30.05.2013
«Шаңырақтағы» жәрмеңке

Таяуда «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» ұйымдастырылды.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған жәрмеңке «Шаңырақта» алғаш рет өткізіліп отыр. Жұмыспен қамту және еңбек рыногын сараптау бөлімінің меңгерушісі Б.Сүлейменовтың айтуынша, жәрмеңке барысында жасөспірімдер үйінің жиырма шақты тұрғыны жұмыс сұрап келген. – Оларды өз мүмкіншіліктеріне қарай арнайы оқуға жіберуді және тұрақты жұмысқа тартуды көздедік. Бізде 33 мамандық бойынша тегін оқытылатын арнайы курстар және 1500-дей бос жұмыс орындары бар. Мұндағы жастардың арасынан дәрігер, медбике, темір ұстасы, жүргізуші сияқты қажетті мамандықтарға білімі сәйкес келетіндер болмады. Соған қарамастан олар оқуға ниет білдіріп, әлеуметтік жұмыс орындары жөнінде мәлімет алды, – деді Бейбіт Хамитұлы.

«Шаңырақта» балалар үйінің тәрбиеленушілері негізінен 18-23 жас аралығында тұрақтайды. Жасөспірімдер үйінің директоры Ө.Қалымбетов мұнда бүгінде 112 тәрбиеленуші тұратынын айтты. Олардың ішінде 27-сі отбасылы, 12-сі жалғызбасты ана, 21-і студент, қалғандары жұмыс жасайтын жастар. – Тұрғындар қоғамдағы әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататындықтан, олар коммуналдық қызметтерге және пәтерақыға ақша төлемейді. Тегін баспанамен қамтып отырған мемлекет тарапынан барлығы қарастырылған. Баспана мәселесі шешілмегендіктен, бізде 23 жастан асып кеткен 57 адам мекендейді. Оған қоса, мұндағы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 58 бүлдіршін де – біздің тұрғындарымыз. Оларды кезексіз балабақшаға алу мәселесінде кедергі болған емес, – деген Өмірбай Рыспайұлы балалар үйі тәрбиеленушілеріне орта немесе кәсіптік оқу орындарын тәмамдағаннан кейін жұмыс табу қиынға соғатынын мәлімдеді. Дегенмен, олардың арасында басқа мамандықтар бойынша қызмет жасайтындары бар екен. Ал жұмыс бабымен еліміздің өзге қалаларында, Ресейде жүргендердің «Шаңырақтағы» бөлмелері әрдайым сақталады. Жаз мезгілінде уақытша еңбектеніп, күнкөріс қамын жасайтын «шаңырақтықтарға» қыс айларында жұмыс табу қиындық тудыратыны жасырын емес.

Жәрмеңке барысында арнайы мамандар жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың жұмысқа орналасуына барынша ықпал етті. Кейіннен белгілі болғанындай, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің үш тұрғыны мемлекеттік тілде іс жүргізу және ұялы телефондарды жөндеу шебері мамандықтары бойынша оқуға жіберілсе, біреуі әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА