30.05.2013
Соңғы қоңырау сыңғыры, қағылған өмірдің күмбіріндей мектеп бітіруші түлектерге ерекше әсер қалдырды.

Қаладағы барлық білім ұяларында соғылған соңғы қоңырау, үлкен өмірдің табалдырығын аттаған түлектер үшін оңай болмады. Күні кешегі кішкентай балақандар, енді мектеп партасымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағуға қамданып тұрды. Әрқайсысының жанарында – жас, көңілдерінде – қимастық сезім.

Бұл күні талапкерлер өздерінің 11 жыл тәлім терген тарыдай шәкірттен, таудай азамат пен азаматша болғандарын сезінгендей. Қаладағы А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектепте өткен соңғы қоңырау сәтінде 41 түлектің жанарынан осы көріністі анық аңғардық.

Салтанатты жиынға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы Батырғали Мұсағалиев, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың тарих кафедрасының оқытушысы Альфия Байболсынова, қалалық білім беру бөлімінің тәрбие ісі әдіскері Сындар Дауешова, ҚАЗИИТУ ғылыми-ақпараттық орталығының аудит бөлімі бастығының орынбасары Абай Мұхитов қатысты.

    Шара шымылдығы   Мемлекеттік Әнұранмен түрілді. Ту көтеру құрметі ІХ  аймақтық «Жас дарын» жастар шығармашылық байқауының ІІ орын иегері Айзада Барадосова мен оқу мен білімді ұштастырған, қалалық және облыстық «Ғылыми жоба» байқауының ІІ орын иегері, мектептің «Тұлпар» жас полиция тобының қоғамдық тәртіп қадағалаушысы Нұрсұлтан Бисенқұловқа берілді. Жиынды ашқан мектеп директоры Сансызбай  Кенжеков шәкірттеріне сәтті сапар тілеп, оқудағы үздік үлгерімімен  ұстаздардың мерейіне бөленіп жүрген озат оқушыларға «Мақтау қағазын»  және мектеп бітіруші 13 түлекке «Ең дарынды түлек – 2013», «Ең талантты түлек – 2013», «Ең талапкер түлек – 2013», «Ең өнерлі түлек – 2013», «Ең ізденімпаз түлек – 2013», «Ең шымыр түлек – 2013», «Ең жаңашыл түлек  – 2013» аталымдарын табыс етті. Қимастық пен қуаныш, арман мен аңсау қатар араласып, жүректері лүпіл қаққан түлектер мен «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысушылардың шәкірттік сезімдерін қалалық, облыстық «Балдәурен», «Балауса» байқауларының, «Дельфий» ойындарының  жеңімпазы «Ай-Наз» бишілер тобы «Домбыра» биімен өрнектеді. Бұдан соң мектеп бітіргелі отырған аға-апаларына жыр жолдарын ала келген 1-сынып бүлдіршіндеріне құттықтау сөз берілді. Ал бүлдіршіндердің тілектеріне мектеп бітірушілер атынан Динара Молдабай  ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын тарту етті. Шара барысында білім мен өнерді бір арнаға тоғыстырып, қалалық, облыстық, республикалық «Жарқын болашақ» байқауында жеңімпаз атанған Индира Мерекеева  «Ай-Наз» бишілер тобымен «Мектебім» әнін шырқап, «Мектеп вальсі» ырғағына қоштасу вальсі орындалды.  Сезімді тербеген би ырғағынан соң  ақ көгершіндер түлектердің асқақ армандарын көкке алып ұшты.

Көпшілікті толқытқан күміс қоңыраудың соңғы үнін жас түлектер Әділет Әсетов пен Гүлзабар Досмурзиева, Қарақат Сұлтанияр мен Әли Ернар және Айнара Абзалова, Айым Рахат, Тоқтар Оңғарбай, Айдос Досымов секілді 1-сынып бүлдіршіндері соқты.  Ал мектеп түлегі, «ІХ-аймақтық Жас дарын» байқауының І орын иегері, қалалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының І орын иегері Жансая Бақтығалиева мен  10-сынып оқушысы «Ғылыми жобалар» жеңімпазы, қалалық, облыстық шығармалар сайыстарының жеңімпазы Нұртілек Амангелдинге киелі қоңырау табыс етілді.

Шынзада МУСИНА,

мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары