14.05.2014
Халықтың мұңына құлақ түрді

Кеше «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде №11округтен сайланған қалалық мәслихат депутаты Мұрат Жәкібаев тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ түрді.

Қабылдауға келген қала тұрғыны Манара Туенбекова мүмкіндігі шектеулі жандарға сурдо-аудармашы екенін, көру және есту қабілеті нашар жандарға қол ұшын созып жүргенін айтып, осы санаттағы азаматша Саягүл Остерге баспанадан көмек беруін өтінді. Ал Гринько, 10-үй тұрғыны Шайзада Арыстанова анасы Құбайда Бекенованың тыл ардагері екенін, әйтсе де әлі күнге пәтер жалдап жүргенін алға тартты. Бүгінде Бөрлі ауданынан қоныс аударған әжей қалалық тіркелімі болмайынша, тұрғын үй тізіміне кезекке алынбайтын көрінеді. Осы орайда депутат әлеуметтік бейімдеу орталығына  уақытша тіркелімге тұруға болатыны жөнінде кеңес берді және халыққа қызмет көрсету орталығымен байланысқа шығып, қарияның ауданға бармай-ақ бұрынғы тіркелген жерінен автоматты түрде есептен шығарылатынын жеткізді. Ғалима Чульпанова ұлы Данияр Шолақовқа жұмыс сұрай келді. Осы кезге дейін әр жерде дәнекерлеуші, күзетші  болып жұмыс жасаған азамат жалақысы мардымды жұмыс іздейді. Алайда, Данияр  Мұрат Орынбайұлының Зеленов ауданынан ұсынған жұмысын қош көрмеді. Ресейден 2006 жылы қоныс аударған оралман Фарида Ахмедиярованы да мазалаған мәселе – қолжетімді баспана.  Бүгінде медбике болып жұмыс істейтін қызына мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй әпергісі келетін тұрғынның өтініші негізінде нақты кеңес берілді. Қабылдаудың соңын ала келген ІІ топ мүгедегі Айсұлу Жүсіпқалиеваны туған келіні тақырға отырғызған. Жалғыз баласының жары өз атына келісімшарт жасағаннан кейін, ажырасып алаяқтық жолмен бас-пананы жеке меншігіне  рәсімдеп үлгерген. Қазіргі таңда сотқа қанша шағымданса да жеңіліс тапқан ана амалсыз депутатқа шағымданды. Халық қалаулысы бұл азаматшаны «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындағы облыстық прокурордың қоғамдық қабылдауына жазып, құқықтық кеңестер берді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА