03.10.2016
Коммуналдық мекемелер қысқа дайын

Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қысқы маусымға дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатында туындаған мәселелерді талқылап, шұғыл шешім қабылдайтын арнайы штаб құрған. Осы орайда үш мәрте ПИК төрағаларымен кеңейтілген отырыстар өткізілген. Бұл жөнінде кеше қалалық мәслихаттың 7-ші кезекті сессиясында депутаттарға қалалық ТҮКШЖКжАЖ бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев мәлімдеді.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл өткен жылыту маусымында біршама қиындықтар туғызған үйлердің мәселелерін шешуге көп көңіл бөлінуде, «Тұрғын үй қатынастары орталығы» КММ қызметкерлері пәтер иелері кооперативі жоқ 100-ге жуық үйлердің тұрғындарына жиналыс өткізіп, үй төрағасын сайлау, қысқы жылыту маусымына дайындалу қажеттіліктері туралы түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізуде. Аталған үйлер тізімі жыл сайын жаңартылып тұрады.     Қазіргі таңдағы жағдайға тоқталсақ, «Жайықжылуқуат» АҚ-ында  жөндеу жұмыстарының орындалуы – 100 %. Орал қаласы тұтынушыларын 2016-2017 жылғы жылыту кезеңінде жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорында ЖЭО құрылғылары, қазандықтар мен жылу желілерінің жалпы құны 295,68  млн.теңге болатын жөндеу жұмыстары жоспары жасалып, бекітілген.  

Жылу желілерінің апатты учаскелерін анықтау мақсатында гидравликалық сынақтар жүргізілген, сынақ нәтижесінде 83 жарылу орын алса, оның 7-еуі магистральді желіде және 76 жарылу кварталішілік желілерде. Қазандық шаруашылығы бойынша – 14,021 млн.теңгеге 0,733 шақырым жылу желілері толық жөнделген. Республикалық бюджеттен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 96 тұрғын үй мен 7 әлеуметтік нысанның 31 мың абоненттерін қамтитын жалпы ұзындығы 1,2 шақырым болатын жылу желілерін  жалпы құны 375,397 млн. теңгеге жөндеу жүргізілген. «БатҚазЭЖТК» АҚ та жылыту маусымына толық дайын. Атап айтқанда, 115 шақырым кабельді желіні және 6,4 шақырым әуе желісіне күрделі жөндеу жүргізілсе, 2,5 шақырым кабельді желі мен 7 шақырым әуе желілері қайта құрылған. 12 трансформатор стансалары қалпына келтірілген. Ал «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-тың қысқа дайындығы –  76,5 %. Мекеме бойынша газ реттеуші қондырғыларға күрделі жөндеу жасалып, түрлі қысымды газ құбырларының 2,5 шақырымы сырланған. Өз кезегінде  сөз алған қалалық мәслихат депутаты Амангелді Ермекқалиев  қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктерінің маңы үнемі шашылып жататынын, арамшөптердің көптігін, қоқыстардың уақытылы тазартылмайтынын айтып, нақты шара қолдануды сұрады. Қала тазалығына жауапты мекеме «ОралТазаСервис» ЖШС екенін алға тартқан бөлім басшысы бұл мәселені биыл жаңбырдың көп жаууымен байланыстырды. – Сол себепті аталған мекеме жұмысшылары тазалық жұмыстарына үлгермей жатады. Бір себептен, тұрғындардың өздері де кінәлі. Күнделікті қоқыс қалдықтарына қоса, ескі-құсқы заттарын да қоқыс жәшігінің маңына тастай салады, – деген Қайрат Қуанышқалиұлы депутаттарды халықпен түсінік жұмыстарын бірге жүргізуге шақырды. Сала мамандары алдағы уақытта қосымша 2000 қоқыс жәшігі сатып алынатынын, сондай-ақ қоқыс алаңқайлары абаттандырылатынын жеткізді.  

Бұдан соң сессияның күн тәртібіне сай   қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева 2016 жылға арналған қалалық бюджетті нақтылауды ұсынды. Бюджеттің кіріс бөлігі – 569 850 мың теңге, жалпы сомасына,  соның ішінде, облыстық бюджет есебінен –   8 184 мың теңгеге, салық түсімдер есебінен – 561 666 мың теңгеге көбеймек.

Сондай-ақ жиында «Орал  қаласы   әкімдігінің мүшелері мен дербес құрамы туралы» шешіміне өзгерістер  енгізілді. Сессия барысында қаралған мәселелерді депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс берді.

 Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып депутат  Дархан Кадралиев сайланды.

Кәусар ДҮЙСЕКЕШҚЫЗЫ