03.03.2016
Партия қатары толықты

«Нұр Отан» партиясының 17 жылдығы қарсаңында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен бірқатар азаматтарды салтанатты түрде партия қатарына қабылдады.

Партияның облыстық филиалы ғимаратында өткен шарада Серік Кенжебекұлы осы кезге дейін атқарылған нақты жұмыстарға тоқталып: – «Нұр Отан» партиясы мемлекет пен оның азаматтарының мүддесі, Қазақстан халқының бірлігін нығайту үшін қызмет ететінін дәлелдеді. Партияның жаңа саяси Доктринасында көзделген міндеттер де осыған бағытталып отыр, – дей келіп, бірқатар жандарға жаңа партия билеттерін табыстады. Бұл күннен бастап «Қазақтелеком», «ҚазТрансГазАймақ», «Уральскагрореммаш», «Даму» бастауыш партия ұйымдарының қатары жаңа мүшелермен толықты.

Бүгінгі таңда партияның БҚО филиалында 33084 партия мүшесі бар болса, олар 267 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Соның ішінде партияның Орал қалалық филиалына қарасты 61 бастауыш партия ұйымында 9208 партия мүшесі бар.

Кәусар ДҮЙСЕКЕШҚЫЗЫ 

Қасымбек БОЛАТҰЛЫ, жас кәсіпкер:

    – Еліміздегі алдыңғы қатардағы партияның мүшесі болып қабылданғаныма қуаныштымын. Бүгінде мемлекет тарапынан мен секілді жас кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы екінші деңгейлі банктен несие алып, Қаратөбе ауданының Саралжын ауылынан өз ісімді бастадым. Жыл соңында мемлекеттік субсидия 7 пайыздан 10 пайызға жоғарылады. Яғни, кәсімнің нәтижелі болуына септігі тиді. Алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, еліміздің өркендеуіне үлесімді қоссам деймін.