19.09.2013
Әділет кеѕес береді

Сейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық Әділет департаменті мамандары сан түрлі мәселелер төңірегінде құқықтық кеңестер берді. Қабылдауға облыстық Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Х.Куставлетов, БҚО сот актілерін орындау департаментінің бастығы К.Аралбекова және сала мамандары қатысты.

    Бұл күні қабылдауға келген барлық тұрғындарға, заңды тұлғаларға арнайы құқықтық көмектер, сонымен бірге қолданыстағы заңнамалар аясында кеңестер берілді.

Зашаған кенті тұрғыны Райгүл Қаратаева  жолдасының өзге дін жолына түсіп, шаңырағын шайқалтқанын, бүгінде шиеттей үш баламен пәтер жалдап, қиындық көріп жүргенін айтты. Өз меншігіндегі «Газель» автокөлігінің отбасына тиесілі бөлігін беруден, тіптен үш баласына алимент төлеуден қашқақтаған жауапсыз әкенің қазіргі таңда қайда жүргені белгісіз. Талай мәрте сотқа жүгінгенімен, «Алла жолында жүрмін, алдамаймын» деген қосағының сөзіне алданған ол сан соғып қалғанын кейін біліп,  партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келуге мәжбүр болыпты. Осы орайда Райгүлдің уәжін мұқият тыңдаған мамандар істі кері қарауға уәде етті. Бұдан соң Комсомольская көшесі 119-үй тұрғыны Әлия Жүніс көршілерімен бөліске салған жерінің актісін алу жөнінде кеңес сұрай келді. Екі көршіге тиесілі жер актісін жасауды жауапкершілігіне алған «Топография» ЖШС басшысы Рустам Ғайсин еңбегіне 35 000 теңге талап етіп отырған көрінеді. «Зейнеткер ретінде маған қандай да болмасын жеңілдік қарастырылмай ма, жер актісін жасаудың осынша қымбат тұратыны шындыққа жанаса ма?» дей келген ананың өтініші бойынша мамандар тарапынан нақты кеңестер берілді. Ал қала тұрғыны Нұржамал Ихсанова  қаладағы №6 орта мектепке өткен жылы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен еден жуушы болып тұрақты жұмысқа жіберілген. Бірақ, ағымдағы жылдың тамыз айында кезекті еңбек демалысына шыққан Нұржамал кері келгенде, жұмыстан мүлдем шығарылғанын естіп, аң-таң қалғанын айтады. Мектеп директорының өзін себепсіз жұмыстан шығарғанын айтқан азаматша енді қандай әрекет жасауға болатынын сұрады. Бір қызығы, арызданушының қолында ешқандай еңбекшарты, еңбек демалысына жіберілгені жөнінде құжаттары жоқ. Істің мән-жайын байыптаған заңгерлер дереу қалалық сотқа жүгінуін өтінді. Зашағанда тұратын Самиға Исмағұлованы жұмыспен қамту орталығы белгіленген уақытта қалада болмауы себепті жұмыссыздар тізімінен шығарған. Бұл шешіммен келіспеген ол заңгерден кеңес алды. Сондай-ақ қабылдауға Зеленов ауданынан келген Владимир Рыбкин,  Серебряков тұрғыны Григорий Кирилин ақсақалдарға құқықтық түсінік берілді.  Бұл күні қабылдауға қатысқан тұрғындар әділетті заң шеңберінде көкейдегі жекелеген мәселелерін тарқатып, тұшымды жауаптар алды.

Кәусар ДҮЙСЕКЕШҚЫЗЫ