қажет. Кейде дене қызуының көтерілуі кез келген жұқпалы аурулардың бар екенінен хабар береді. Адам ағзасы мұндай кезде өзін-өзі қорғап, ауру қоздырғыштарына қарсы заттар түзеді.

Сондай-ақ дене қызуының 39 градустан жоғары көтерілуі де қауіпті. Мұндай жағдайда кей балаларда бұлшық еттерінің құрысып-тырысуы (судороги) сияқты асқынулар пайда болады. Дененің фебрильді құрысуы алты ай мен үш жас аралығындағы сәбилерде жиірек кездеседі. Үш жастан асқанда құрысу сирейді. Ал өте жоғары дене қызуы екі айға дейінгі нәрестелер мен құрыспасы бар, нерв жүйесі зақымданған балалар үшін қауіпті. Қызу басатын дәріні сәби мазасызданған жағдайда ғана берген дұрыс. Мұндайда аспирин, анальгин сияқты дәрілерді қолдануға болмайды. Аспирин Рея синдромы, бауыр, мидың зақымдануы сияқты асқынуларға алып келеді. Оның орнына кейінгі кезде қолданылатын парацетамол мен оның басқа да түрлерін пайдалануға болады. Кей жағдайда қызуды түсіру үшін баланың денесін ашық ұстау да жеткілікті. Көбірек су ішкізіп, таңқурай тосабы қосылған шай берудің де пайдасы зор. Дәрі-дәрмектер беру, денесін арақпен немесе сірке суымен ысқылау тәсілдері арқылы да баланың қызуын түсіруге болады. Терлету арқылы қызуын түсіргенде, оған сұйықтықты көп беру керек. Үй жағдайында денеге мұз қолдануға, ылғалды жабындыларға орауға, салқын клизмалар жасауға болмайды. Бала терлеген кезде киімін жиі-жиі ауыстырып отыру керек. Егер мұндай тәсілдер сәл де болса көмектеспесе, тез арада дәрігер шақырту қажет.

Зада МҰХАМБЕТҚАЛИЕВА,

облыстық көп бейінді балалар  ауруханасының медбикесі